Дүйсенбі, 20 Қазан 2025
Алашорда 183 0 пікір 20 Қазан, 2025 сағат 12:33

Тұңғыш

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Жер-суы мен халқы біріккен тұтас Қазақ Республикасына – 100 жыл!

Қызылорда қаласында 16-18 қазан күндері қазақ халқына тарихи есімінің қайтарылғанына және Ақмешіттің Қызылорда атанып астана болғанына жүз жыл толуына орай үлкен мереке өтті. 17 қазанда Қызылорда облысының әкімдігінде «Қызылорданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Төменде конференциядағы «Үлкен Қазақстан Советтерінің Ақмешіттегі тұңғыш съезіне – бір ғасыр» тақырыбында ұсынылған баяндама мәтінін беріп отырмыз.

***

Осыдан 100 жыл ілгеріде Сыр бойындағы көне қалашық жер-суы мен халқы бір шаңырақ астына жиылған кеңестік мемлекеттің астанасы атанды. Бұл 1925 жылғы 15–19 сәуірде Ақмешітте жұмыс істеген Қазақстан Советтерінің 5-ші съезінде жүзеге асқан еді. Съезге ескі Қазақ Республикасы және Орта Азиядағы Түркістан Республикасынан бөлінген Сырдария мен Жетісу облыстары, сондай-ақ Бұхара, Хорезм халық республикаларындағы қазақтар да тұрып жатқан аумақтардан ұйысқан Қарақалпақ облысы Кеңестерінен сайланған делегаттар келді. Олар жаңа Қазақ Республикасының даму жолын, мұқтаждықтарын қарастырып, маңызды қарарлар қабылдады. Халықтың этникалық аталымын ресми түрде өзіне қайтарып, республиканың бұрмаланған атауын түзетті. Жаңа астанаға заманның және жаңғырған ұлттың рухына сай  жаңа да айбынды  ат  берді. Міне осы тарихи оқиғаның ғасырлық мерекесін атай отырып, оның өмірге келу жолын да еске түсірмей тұра алмаймыз.

Самодержавиенің құрдымға кетуімен туған саяси мүмкіндік жандандырған қазақ ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылдың соңына қарай Орынборда ұлттық тұтастық негізде автономия құрып, үкіметін сайлап алса да, тап туын желбіреткен совет билігіне 1920 жылы мойынсұнуға мәжбүр болған-ды. Сол жылы Дала өлкесі аумағында Советтік Қазақ Республикасы   ту тіккен. Ол өмірге келген бетте 1918 жылдан Ташкентті орда еткен Түркістан Республикасының құрамындағы қазақ жер-суын халқымен бөліп өзіне қосып алуды мақса­т еткен-тін. Ақыры бұл ниеті түркі халықтарының шындап бірігуінің, сөйтіп күшейіп кетуінің алдын алуды көздеген пролетариат көсемінің астыртын тапсырмасын орындау орайында Мәскеу 1924 жылы Орта Азияда жүргізген ұлттық-мемлекеттік межелеу науқаны нәтижесінде жүзе­ге  асты.

1924 жылғы 15 қыркүйекте Түркреспублика Советтері Орта­лық Атқару Комитетінің төтенше сессиясы қарамағындағы өлкені ұлттық-­территориялық межелерге жіктеп-­бөлу жайында шешім қабылдады. Сол төтенше сессияда күллі межелеу науқаны бойы белсенді жұмыс атқарған Түркатком төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, БК(б)П Орта Азия бюросының мүшесі, осы Средазбюро межелеу науқанына орай құрған Территория­лық комиссияның мүшесі Сұлтанбек Қожанов бөліністің оң сипатына назар аударып: «Қазреспубликаға Түркіс­танның екі облысын қосу Қазақ ұлттық республикасын рәсімдеудің басы болады» деп мәлімдеді. Бұл сөздерге елі, жері, санасы отарланған бодан халыққа азаттық әперді деліне­тін совет өкіметі билігінің жетінші жылының өзінде қазақтың ұлттық құқтарына әлі толық қол жеткізе алмай келе жатқан  арманы  тоқылған  болатын.

