Header Banner
Дүйсенбі, 16 Наурыз 2026
Әдебиет 107 0 пікір 16 Наурыз, 2026 сағат 14:54

Шарлотта Бронте – Джейн Эйр қандай кейіпкер?

Сурет: Эксмо сайтынан алынды

Жуықта жұбайым екеуміз кітап дүкенінен сатып алған Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр» романын оқып шықтық. Шығарма өте қызықты әрі тартымды екен. Осыған орай, романның мазмұнын оқырмандарға таныстырып, алдағы уақытта сіздердіңде оқуларынызға жөн сілтегіміз келді.

Әлем әдебиетінде адам жанының терең иірімдерін, әйел тағдырын, қоғамдағы әділетсіздікті және рухани еркіндікті суреттеген туындылар көп деуге болады. Солардың ішінде ағылшын жазушысы Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр» романы ерекше орын алады. Бұл шығарма алғаш рет XIX ғасырдың ортасында жарық көргенімен, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Романның басты кейіпкері – Джейн Эйр. Қазақша кейде «Джон Эйр» деп қате айтылып жүргенімен, шығарманың негізгі тұлғасы – нәзік жанды, бірақ рухы мықты әйел бейнесі. Бұл кейіпкер арқылы жазушы адам еркіндігі, ар-намыс, махаббат және тұлғалық тәуелсіздік проблемаларын көтереді.

Джейн Эйр – әдебиеттегі ең ерекше әйел бейнелерінің образы. Ол байлыққа, атаққа немесе сыртқы сұлулыққа сүйенген кейіпкер емес. Керісінше, оның басты күші – рухани тазалығы, әділдікке деген сенімі және өзін құрметтей білуі. Жазушы осы қасиеттер арқылы қоғамдағы шынайы адамгершілік құндылықтарды көрсетеді.

Романның басында Джейн Эйр – жетім қалған кішкентай қыз. Ол өз туыстарының үйінде, атап айтқанда Ридтер отбасында тәрбиеленеді. Дегенмен, бұл үй оған жылулық пен қамқорлық сыйламайды. Керісінше, ол үнемі кемсіту мен қорлық көреді. Туыстары Джейнді бөтен адамдай қабылдап, оны үнемі жазалап, мазақ етеді. Осы кезеңде Джейннің мінезі қалыптаса бастайды.

Жас қыз әділетсіздікке төзгісі келмейді. Ол өз құқығын қорғауға тырысады. Бұл оның батыл әрі намысшыл тұлға екенін көрсетеді. Әдетте балалар үлкендердің қысымына қарсы тұра алмайды. Бірақ Джейннің бойында ерекше қайсарлық бар. Ол әділетсіздікке қарсы тұруды ерте үйренеді. Сондықтан да бұл кейіпкер оқырманға бірден әсер етеді.

Джейн кейін Ловуд атты пансиондық мектепке жіберіледі. Бұл мектеп сырттай тәртіп пен тәрбиенің ордасы сияқты көрінгенімен, шын мәнінде өте қатал тәртіп орнаған мекеме еді. Мұнда балалар аштыққа, суыққа және ауыр тәртіпке төзуге мәжбүр болады. Бірақ дәл осы жерде Джейн рухани жағынан шыңдалады.

Ловудта Джейн екі маңызды тұлғамен танысады. Бірі – оның досы Хелен Бёрнс. Хелен сабырлы, кешірімді, мейірімді қыз. Ол өмірдің қиындықтарын философиялық тұрғыдан қабылдайды. Джейн Хеленнен шыдамдылық пен рухани сабырды үйренеді. Екінші тұлға – мектеп мұғалімі мисс Темпл. Ол әділ әрі мейірімді ұстаз. Мисс Темпл Джейнге білімнің, мәдениеттің және адамгершіліктің маңызын көрсетеді.

Осы екі адамның ықпалы Джейннің тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер етеді. Ол білім алып, мұғалім болып жұмыс істей бастайды. Бірақ, уақыт өте келе ол өмірінде жаңа жол іздеуге тырысады.

Жас Джейн гувернантка ретінде Торнфилд сарайына жұмысқа орналасады. Бұл жерде ол үй иесі Эдвард Рочестермен танысады. Рочестер – күрделі, жұмбақ мінезді адам. Алғашында ол Джейнге салқын көрінеді. Бірақ уақыт өте келе олардың арасында ерекше рухани байланыс пайда болады.

