Елімізде 300 мыңға жуық компания жабылуы мүмкін

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, жаңа Салық кодексі күшіне енген соң елімізде шамамен 300 мың компания жабылуы ықтимал.
«Бизнес жабылады, бұл туралы біз алдын ала айтқанбыз. Бірақ жабылатындар – бұрын бизнесті бөліп тастап жұмыс істегендер. Енді ондайға заңдық мүмкіндік болмайды», - деді Амрин.
Оның сөзінше, бұрын көптеген кәсіпкерлер ҚҚС (қосылған құн салығы) төлемеу үшін бірнеше компания ашып, табысын бөліп көрсететін.
«Қазір шекті мөлшер – 2 млрд 350 млн теңге. Егер осы сомадан аспасаң, ҚҚС төлемейсің. Сондықтан бірнеше компания ашудың қажеті жоқ, бәрін біріне біріктірсе жеткілікті. Сол себепті шамамен 300 мың компания жабылады. Себебі оларды ұстаудың енді еш мағынасы қалмайды – кәсіпке анағұрлым тиімді жағдай жасалып жатыр», - деді вице-министр.
Abai.kz