Қазан төңкерісінің езілген халық қолына теңдікті бірден ұстата қоймағаны жеті айдан кейін Ақмешітте өткен 5-ші Совет­тер съезінде атап айтылды. «Революция қазақты азат етіп, жерге деген басқалармен тең құқығын жария етсе де… заңды жолмен берілген жері болмағандықтан… жерге деген хұқын қай учаскеде жүзеге асырарын білмей, сенімсіздікпен …қоныстанатын» делінді. Қазатком төрағасы Сейітқали Меңдешев съезге советтік қазақ үкіметінің жергілікті «қазақ халқы жерге орналастырылып болғанша – басқа халықтардың сырттан келіп қоныстануына жол бермеу» жайында  шара  алғанын  хабарлады. Бұл шара, әрине, орындалған жоқ.

Еске алайық, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділік өмір салтын отарлау­шы мемлекет бұзған: патшалық «қазақ далаларын көркейтуге» айрықша мән беріп, қазақ жерін – қазақтарға уақытша берілген мемлекет меншігі деп жариялаған, сосын, қазақтың шұрайлы жер-суының бәрін бесінші колоннасы іспетті орыс шаруалары мен әскери-биліктің тірегі сипатты казактарына тартып әперген болатын. Сол әділетсіздікті монархия  құлап, билікке әдемі  ұрандармен большевиктердің келуі түзетер деген үміт туған. Алайда ұлы күрескер Мұстафа Шоқай атап айтқандай: патшалықтағы үкіметбасы «Столыпиннің «қа­зақ­тарды емес, қазақтардың тың жатқан  жерлерін  ойлау  керек, қазақ­  жерлерін  тек  қазақтардың өздеріне ғана қалдыру – Ресей үшін  кешірілмес  күнә болар еді» деген сөзінің екінші бір нұсқасынан» айны­майтын большевизм қағидасы пайда болған-ды. Яғни коммунистер «жекелеген өлке мен халықтардың мүддесін жалпы Одақ мүддесіне құрбан ету» қажет деп санайтын. Осылай дәріптелетін жаңаотаршылдық пиғыл ұлттық үміттің өрісін тарылтып тастаған болатын.

Өкіметті Советке, қазақшалағанда Кеңеске алып берген партия  билікті өзі жария еткен совет өкіметіне түбегейлі ұстатып қойған емес, іс жүзінде әрқашан үкімет атқармақ істің  негізгі бағыт-бағдарын өзі анықтап беріп отырды. Бұл әсіресе Иосиф Сталин Бас хатшы  болғаннан бастап айрықша күшейген-тін. Сондықтан да 1920 жылғы Предсовнарком Лениннің Түркістан өлкесін бөлшектеу жайлы тапсырмасын орындау шаруасын ұйымдастыруды 1924 жылы Халкомкеңес (Совнарком) емес, Орталық партия комитетінің Бас хатшысы Сталин қолға алды, ол күллі науқанды Орталық Комитеттің Орта Азия Бюросы (Средазбюро) арқылы жүргізді. Сондықтан да іс жүзінде қазақ жер-суын жинаушы іспетті айрықша қызмет атқарған Сұлтанбек Қожанов Ташкенттен, кейінірек Орынбордан Мәскеуге – тікелей совет билігіне бағыт беріп отырған партия көсемі Сталин жолдасқа Орта Азиядағы республикаларды ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеу науқанының нәтижелері және іргесі ұлғайған жаңа, үлкен Қазақ Республикасы алдындағы міндеттер жайында проблемалы хаттар жазып тұрды. Сондықтан да ол Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы ретінде  Қазөлкекомның 1925 жылғы сәуір пленумында 15 сәуірде ашылғалы тұрған Бесінші Советтер съезі жайында өлке партия ұйымы басшылығының атынан арнайы баяндама жасады. 1920 жылдан бергі өткен жолды сыни тұрғыдан талдап, енді халқы, жер-суы тұтастанған қазақ елін көркейту, Ұлттық Республика жасау жолында билік құрылымдары атқаруға тиіс, баяндамаларында съездің талқысына шығаруға тиіс міндеттерді тұжырымдап көрсетті. Съезде коммунистік фракцияны басқарды.

