Жұма, 7 Қараша 2025
Маңызды 250 0 пікір 7 Қараша, 2025 сағат 13:22

Жойылған Джексон-Веник: Тоқаев - Трамп диалогы

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Дәл қазір қазақ үмітін арқалаған киелі Airbus Вашингтоннан жақсы көңіл-күймен ұшып келе жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сапары біз үшін берекелі аяқталды. Қалтада 17 миллиард долларлық инвестициялық контракт бар. Демек, елдегі өндіріс, экономикалық белсенділік одан әрі жандана түседі. Ал сирек кездесетін металдар нарығында Қазақстан белді ойыншылардың біріне айналмақ. АҚШ Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвестор. Біздің экономикамызды алға сүйрейтін де осы ел екенін ұмытпау керек.

"Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді" – деді, Президент Тоқаев.

Қазір Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі. Аймақтағы америкалық инвестициялардың 80%-ы Қазақстанға тиесілі. Қалғанын Өзбекстан мен Қырғызстан бөлісуде. Тәуелсіздік алғаннан бері АҚШ-тан Қазақстанға тікелей тартылған инвестициялар көлемі 60 миллиард АҚШ долларынан асты, бұл елімізге келген барлық шетелдік тікелей инвестициялардың 13%-дан астамын құрайды. 2024 жылы шамамен 869 миллион доллар тартылды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ-тан Қазақстанға келген жалпы инвестициялар көлемі 362,4 миллион долларды құрады.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Қазір бізде 630-дан астам америкалық компания жұмыс істейді. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 4 миллирд АҚШ долларынан асты. Осыдан екі ай бұрын Мемлекет басшысы Нью-Йоркке сапарлап, америкалық бизнес акулалармен кездесіп, оларға біздегі экономикалық реформалар мен инвестициялық климаттың жағдайын таныстырған болатын.

Осының жақсы әсерінен елімізге кеңес кезінен тұсау болып келе жатқан Джексон–Вэник түзетулері алынып тасталды. Қазақстан бұл санкциялық құралдың барлық талаптарын орындап,  АҚШ Конгресінің қос палатасы мен екі партиясының, сондай-ақ жетекші еврей ұйымдарының қолдауына ие болды. Биыл біздің Израиль мен араб елдері қатынасын қолдайтын Авраам келісіміне қосылуымыз бізге қосымша үлкен ұпай алып келді. Конгресстегі еврей лоббиі елімізге өте жақсы көзқарас танытып отыр.

Қазақстан осымен сыртқы саясат пен болашақ нетворкинг жемісі бойынша биылдың барлық мақсатын орындады деп айта аламын. Бірақ қорытынды сөзді желтоқсан айында жазатын боламыз.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір