«Дружба» деген «Достық» емес пе?
Немесе техникалық себептердің саяси сипаты туралы
Жас кезімізде Дэниел Ергиннің «Добыча» (всемирная история борьбы за нефть, деньги и власть)» атты кітабын оқып едік. Қара алтынның кәдімгі алтыннан еш айырмасы жоқ екенін сонда түсінгенбіз. Әдебиет «барлық соғыстың себебі – әйел заты» деп үйретсе, саясат «барлық соғыстың себебі – мұнай» деп түсіндіріп жатқанына баршамыз куәміз.
Міне, XXI ғасырдың алғашқы ширегінің соңы осы саяси аксиоманың еш күмән туғыза алмайтын дәлелді қажет етпейтінін тағы да көрсетіп отыр.
Ресейдің Украинаға, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы ашқан соғысының барысында не боп жатқанын, басқасын айтпағанда, ол соғыстардың әлемдік энергетикаға қандай әсер еткенін көріп, біліп жатсыздар.
Ол соғыстардың салқыны Қазақстанға да тиіп жатқанына біраз болды. Украинаның КТК мұнай тасымалдау құбырын бомбылауы, Ормұз бұғазындағы жағдай қара алтынның бағасын екі есе өсіріп жібергені көз алдымызда.
Енді, міне, жағдай одан сайын ушығып бара жатқан сияқты.
Осыдан екі күн бұрын БАҚ «Ресей 1 мамырдан бастап Қазақстаннан «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға тасымалданатын мұнай экспортын тоқтатуды жоспарлап отыр» деп ақпараттық анонс таратқан болатын.
Экономикасы мұнай мен газға телініп қалған, ал бюджеті мен Ұлттық қоры осы екеуін сатудан түскен қаржыға тікелей тәуелді қазақ үкіметі бұл туралы ресми түсініктеме бере қойған жоқ (салалық вице-министрдің комментарийі мұндай жағдайда жеткіліксіз екені түсінікті), бұл жайттың халақаралық резонансы болатынын сезген ресей жағы болса, өзінше ақталып жатыр: РФ президентінің баспасөз хатшысы Песков қазақстандық мұнайды Германияға тасымалдаудың тоқтатылуы техникалық сипаттағы факторларға байланысты екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Қазақстан мүддесі толық ескерілетінін, ал серіктестер үшін қажетті мұнай көлемі басқа логистикалық бағыттарды пайдалану есебінен сақталатынын атап өтті.
Жөн делік.
Алайда, ол неткен техникалық себептер екені нақты айтылмапты. Сол жағы күмәнді.
Песков айтып отырған «басқа да логистикалық бағыттарға» аракідік Украин дрондарының шабуылына ұшырап отыратын КТК мұнай құбыры болса, оның жағдайы бесенеден белгілі. Оған да аса сенім жоқ.
Мамандардың айтуынша, құбырды жөндеу жұмыстары екі-үш айға (тіпті одан да ұзақ мерзімге) созылып кетуі мүмкін. Германия осы уақыт ішінде балама маршруттар тауып алса, кейін Қазақстан мұнайы немістерге қажет болмай қалуы да мүмкін емес пе?
Және де «Дружба» арқылы басқа да елдердің мұнайы тасымалданбай ма? Неге тек қана қазақтың мұнайына осындай тыйым салынып отыр?
Осы жайсыз жағдайға қатысты менің өз долбарым бар.
Осы күндері бірқатар кремльшіл БАҚ (мәселен, «Независимая газета») Жаңа Қазақстан үкіметінің инвестиция тартуда «тым батысшыл» боп кетіп, Ресейдің мүддесін ұмытып бара жатқанын шырылдап жазып жатыр. Ол мақалаларда тіпті қоқан-лоққы да сезіледі, «бұлай болса берсе, арты жаман болады» деген сес көрсетіп, қауіптендіру де жоқ емес. Тіпті «кезінде тым батысшыл боп кеткен» деп айыптап, сол себепті басына күн туған Украинаның тағдырын мысалға келтіруде.
Өз басым экономикамызға инвестиция тартуда бір елге ғана қарап қалмай, Батыспен де, Шығыспен де, Оңтүстікпен де, Солтүстікпен де терезесі тең әріптестік қарым-қатынас орнатқанымыз жөн деп санаймын.
Сол себепті «Дружба» мұнай құбырының, Песков айтып отырған «техникалық себептерінің» саяси сипаты боп қалуы тіпті ғажап емес.
Әрине, барлық кінә кезінде мұнай мен газ тасымалын диверсификацияламаған ескі Қазақстан жағында. Оны бәріміз де түсінеміз.
Олай болса, Ресей жағы өзі бастап отырған осы кикілжіңді пайдаланып, оның мұнайымызды тасымалдаудағы монополиясынан біржолата құтылып, өз күнімізді өзіміз көрудің қамын ойластырып, тиісті шараларды қолға алуымыз керек шығар...
Әміржан Қосан
Abai.kz