Ұлт мүддесін жан-жақты әрі терең қарастыру орайында 5-ші съезде қазақ өлкесінің патшалық тұсында отарлану тарихы жүйелеп ашып көрсетілді. Үкіметтің сауда-өнеркәсіптік мүддені көздеп әскери-әкімшілік жолмен отарлауынан да гөрі, империядағы жер дағдарысын шешу мақсаты­мен ішкі губернияларынан шаруаларды қазақ ішіне көшіріп-қоныс аударту жолымен отарлауы елді қатты күйзелткені ерекше аталды. Қазақстанға лек-легімен ағылған переселендер толқынының қысымымен қазақ бұқарасы шөбі жұтаң, суы аз, құмдауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болғаны, империя үкіметінің осы апатты саясаты көшпенділер экономикасын тез құлдыратқаны, егер 1870-ші жылдары әрбір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, переселен қозғалысы арта келе, 1914-1915 жылдары бұл көрсеткіштің 25-26 басқа шейін құлдырап кеткені айтылды. Бұл ахуалды Совет билігі орнағалы сауықтыруға «азамат соғысы, ашаршылық, Қазақ Республикасының ешқандай өз қаржысының болмағаны», соның салдарынан  жерді қоғам мүлкіне айналдыру жөніндегі алғашқы советтік заң мен жерге орналастыру туралы ереже, барша жүргізілген іс-шара оңған нәтиже  бермегені хабарланды.

Съезде оның мынандай себептері де айқындалды: қазақ жерін сырттан көшіп келіп отарлау жалғасуда; отаршылдық саясаттың қалдықтары әлі жойылмаған; жер-судың ең жақсы пұшпақтарын переселендер басып алған, казак-орыстар кең алқапты пайдалануда; орталық билік көбіне жерді іс жүзінде пайдаланып отырғандарға бекітіп, ең тәуір жерлерді переселендерге кесіп беру жағында; жерге орналастыру ретімен жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар тұрғындардың құқықтық санасын жерді заң бойынша пайдалану қажеттігін сезінетіндей  дәрежеде  оятуға  жәрдемдеспеді.

Ал жер қатынастарын дұрыс рет­теу – мал шаруашылығын Қазақстанның қатал табиғатына төтеп беріп қана қоймай, пайда табатындай деңгейде дамытудағы маңызы зор дей келе, Жер-су халық комиссары Ғалиас­қар Әлібеков күллі аумақты жаратылысы мен экономикалық нышандарына қарай: «егіншілік-малшылық» және тек «малшылық», сондай-ақ тек «көшпенді малшылық» аудандарға бөлу қажеттігін айтып, оның тәртіптерін баяндады. Жермен қамтамасыз ету нормасы қалай жасалатынын түсіндірді. Сосын жерге орналастырудың негізгі міндетін: «қазіргі жұмыс істеп тұрған мал бағу және мал бағу-егін егу шаруа­шылықтарымен  шұғыл­данатын қожалықтарға – өркендеуіне әрі экономикалық тұрғыда нығаюына қажет жағдайлар жасау» қажеттігін айтты.

Қазақ автоно­мия­сы үкіметінің тарапынан көшпенді және жартылай көшпенді халықты жалпымемле­кеттік қаржымен қолдау, әрі бәріне жаппай учаске кесіп беру ретімен жерге орналастыру; жерге орналастыры­лып жатқандарға (салық салу, несие беру, құрылыс материалдарымен, ауыл­шаруашылық құралдарымен жабдық­тау істерінде) түрлі жеңілдіктер жасау қажеттігінен туындайтын өтініштер  орта­лық қарауына шығарылғаны баян етілді. Киркрайкомның (Қазөлкекомның) осы Советтер съезі алдындағы пленумында екінші хатшы Қожановтың арна­йы баян­дамасында айтылған шара – Жер халкоматының онжылдық жоспар жасағаны мәлімделді. Осы орайларда орын­далуы қажет шаралар съезд қарарымен заңдас­тырылды.

