Жұма, 17 Сәуір 2026
Абай мұрасы 155 0 пікір 17 Сәуір, 2026 сағат 13:11

Абайдың бас шырақшылары: Елі сүйінген екеу

Суреттер: abai.kz, qazaqadebieti.kz, iaer.kz сайттарынан алынды.

Хакім Абай жайында қалам тербегенде  ұлы ақын мұрасының бас шырақшылары: Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханов пен Төкен (Төлеужар) Ибрагимовтың есімдері ойда тұрады.

Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым ағаны  ғұлама Мұхтар Әуезов негізін қалаған Абайтану ілімінің асқан білгірі ретінде мақтан етеміз. Ал, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері», «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде 34 жыл еңбек етіп,  оның өсіп, өркендеуіне  басшы ретінде зор үлес қосқан Төкен ағаның асыл мұраға деген адалдығы  мен терең  парасаты әрқашан құрметке лайық.  Елі сүйінген қос қайраткерге қатысты жәйттің бәрі олардың тұлғасын асқақтата түседі.

1. Бас

Абай елінің орталығы – Семейге ширек ғасырдан соң, қайтып оралған алғашқы күндері-ақ оны іздегенмін.

Ұстазды...

Қайым ағаны.

Көзкөргендер «елге келулеріңмен» деп құттықтап, тілекке тілек қосады, жігерге қанат байлайды. Рас, атамекенге не жетсін, бірақ Алаш азаматы үшін қазақтың барлық жері бірдей қымбат. Ұлы Абайдың сонау он тоғызыншы ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде-ақ,  «Адамзаттың бәрін сүй бауырым», бірақ «Біріңді, қазақ, бірің дос / Көрмесең – істің бәрі бос» деген өсиет қалдырғаны мәлім.

Сондықтан «бүкіл ұлы даланы жерім» деп білетін, ал Семейіме келгенде, ең алдымен, Абай рухын  іздеген мен үшін ұлы ақынның, оның немере інісі, кемеңгер Шәкәрім мен данышпан Мұхтар Әуезовтің ескерткіштеріне тағзым жасағаннан кейін, Абайтанудың алыбы – Қайым Мұхамедхановқа  «жолығып, батасын алу» парызым еді.

Қайым ағаға жиырма жасымда марқұм досым Асқар Қайыртайұлы екеуіміздің арнайы сәлемдесіп, ақыл-кеңес сұрай барғанымыз күні бүгінгідей есімде. Ол – 1980 жылдың ақпан айы еді. Ұстазға біз лекциясын аяқтағанын күтіп тұрып, аудиториядан шықпай жатып жолыққанбыз. Жарыса амандасып, өз жөнімізді айтқан соң, ол үстеліне қайта жайғасты.

Жолынан бөгегенімізге қабақ шытпаған қалпы әңгімеге ықылас танытты. Қайым Мұхамедханұлына өзімнің ҚазМу-дің журналистика факультетінің соңғы курсында оқитынымды, диплом жұмысымның тақырыбы – «Мұхтар Әуезовтің ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистикасы» екенін тезбе-тез айтып шығып, негізгі өтінішімді білдірдім:

- Аға, ұлы Мұхтардың «сарқытын ішкен» шәкірттерінің бірі ретінде диплом жұмысыма қажетті материалдарды қайдан іздеуіме ақыл қоссаңыз екен?

Әдебиетші ғалымға көркем тілмен жеткізгім келген «сыйқым» ғой, «сарқытын ішкен» сөздеріне екпін бере айттым. Ұстаз аузымды ашқаннан-ақ жымия бастаған. Бірден жауап қатпай, бөгеле берді. Мен болсам, «бүлдірдім-ау, шаруам енді бітпейтін болды» деген өкініште отырмын. «Әлде сарқытын текке ішкіздім бе, қанша ұлы болса да, оның «қалдығын  қаужағанның несі жақсы» деп іштей қипақтай бастадым.

Бірақ, зиялы азаматтың жымиысында кекесін де, зіл де жоқ еді. Сырттай қатал көрінетін, тіпті «Абай мен Әуезовтің асыл мұраларына ешкімді де жолатпайды» деп еститін ғалым аға жомарттық көрсетті. Сөйтіп, ұстаздың айтуымен, Әуезовтің сол тұстағы жиырма томдық таңдамалысын, сосын соғыс жылдарындағы республикалық, сондай-ақ, жергілікті «Екпінді» (қазіргі «Семей таңы») және Жаңасемей аудандық «Ертіс оттары» газеттерін қарайтын болдым. Зор үмітпен барғанда, еңсең басылып, бетің қайтпағанға не жетсін! Екеуміз де разы едік.

М. Әуезовтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы публицистикалық мақалаларын  майдан және тыл тақырыптарына жіктей отырып, оларды «Қаһарлы сөз қамал бұзар...» (майдан тақырыбы) және «Бәрі де майдан үшін...» (тыл тақырыбы) деген айдарлармен «үкілегенім» жадымда. Университетте үздік қорғаған диплом жұмысы кейін кандидаттық диссертацияның тақырыбы ретінде бекітіліп, қазақ білімінің қара шаңырағына ассистенттік жұмысқа конкурс арқылы өттім... бұл енді өз алдына жеке әңгіме.

Сөз басына қайта оралсақ, Қайым ағаның қамқорлығын өзім алғаш осылай сезінген едім. Бір ауыз жылы лебізі мен бағыт-бағдары жастық «жалынын» лаулатқандай» болды. Енді, міне туған Семейіме қайта оралғанда   Хакім Абайдың асыл мұрасы білгірінің рухына тағзым жасау інілік борыш екені түсінікті.

Аса көрнекті Абайтанушы ғалымның зиратын оңай тапқаныммен, ескерткішіне жалғыз келгендіктен болар, бірден «жолыға» алмадым. Нақтысы, айтқан жерге дұрыс келсем де, ескерткіштің өзін көре алмай дал болдым. Бастапқыда Достық үйі жағынан жеткен бетте ескі ғимараттың іргесінен бұрыла бере Абай кітапханасының алдынан бір-ақ шығыппын. Кері бұрылғанда аңғардым, бірден байқамауым заңды екен.

Сөйтсем... мен ұстазды жерден, кәдімгі пенделердің арасынан іздеп жүріппін. Мұхамедхановтың сом тұлғасын, тегінде үйреншікті ескерткіш ауқымына сыйғызу екіталай болса керек. Оның үстіне, ескерткіш атаулының сом тұғыры болушы еді.  Мұның, бірақ көпшіліктің көзі үйренген сандықтас тұғыры да жоқ екен. Көз алдымда тым өзгеше ескерткіш...

... Бас... тек бас қана тұр.

Ол көкке шаншыла көтеріліпті. Айналаны аспаннан шолады.  Алғашқы әсерден жүрегім шым ете түсті. Найзаға, оның бірнешеуін қабаттай жалғаған найзаға шаншылған бас. Әсілі, бұл ескерткіш туралы пікірлер біржақты емес. Оларға төрелік айтудан да  аулақпын. Дегенмен, санамдағы «тұман» ілезде сейіліп  қоя берді. Солай... ерекше, ешкімге ұқсамайтын тағдыр иесінің ескерткіші де ерекше болса керек.

Бас...

Ол шын мәнінде нағыз ғалым емес пе?! Абайтануда Әуезовтен кейінгі тұлғаның Қайым екені аян. Мұхтар Омарханұлы айтпақшы, «адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім». Ал, адам баласының тәжірибесі арқылы жинақталған мол білімнің мекені де – Бас пен адам ағзасы.

Өзгеше шешім... авторы кім болды екен?

Рас, жаңа айтқандай, алғашқыда ескерткішке разы да, наразы да пікірлер де аз болмапты. Осы соңғысы қасаң ойлау мен жаттандылықтан арыла алмаудың салқыны екен. Жалпы, өнер деген басқа ештеңеге ұқсамауымен, яғни қайталанбас қасиетімен дараланса керек. Көшірменің несі өнер!?

Бас...

Қызыл диктатура талай мәрте «найза кезеген» бас. Әйтеуір, Алла тағаланың қалауымен жалғанға жарық түсіріп, пендеңе ой салған Бас. Ол не көрмеді. Туғанынан бастап... алдымен Алаш арыстарына тілектес әкесі «қызыл қасаптың» құрбаны болды. Кейін ұстазы Мұхтардың ақылымен Абайдың ақындық айналасын, сөз зергерінің шәкірттерін түгендеймін деп жүріп, өзі де сол «қызыл найзаның» нысанасына айналған.