Рочестер Джейннің ақылдылығын, шынайылығын және батылдығын құрметтейді. Ал, Джейн оның ішкі қайшылығын, жалғыздығын сезінеді. Осылайша олардың арасында махаббат пайда болады. Алайда, бұл махаббат оңай жолмен келмейді.

Романның ең драмалық сәттерінің бірі – Рочестердің бұрыннан үйленген адам екені белген сәт. Оның әйелі – психикалық ауруға шалдыққан Берта Мейсон – Торнфилд сарайының жасырын бөлмесінде ұсталып отырған. Осы шындық ашылған кезде Джейн ауыр таңдау алдында қалады.

Джейн Рочестерді шын жүректен жақсы көреді. Бірақ ол өзінің ар-намысын бәрінен жоғары қояды. Егер ол Рочестермен бірге қалса, қоғам алдында да, өзінің алдында да адалдығын жоғалтатын еді. Сондықтан Джейн ауыр болса да, Торнфилдтен кетуді шешеді.

Бұл – кейіпкердің ең маңызды моральдық шешімі. Джейн өз бақыты үшін ар-ұятын құрбан етпейді. Ол махаббаттан бас тартуға дайын, бірақ адамдық қадірін жоғалтқысы келмейді.

Осы арқылы Шарлотта Бронте әйелдің де еркін тұлға екенін көрсетеді. XIX ғасырда әйелдер көбіне ер адамдарға тәуелді саналған. Бірақ, Джейн Эйр – өз тағдырын өзі шешетін кейіпкер.

Торнфилдтен кеткеннен кейін Джейн ауыр күндерді бастан кешіреді. Ол аштыққа да, жалғыздыққа да тап болады. Дегенмен, тағдыр оған жаңа адамдарды жолықтырады. Ол Сент-Джон Риверс және оның әпкелерімен танысады. Бұл отбасы Джейнге қамқорлық көрсетеді.

Сент-Джон Джейнге миссионер болып Үндістанға баруды ұсынады. Бірақ, Джейн бұл ұсынысты қабылдамайды. Себебі ол Сент-Джонды сүймейді. Ол тек парыз үшін өмір сүргісі келмейді. Джейн үшін шынайы өмір – махаббат пен еркіндікке негізделген өмір.

Романның соңында Джейн Рочестерге қайта оралады. Алайда, бұл жолы жағдай мүлде өзгереді. Торнфилд сарайы өртеніп кеткен, Рочестер ауыр жарақат алып, көзі көрмей қалған. Бұрынғы мықты әрі күшті адам енді әлсіз күйде.

Джейн осы кезде Рочестердің жанына келеді. Енді олардың қарым-қатынасы тең дәрежеде қалыптасады. Джейн бұрынғыдай тәуелді емес, керісінше рухани тұрғыдан еркін әрі тәуелсіз тұлға ретінде оралады. Ақыры олар бақытты өмір бастайды.

Джейн Эйр – тек роман кейіпкері ғана емес, әдебиеттегі символдық тұлға. Ол әйелдің рухани еркіндігін, адамдық қадірін және әділетке деген сенімін білдіреді. Оның өмір жолы – қиындықтарға толы жол. Бірақ ол ешқашан өз принциптерінен бас тартпайды.

Шарлотта Бронте осы кейіпкер арқылы қоғамдағы көптеген проблемаларды көтереді. Роман әлеуметтік теңсіздік, әйелдердің құқықтары, адамгершілік пен ар-ұят туралы терең ой қозғайды. Сондықтан «Джейн Эйр» тек махаббат романы емес, сонымен қатар рухани күрес туралы шығарма.

«Джейн Эйр» романы – әлем әдебиетінің классикалық туындысы. Оның басты кейіпкері Джейн Эйр – батыл, адал және еркін рухты адам бейнесі. Ол қиын тағдырға қарамастан, өз ар-намысын сақтап қалады. Оның өмір жолы оқырманға үлкен сабақ береді: адам ең алдымен өзінің адамдық қадірін қорғауы тиіс.

Сондықтан Джейн Эйр бейнесі ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Ол – рухани күштің, адалдықтың және шынайы махаббаттың символы. Шарлотта Бронте жасаған бұл кейіпкер әлем әдебиетінде мәңгілік орын алған тұлғалардың бірі деуге болады.

Бейсенғазы Ұлықбек

 Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

 

 

0 пікір