ВЦИК-тің (Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің) Ерекше Комиссиясы өлкедегі жұмысын мүлдем өзінше, Қазақ жер комиссариатының жоспарымен үйлестірмей жүргізіп келе жатқан-ды. Ол Қазақ АССР Жер халкоматының жерге орналастыру ша­ра­ларын біртұтас жоспармен және біртұтас аппаратпен іске асырмақ ниетіне үнемі наразылық көрсетіп отырған. Халқы мен жер-суы бір шаңырақ астына жиналғаннан кейінгі Республикада Ерекше комиссия жасап жүрген кедергілер осы тұңғыш құрылтайда – 1925 жылғы Кеңестер съезінде – ашып көрсетілген де, ел мүддесіне жауап беретін арнайы қаулылар, кең көлемді қарарлар қабылданып, қазақтың ұлттық мемлекеттілік үшін күресі советтік билік шеңберіндегі шырқау шыңына жеткенін таныт­қан еді.

Алайда мәскеулік орталық Қазақстан Советтері 5-ші съезінің қарарларын орындауға түрлі тәсілмен тосқауыл қойып тұрды. Ақыры саяси күрестің 5-ші съезден кейінгі оны орындау­ды көздейтін жаңа кезеңінде барша әрекетке тұсау салу, империялық-большевиктік партияның үстемдік көрсетуімен қазақ елінің таби­ғи ұлттық-мемлекеттік мүддесін Мәс­кеудегі Орталық билікке тәуел­ді ету бағыты пәрменді түрде жүзе­ге асырыла бастады. Елдік пікірлерді, жалпы, қазақтың ұлттық-мемлекеттік мүд­делерін еркін көтеріп, Советтер съезінде елеулі шешімдер шығартқан ұлт қайраткерлері, тиісінше олар өткіз­ген 1925 жылдың сәуіріндегі тарихи  съездің мазмұны да, табиғаты да мәскеулік орталыққа ұнаған жоқ. Сондықтан да республиканы басқаруға сол жылдың қыркүйегінде жіберген эмиссары Филипп Голощекиннің қолы­мен көшпенді малшылыққа съезде көзделген қилы зәру жағдайды жасаудың, қажет жәрдемдер берудің орнына, «революция дауылы қазақ ауылын айналып өткен» деген жалған ұйғарымымен тұтатқан «Кіші Октябрі» ауқымында оқыс та қатыгездікпен жүргізілген солақай реформалары салдарынан халықты 30-шы жылдарғы қасіретті қызыл қыр­ғынға ұшыратты.

Дегенмен, қазақ жерін ел-жұртымен бір шаңырақ астына жинаған Үлкен Қазақстан Советтерінің тұңғыш съезінде қабылданған ел мүддесін көздей­тін көп шешімнің ішіндегі бірер құжатты  орталық билік бірден мойындады. Сол қаулылардың өмірге қалай келгенін мен әуелде репрессия құрбаны, 5-ші съездің қарарына сай Ұлт театры шаңырағын көтеріп, алғашқы директоры, көркемдік жетекшісі болған Дінмұхамед Әділовтің ОГПУ тергеушісіне 1928 жылғы 24 желтоқсан­да берген көрсетуінен 90-шы жылдары білген едім. Ол съездің соңғы күніндегі түскі ас үстінде үкіметтің Ақ-Мешітке көшіп келуін есте қалдыру үшін қаланың атын өзгер­ту хақында мәселе көтерілгенін, сосын оны қалай атау дұрыс боларын ойлас­тыра бастағандарын еске түсіріпті. «Қызыл-Орда» терминін бірінші болып Қоңырқожа Қожықов ойлап тапқан екен. Ол ұсынысын: бұл қос атау екі жақты да қана­ғаттандырады,  «қызыл» – большевик­терге ұнайтын сөз, ал «орда» – ұлттық ұғым, сондықтан еш жақтан да нара­зылық тумайды деп дәйектеген көрінеді. Мұндай дәлелдермен баршасы келіседі, сонда Сұлтанбек Қожанов енді қаланың аты Қызыл-Орда деп өзгертілетін болады дейді...