Қайсар тұлғаның еңсесін басып, жыға алмаған тоталитарлық «тажал» Қайымды жиырма бес жылға темір торға тоғытқанын білеміз.

Қайыспады Ол.

Еңкеймеді Бас.

Ұстазына да, өзгеге де кір жуытпады. Тергеу үстінде алды-артын орағытып, «майлы қасықтай» жылмаң қаққан тергеушінің қақпанына түспей, діңкесін құртқаны анық. Алайда, азаптың аты – азап. Ардақты Рақымұлы Баян әкемізден қалған қағаздардың арасынан жарым Тоғжан тауып алған Қайым ағаның хаты соған айғақ. Онда ғалым күркедей ғана «Ан-2» самолетінің ішін түрме тозағымен салыстырып, ұжмаққа теңейді.

Осыдан-ақ, абайтанушы қайраткердің тартқан тақсіретін сезінуге болатындай. Сол сияқты маған көрнекті қоғам қайраткері, «ауыл шаруашылығының академигі» атағына лайық Мұқатаев Амантай аға әкеп тапсырған Қайымның хатынан да ғалымның отқа жанбаған еңбегінен хабардар боламыз. Қамауға алынған кезінде «халық жауының» қағаздарын НКВД жалдаптары түгелге жуық сыпырып алып, ұшты-күйлі жоғалады.

Қарлагтан оралған соң, күрескер ғалым Қайым аға заманның түзелгенін күтпестен-ақ қайта «майданға» түсті. Мақсатына жетті: Абайдың ақын шәкірттері өмірге оралып, елі-жұрты қуана «қауышты»... Шәкәрім Құдайбердіұлы боп, Көкбай Жанатайұлы боп және Ақылбай мен Мағауия боп....

Ғалым аға рухымен алғашқы жүздесуден соң, ескерткіштің авторы Оразанбаймен өзімнің алғашқы әсерім, ескерткішті көргенде жанымның қалай түршіккені туралы ой бөліскенмін. Әрине, авторды ренжітіп алмауға тырыстым «найзаға шаншылған бас» деген ұнай қояр ма екен? Сонда баяғы сол Қайым ағаның жымиысын көрдім. Ол да жауап қайтаруға асықпады. Тіпті, образға кірігіп кеткен бе дерсің! Алайда, ескерткіштен оның өзі де тап осындай әсерді күткен сияқты.

Енді екеуіміз де ағымыздан жарылғанбыз. Әй, Оразанбай-ай, бүйтпесең «шайқы» болармысың. Жүрегің қандай сезімтал еді! Қайталанбайтын тұлға келбетін осындай өзгеше  тұрпатта... неге бөгелдім, әлде мен «қайталанбайтындай сомдаған» теңеуін Оразанбай шайқыға қимай отырғаннан саумын ба?

Тап солай.

Бірақ, шындығына келсек, қайталанбайтын тұлғаны, құрышқа көшіру үшін де шебер өзгеше болмыстың, яғни дара мінездің иесі болуы қажет секілді. Әрине, ондай мінезбен елге жаға қою қиын, тіпті мүмкін емес. Бірақ, мәселе сонда, жаңағыдай «қисық, қиқар» мінезді Оразанбай секілді өнер иелері өтірік жалбақтауды білмейді. Көргенін ашық айтады және өзгеше көру мен тану тән оларға.

Ал, баршаға жағу мүмкін де емес, міндет те емес. Өзгеше мінезден ғана өзгеше өнер туады. Олар қоғамға да, айналасына да жайсыз. Бұл үшін, алайда, жаралғанда жабысқан мінезді қалайша жазғырарсың.  Табиғи бітім өтірік жалбақтауды білмейді, ал оны лайықты бағалай білсе, бір-бірінен аумайтын пенделерден әлдеқайда артық. Ескерткіш Қайым ағаны аспандатып, оның авторымен тағы бір жолыққанша асықтыра түскен.

2. Леген/ді 

Соңғы аптада Төкен Смайылұлы Абай мен Шәкәрімге қатысты естеліктерді тағы бір «сүзіп» шықты. Ғылыми-зерттеушілік мақалалар да назарынан тыс қалмады. Ел аузындағы ұлылар айтыпты деген ұлағатты сөздерді де жадында  жаңғыртып, қайта бір зерделеді.

Бәрібір болмады.

