«ӘДІЛЕТҚИССА»: Ермұрат Бапи, Әміржан Қосан
Бірінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Жасарал Қуанышәлі, Хасен Қожахмет
Екінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Айсұлу Қадырбаева, Дос Көшім
Белгілі қоғам қайраткері, «Азат» қозғалысының белді басшыларының бірі, саясатшы Сағат Жүсіптің 2010 жылы жарық көрген «Әділетқисса» кітабынан үзінділер жарияламақпыз...

Сурет: С.Ерғалидың мұрағатынан алынды.
Сағат Жүсіп:
Қазақтың танымал саяси тұлғалары жөнінде қысқаша, үстірт көзбен жазылған осы пайымдауларымды тек қана жақсы ниетпен, ықыласты сезіммен жазғанымды айтқым келеді.

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.
Владимир КОЗЛОВ туралы
Кейбір адаммен тез шүйіркелеесің, тез дос боласың. Ондай кісілер аз уақытта өзінің барлық жақсы жағын да, әлсіз қырларын да оңай ашып көрсетеді. Кейбіреулер керісінше, жабық, тұйық мінезді, өзіне жақындатуға асықпайды. Сыр ашуға, дос болуға шақырмайды.
Владимир Иванович – құпиялығы, жабық жағы басым, сыр бермейтін жігіт. Жақындап кілтін іздеп, сыр тартып баққаныңмен, бәрібір ештеңе бітіре алмайсың. Владимирдің бұл мінезі дүшпандарына тиімсіз. Оның әлсіз, осал жақтарын білмек болғандар осы жағының кілтін таба алай жүр. Таба алмаған сайын оның осал жақтарын тапқысы келгендердің қатары азайып келеді. Себебі, құпиясын оңай аштыратын, сырын тез білетіндерден «с тобой все ясно» деп тез жерисің.
Қазақстандағы демократияның ең басты жетелеуші күші, қозғаушысы қазақ аудиториясы, қазақтілді жұртшылығы деп, осы проблеманы қазақ еместердің арасында алғашқы көтергендердің бірі Владимир Козлов екенін айтқан жөн.
Владимирдің мінезі мен жан дүниесінен марқұм Батырхан Дәрімбетке ұқсастықты байқаймын. Батырхан Владимирмен жақын сырлас болатын. Тұйық мінезділік, тастан да ауыр салқынқандылық, ішкі батылдық пен қайраттылық Батырханның жаратылысына тән. Дәл сондай қасиетті Владимирдің жаратылысынан да байқаймыз.

Сурет: datnews.info сайтынан алынды.
Ермұрат БАПИ туралы
Ермұратты қазақ журналистерінің ішіндегі ең ержүрегі, ең өткірі, ең тапқыры деп санаймын. Билік орындарының Ермұратты сол шешімімен редактор болдырмаймыз деп, ойлатып тапқан топас тірлігін ол тапқырлықпен жеңді.
«Редактор болмасам болмай-ақ қояйын, бірақ кім маған Оқырман болмайсың деп тыйым сала алады» деп Бас оқырман деген атаққа ие болуы қазақ журналистикасының тарихындағы жаңа құбылыс, жаңа үлгі және тапқырлық. Осындай билікті мазақ етіп, шенеуніктердің әбден ызасын келтірген Ермұраттың осы үлгісі биліктің топастық әрекетін су сепкендей тыйды. Саяси тайыздығын бетіне басып, біздің айызымызды қандырып сүйсіндірді.
Ермұратқа бір рет қарным ашты. 2008 жылы «Нағыз Ақ жол» партиясы «Азаттың» атын алған кезде Болаттың қолшоқпарына айналып, қазақ үшін қасиетті саналатын «Азат» қозғалысына айтқан: «сүйегі қурап қалған «Азат» қозғалысы» деген жалғыз маған емес, азаттықтардың және «Азатқа» тілектестердің көңіліне қаяу салған сөз болды.
Өзін демократпын деп санайтын кейбір қазақ жігіттерінің анда-санда «Азат» қозғалысына, ұлтшыл патриоттарға қарай тас лақтырып қалуға құмарлығын, ыңғайы келсе мұқатып қалуға ептілігін түсінбедім. Өзінің бұл тіртілігінің демократияға емес, билікке жағып тұрғанын байқамайтыны ма? Әлде, өзім қатыспаған, өзім құрмаған саяси ұйымдардың бәрін маңызды емес деп санаймыз ба? Демократ болу ұлтын жақсы көруден басталады емес пе?!
Бұл пікірімнің Ермұратқа деген мөлтек ойыма сайма-сай келіп қалғанына Ерекең маған ренжімесе деп ойлаймын.

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.
Әміржан ҚОСАНОВ туралы
Мен көрген, білетін қазақ саясаткерлерінің ішіндегі ең таланттысы, ең ұтқыр көрінетіні осы азамат. Әміржан орысша сөйлегенде: «Орысша оқыған, орысша мәдениет алған, ауылды көрмеген («асфальтный қазақ») екен деп қабылдайсың. Орысша сөзінің шұрайлылығы, жетіктігі сонша, бір қылау акцент, кемшілік таба алмайсың.
Өміржанды алғаш рет қазақ аудиториясының алдында көрген адам: «Ауылда өскен жігіт екені бірден көрініп тұр. Әттең орысшасы нашар болар. Сол жағынан өмірде қиыншылық көріп жүрген болар» деп топшылаған болар еді.
Әміржаның ұлттық санадағы тәрбиелілігі, әдептілігі, кішпейілділігі қазақ жастарына үлгі бола алады. Терең білімді, ақын, әнші, сегіз қырлы саясаткер.
Сөз бен іс, пиғыл мен қимыл жағы сәйкес келсе, біз білетін қоғам, мемлекет қайраткерлерінің бірде-бірі Әміржанға тең келе алмас еді.
Abai.kz