Қоңыр­қожа Қожықов ұлт-азаттық қозғалыстың белсенді қатысушысы, Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы (мұхтарияты) қайраткерлерінің бірі, Орта Азиядағы межелеу науқанында қазақ шекарасын айқындау ісіне ерекше еңбек сіңірген қоғам қайраткері, байырғы мұға­лім, жәдидші, ағартушы, тарихшы-ғалым, сол шақта – кеңес қызметкері болатын. Ол 1931 жылғы 20 қыркүйекте ОГПУ тергеушісіне жаңа астананы «Қызыл-Орда» деп атауды өзі айтқанын еске алып, түстікте отырғандардың  бәріне ұнаған бұл атауды Қожанов Кеңестер съезінде ұсынды да, ұсыныс қабыл алынды депті. Әділов өзін тергеудің 1928 жылғы 27 желтоқсандағы жалғасында: Табын­баев Ембергеннің үйін­дегі түстік кезінде Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп өзгертіп атау керек деген қорытындыға тоқтап, съезге келгеннен соң «Қожанов төралқаға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, мынандай ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз Респуб­ликасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақ-Мешіт қаласының атын Қызыл-Орда­ға алмас­тыру. Съезд екі ұсыныс­ты да бірауыз­дан қабылдады», – деп көрсеткен көрінеді.

Қазақ қайраткерлерінің бейресми басқосуында екі өлкедегі халқы мен жер-суы біріккен Үлкен Қазақ­станның астанасын бұдан былай Ақмешіт емес, Қызылорда деп атау жөніндегі Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысын бірден қолдаған Сұлтанбек Қожанов съезде сонымен бірге тағы бір өте маңызды мәселе көтерді. 5-ші съездің стенографиялық есебіне қарағанда, ол күн тәртібінде ескерілмеген аса маңызды ұсыныстарын өте орайын келтіре жария еткен екен. Съезге төрағалық етуші республика еңбекшілеріне арналған үндеу мәтінін оқып, оны делегаттар қызу қол шапалақтап қуаттағаннан кейін Қожанов сөз алады да: «Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр. Киргиздар өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, бағзы заманнан қазақ деп аталатын. Көшпенділердің алғашқы одағы қазақ делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлау­ға болады, – деді. – ...Енді, болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақ­стан деп атауды заңдастыру керек. Мен осы атауды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жуып тастауды ұсынамын. Советтердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Рес­публикасына беру­ді заңдастырсын».

Қазақ азаматтары патша заманында бұрмалаулы «киргиз» атауын көзге ілмей, 1911–1913 жылдары Орда мен Оралда – «Қазақстан»,  1913–1918 жылдары Орынборда «Қазақ» атты  газеттер шығарып тұрған. Міне осы атаулар Советтік Қазақ Республикасында 1925 жылы өткен Советтер съезінде  ресми жарыққа шықты. Рас, Қазақ Халкомкеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин 1923 жылы газет бетінде псевдониммен мақала жазып, киргизді қазақ деп атаудың уақыты келгенін ұсынған-ды. Бірақ мәселені ресми рәсімдеуге бармаған, яғни өкілетті мекеменің немесе 1924 жылғы 4-ші советтік съездің қарауына ұсынбаған, шамасы, сол шақтағы ұлттық құрам мөлшерін ойлап, оң шешім қабылданарына сенбеген болар. Ал екі өлкенің бірігуімен  республикадағы қазақ үлесі жаңа аумақ көлемінде басымдыққа шыққанда  5-ші Советтер съезін шақырып, Ұлттық Республика жасауды сенімді түрде батыл қолға алған азаматтарда – атап айтқанда Қожықов пен Қожановта – ондай күдік болған жоқ. Ұсыныс қол шапалақтап қарсы алынды.

Құрылтай төрағасы әуелі съездің үндеуін дауысқа салды. Сосын: «Келесі ұсыныс: Киргиз Республикасына – Қазақ Социалистік Советтік Республикасы деп  қайта ат қою» дей бергенінде жұрт қол соғып ду ете түсті. «Мен бұл қол шапалақтауды осы ұсыныс­тың бірауыздан қабылдануы ретінде ұғамын», – деді де, төрағалық етуші келесі мәселеге көшті. «...Ақмешіт қаласында  Ленин  жолдас атындағы халық үйін салу туралы» шешімге байланысты атқарылмақ жұмыстарды жария етті. Бұл жайында шешім қабылданысымен, Қожанов келесі ұсынысын айту үшін тағы да сөз алды.