Нығыз тапсырманың желге ұшатын түрі бар. Абай төңірегіндегі аңыз «жалынан» сипатпай-ақ қойды. Санасынан бір сәуле жарқ еткендей болады да, іле-шала көзден де, ойдан да бұл-бұл ұшады.

Жоқ, әйтеуір.

Әуелден-ақ, пәлендей үміті болмаған. Өйткені, елу жыл бойы ақтарғаны Абай мен Шәкәрім қазынасы болса, аңыздың көкесін өзінен артық кім білмек?! Өйткен күнде, жаңағы жарты ғасырдың «сыбағасының»  толымды болмағаны ғой.

Төкең өзіне-өзі сенімді-ақ еді.

Ләкин, осы бір «легендісі» ойын шырмап, қиялын тұсаулай берді. Легенді... «аңыз» дегендері ғой, баяғы. Әкімдікке Абай мен Шәкәрімге қатысты жұрт қызығарлық «легенді» керек көрінеді. Егер сондай, ақиқатқа бергісіз аңыз табылса, «Абай мұрасына қызығушылық артады екен. Ұлылар еліне жұрт нөпірі бұрынғыдан да мол ақтарылады-мыс».

Түсінеді.

Абай мен Шәкәрімді, әсіресе шетелге таныстыруда ойластыратын жайлар баршылық. Оны былай қойғанда, Алаш баласының өзі ұлылар мұрасына енді ғана бет бұра бастағандай.

Қиын-ақ.

Кей-кейде, тіпті өзін Абай шаңырағының шырақшысы ғана емес, ұлы ақынға қатысты барлық шаруаға жауапты жандай сезінеді. Бұл, әрине рухани ерекше хәл. Бірақ, аса ауыр жүк. Ұлы ақын мұрасына бас-көз болу үшін өзі басқарып отырған музейдің мүмкіндігі тым шектеулі. Кадрлардың біліктілігі, қаржы  жетімсіздігі... әлі де болса қасаң ойлаудың өкшелеп қалмай отырғаны тағы бар.

Хакім Абай.

Ұлы ақынға қатысты шаруаның бәріне атсалысамын деудің бос   әурешілік екенін біледі. Оған, тіпті, сырттай жанашыр болудың өзі жүрегіне салмақ түсіретін кездер аз емес. Зейнет жасынан асқан жанға тірліктің от пен суының «бәсіресі» де жеткілікті. Бас ауырып, балтыр сыздайтын кездері көп. Жұмыс уақытында келімді-кетімді музей достарының әңгімесі де қолбайлау болады.

Дегенмен, тап осы «легендіден» тосыламын деп, Төкең ойламаса керек. «Оймен оңаша» қалып, ән мен «Күй толқынында» кітаптарын жазғанда Абай елінің әңгімесін жыр етіп төгілтеді. «Жер әңгімеші» - деп толғанар еді ол. Абай мұрасы шырақшысының аталған кітаптарының бәрі де талай жылғы ой-толғаныстарының жемісі. Бірақ, «легенді» бәрібір ұшты-күйлі табылмаған.

Бүгін жұмыстан кейін жары Нүрилә апайдың шәйін ішіп алғаннан кейін тағы да үстел басына жайғасты. Енді қайтсе де, сол «легендісі» өзі бар болса, оны аң қаққандай, «індетіп» алуға бекінген. Ойының желісін телефон шырылы үзіп жіберді.

Абай ауданының әкімі екен. Оның айтқанынан ұққаны, Астанадан үлкен қонақтар келеді. Солар киелі «Қоңыр әулиеге» барып, суға түсіп, сырқаттарына шипа тілемек  көрінеді.

«Е, оның бұған не қатысы бар?..»

Сөйтсе, бар екен.

Қасиеті жердің суы шипа болуы үшін Абай үйіндегі жез леген мен жез құман керек көрінеді. Ұлы ақынды сол екі ыдысқа құйған сумен қырқынан шығарғаны мәлім.

... !?

Тілі байланып қалғандай. Сөйлесе, «сыбағаларын» молынан берер еді. Өзін-өзі аяды. Апырмай, Абай заманындағы надандық бұлты қаншалықты бесбатпан еді. Одан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, «Күннің көзін» көлеңкелеп, соңдарынан қалар емес.

Оларға енді не шара?! Ашуы тез қайтты. «Легендінің» табылған жерін қарашы... Леген... иә, жез леген мен жез құман. Бұлар, әлбетте данышпан ақынға қатысты дүниелер. Бірақ, солай екен деп, қасиетті ыдыстармен су құйыну күнә емес пе!? Жез леген...

Шындығында, бір Жидебай ғана емес, Абай шығармашылығының куәсіндей барша Семей өңірінде Хакімнің табанының ізі қалған, алақанының табы бар киелі «жәдігерлер» баршылық. Ендеше, осыдан артық не керек!? Олар үшін ділгірі  – бір немесе бірнеше аңыз яки легенді екен...

Төкен Смайылұлының бір сәт санасы шайдай ашылып қоя берді. Тек сонда ғана барып ол өзінің қателескенін ұқты. Босқа кеткен уақыты үшін ұялды, өзіне-өзі өкпелі. Абайға легенді іздеу деген не?! Ол бұлқан-талқан болды. Мұндайда үйде мұңын шағатыны тағы сол жан жары:

- Нүрилә, бір минөтке келіп кетші...

Сосын өмірлік қосағының келгенін де күтпестен оңашада «легенді қуғандардың» аяқтарын бір етікке тығады:

- Әй, сендер өзі не деген жансыңдар?.. Бәсе, бұларды бастық қой, бір білгендері бар шығар деп, тыңдай қалсаң осы. Шықпағанды шығарып, Абайға аңыз іздеп не керек... Ол – ақиқаттың өзі емес пе?! «Қараңғылық» қапасындағы адам баласының көзін ашып, көкірегін оятсын деген Алланың ақиқаты ғой. Анау, әлгі бағзы замандардан жеткен аңыз қаншама, соларды түгендеп алсаңдар, аз емес. Ал, Абайға легенді іздету деген не!?..

Бұл кезде Нүрилә апай да әңгімеге араласады. Ақсақалының неге тулап отырғанын да біледі:

- Қазіргі  жастар қайдан білсін, одан да соны айтып көздерін ашпайсың ба?

Ләкин, оған тоқтай қоятын Төкең бе:

- Соларға сөз шығындап, бәрібір ақпақұлақтар түсінбейді.

- Енді өзіңді-өзің тергегеннен не түседі. Одан да жүр шәй ішейік.

- Легендісі құрысын, - дейді ашулы Төкен аға, - өздерінің Абайдың легенінде несі бар? Ақын үйіне шын көңілден барып, рухына тағзым етсе, одан артық не керек. Ол жерде айтылған сөз бен тілек Аллаға тезірек жетеді. Ертең, барша жұрт Абай үйінің жез легені мен жез құманын іздесе не шара?!

- Қазір ақшаның заманы емес пе, пайдасын көресіңдер, - дейді апай.

Төкең жарына жатырқай қарады. Қаттырақ айтқанға жаңағы қою шәй ғана кедергі болып тұрғандай:

- Айтып тұрмын ғой, Абай үйіне барып, тағзым жасаудың өзі жетіп жатыр. Ол жердегі тілегің жаратушының құлағына шапшаң шалынады. Түу, енді соларды тыңдасам...

- Е, қойшы, сен кімді тыңдап едің, қартаяйын дегенің де, шынында да легендісі не? Абай атамның өзі легенді…

Соңғы сөз Төкеңнің ойын дөп басқандай:

- Қайдағы легенді, өздері ғой жез легенді іздеп  жүрген. Абай кез-келген «легендіден» артық Ақиқат, міне, қазаққа осыны ұққызу керек.

- Төке, оның рас, Абайдан өткен ақиқат болар ма, ал енді шәйің суып қалады.

Пікірлес серік пен сүт қосқан күрең шәйден Төкеңнің маңдайы жіпсіп, бойы жеңілейіп сала берген. Ерлі-зайыпты екеуі енді ашық қабақпен жадырай шүйіркелеседі.

Абай... шынында да Абай ақиқат нұры, оның сәулесін сезіне алсаң, кеудеңде «шамшырақ «орнағандай.

Тұңғиық... ол тереңге шындап сүңгісең, кері бұрылу қаперіңе де кірмейді.

Шың...

Көз түгілі көңіл жетпес асқар. Талпынасың, бәрібір жету қиын. Оның етегінде тұрып-ақ, биіктен ескен самалға желпінесің. Бұл енді ерекше хәл.

Рахат.

Болат Жүнісбеков, жазушы

Abai.kz

0 пікір