Алдағы үш жылда өңірлерді дамытуға 581 млрд теңге бөлінеді

2026 жылдан бастап елдің экономикалық дамуы тек ірі қалалармен шектелмей, өңірлерге де басымдық беріледі. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжілістің жалпы отырысында “2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасын таныстыру кезінде айтты.
Министрдің сөзінше, алдағы үш жылда өңірлерді дамытуға 581 млрд теңге бөлінбек. Оның ішінде 2026 жылдың өзінде бұл бағытқа 300 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржы халықтың өмір сапасын арттыруға және жергілікті инфрақұрылымдарды жақсартуға бағытталмақ.
Сонымен қатар өңірлердің қаржылық дербестігін күшейту үшін 2026 жылы жергілікті әкімдіктерге 5,1 трлн теңге көлемінде трансферттер беріледі. Бұл - өңірлік басқарудың пәрменділігін арттыруға арналған маңызды қадамдардың бірі, - деді ол.
Такиевтің сөзінше, бюджетте тағы бір ірі бағыт – күштік құрылымдарды қаржыландыру. 2026 жылы бұл салаға 3 трлн теңге қарастырылған. Бұл – биылмен салыстырғанда 335 млрд теңгеге артық. Осылайша, қорғаныс және қауіпсіздік саласына жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің 1 пайызын құрайды.
Министрдің айтуынша, бұл қаражат тек жауынгерлік дайындықты ұстап тұруға емес, сонымен қатар әскери құрылымдарды жаңғыртуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға да жұмсалады.
Abai.kz