Ол Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғаннан кейін граф Перовскийдің құрметіне Перовск боп өзгертілгенін, революцияның оған қайтадан ескі атауын бергенін айтты. «Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған, қатардағы жұпыны қала болатын. Советтердің Бесінші съезін біз Қазақ Республика­сы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санай­мыз. Бұл съезді біз Бірінші Съезд  деп  атаймыз», – деді. Бірінші съездің Қазақ Республикасының жаңа орталы­ғы  Ақмешітте өтуі де оның мәнін арттыра түсетініне мән берді. Жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Респуб­ликасының орталығына айналып, мән-мағынасы өзгеруіне байланысты «осы қаланың атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін, – дей келіп: – Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары бола­тын, мысалы – Ақ Орда дейтін. Атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған. Ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен орталығымыз Ақмешітті бұдан былай – Қызыл Орда деп атауды  ұсынамын», – деген сөздермен нақты ұсынысын жария етті. Ду қол шапалақтаудан ке­йін, съезде төрағалық етуші: «Қожанов жолдастың ұсынысы бірауыздан қа­был­данды» деп хабарлады…

Жері мен халқы тұтастанып іргесі кеңейген Қазақ Республикасы Советтерінің Бірінші (автономия бой көтергелі бергі рет саны бойынша – Бесінші) съезі Үлкен Қазақстанның астанасына осылай Қызыл Орда деген әсем де айбарлы ат берді. Әрі, бұдан бір ғасыр ілгеріде Қызылордада өткен бұл құрылтайдың айрықша маңыздылығы сол – қазақ халқы мен қазақ жер-cуының бір шаңырақ астына жиылып тұтастануын, халқымызға өзінің этностық «қазақ» атауының қайтарылуын заңдастырды. Және айрықша атап айтарлық бір жәйт – съезде қазақ қайраткерлері өте құнды қарарлар қабылдап, ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің жаңа кезеңін мейлінше белсенділікпен жүргізуге бел байлап отырғанын көрсетті. Бірақ көзделген даму мәскеулік орталықтан жаңа эмиссар келісімен тоқырап, бәрі кері кетірілді, бұл, әрине, басқа әңгіменің тақырыбы. Әйтсе де ерекше екпін қойып атап айтарымыз – көлденең көк атты билеген заман келмеске кетті, көп қиындықтан соң еліміз ұлттық және саяси-әлеуметтік дамудың  даңғылына түсті.

Біз  бүгін шашылған жер-суымызды жиыстырып, халқымызды іргесі кеңейтілген бір шаңырақ астына топтастырған, тарих сахнасына этностық қазақ  атымызбен шығып, Қазақстан атты ұлттық мемлекет орнатуға кіріскенімізді жер-жаһанға әйгілеген тұңғыш құрылтайға және сол құрылтай шешімімен алғашқы астанамыздың Қызылорда деп атануына тұтас бір ғасыр толуын айрықша ризашылықпен атаймыз.

Әдебиет:

Қойшыбаев Б. Ұлт театры шаңырағын көтеруші. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2000 ж.; Қойшыбаев Б. Сұлтанбек Қожанов. – Алматы: ЖШС «Қазақстан»  баспа  үйі», 2007 ж.; Қойшыбаев Б. Тоқсан жыл ілгергі тарихи науқан//Тауарих-тамшылар. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2017 ж.; Қойшыбаев Б. Үлкен Қазақстан былай басталды//Тарих  және тұлға. Зерт­теу­лер, мақалалар, сұхбаттар. – Тараз: «Сенім» ЖБО,  2019  жыл;  Қойшы­баев Б. Тәуелсіздік тамырлары. Зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар. – Алма­ты: «ЖШС РПБК «Дәуір», 2022 ж.; Алашорда ісі. 1920–1940. Құжаттар мен материалдар. 1-т., 4-т. – Алматы: ҚР Президентінің Архиві, 2023 ж.; Қойшыбаев Б. Тұтас қазақ елі: ұлттық республика құруға ұмтылу. – «Аbai.kz»  порталы,  4.02.2025 ж.

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 999
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10296