Астанада жасанды интеллект көмегімен қауіпсіздік мәселелері талқыланады
17 қазанда Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығында «Kazakhstan Prevention Days – 2026» жобалар көрмесі өтеді. Онда құқық бұзушылықтың алдын алуға, балаларды қорғауға және цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге арналған технологиялар таныстырылады.
Көрмеде балалардың қауіпті цифрлық ортаға тартылуын ерте анықтайтын «AiMap», хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге көмектесетін «E-Bagdar» және жол ақауларын анықтайтын «JOLScan» жүйелері ұсынылады. Сондай-ақ алаяқтық қоңырауларды бұғаттау технологиясы мен азаматтардың алаяқтарға қарсы әрекет ету дағдысын дамытатын интерактивті симулятор көрсетіледі.
Шараға ІІМ, полиция департаменттері, әкімдіктер, жоғары оқу орындары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар әзірлеген 60-қа жуық жоба қатысады. Германия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері де қауіпсіздік саласындағы тәжірибелерімен бөліседі.
Көрменің тағы бір бағыты – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Біз жақынбыз 2.0», «Қауіпсіз отбасы – қауіпсіз қоғам», «AL-JAN» және «SENIM TECHNOLOGIES» жобалары таныстырылады.
Abai.kz