Биігі алда!
Бір күні ауылдың қарапайым бозбаласы үйінде отырып ән шырқайды. Ағасы оны бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жібереді.
Міне, осы сәттен бастап аталған жас баланың өмірі 180 градусқа өзгереді. Телефонына Елордасы - Астана қаласынан қоңырау түсіп, қазіргі К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің музыкалық театр актері мамандығына шақырту түседі. Жас жігіт оған қуанғанымен аяқ-астынан аяулы анасы дүниеден өтіп, отбасының басына үлкен қайғы келеді. Бірақ, асқар тау әке баласына ақ батасын беріп, ата жұртына шығарып салады. Мейірімді әкенің батасын алған ол азамат бүгінгі Астана музыкалық жас көрермендер театрының актері Нұржас Садырбаев болатын.
Сонымен, әке батасымен, өнерге деген жалынмен, К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің музыкалық театр актері мамандығына оқуға қабылданады.
Актер жаны – сахнада адам образын шынайы жасау үшін актердің өз ішінде жүретін сезім, толғаныс, ой, эмоция жиынтығы. Ал Нұржас театр алаңында осы қасиетті жақсы ұғынады. Өнерсүйер қауым Нұржасты Ғ.Мүсіреповтің "Қыз Жібек" мюзикліндегі Төлеген, М.Әуезовтің "Абай-Тоғжан" драмасындағы Абай, Д.Исабековтің "Гаухартас" музыкалық драмасындағы Қайыркен арқылы жақсы таниды.
"Төлеген-Нұржас" көзіндегі жалындаған оты бар, тек қана Жібекті ғана емес, өзге де, аруларды көзқарасымен ғашық етер кейіпкер. Нұржас Төлегенді рухани таза, әділетті, мәрт кейіпкер ретінде көрсетеді. Сондай-ақ, Төлеген актер орындауында тек жеке кейіпкер ретінде емес, махаббат жолында күрескен, ерлік пен адалдықты ту еткен халықтық сипаттағы тұлға етіп бейнеленеді. Оның трагедиялық тағдыры арқылы Нұржас сүйіспеншілік құрбандығын, адамдық мұраттың жоғарылығын көрсетеді.
Нұржастың ерекше кейіпкерлерінің бірі - Абай бейнесі. "Нұржас-Абай" албырт сезім мен адалдықты қатар ұстанған, өзінің айналасын жақсылыққа бөлейтін жас ақынның бейнесі. "Абай-Нұржас" ұлы ақынның жастық кезіндегі серілік дәуренің, еркелігін ұтымды көрсете алды. Нұржас ойынынан Тоғжанға деген қатынасын, Ерболға деген сыйластығын, Құнанбайға деген құрметін жете түсінген Абайды көреміз. Драмадағы Абай – рухани биік, адамдық мұраты мықты, жүрегі нәзік, ақылы озық тұлға. Оның бейнесі қазақ әдебиетіндегі ең әсем романтикалық және философиялық кейіпкерлердің бірі ретінде көрінеді.
Дулат Исабековтің "Гаухартас" музыкалық драмасы көпшіліктің жүрегінен орын тапқан қойылым екені даусыз. Нұржас аталмыш туынды да, Қайыркенді нұсқалайды. "Қайыркен-Нұржас" энергияға толы әрдайым өмірге оптимизммен қарайтын жан. "Қайыркен-Нұржас" ақылды еркеліктің символы. Оның әкесіне, анасына, ағасы мен жеңгесіне деген ақ пейілі көрерменді сүйсінтеді.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ә.Сығай: «Актер - жүрек, бас, жүрек», - дейді. Яғни, рөлді жүрегімен қабылдап, миға салып ойланып, жүрегімен көрерменге жеткізеді. Даңқты сыншының ұлағатты сөзі, "Нұржас-Қайыркеннің" Салтанатпен қоштасатын сахнасына айтылғандай. Өйткені, "Қайыркен-Нұржас" Салтанаттың зияратымен қоштасып жатқанда, осыдан бірнеше жыл бұрын өзінің анасының бейітімен қоштасқан сәті есіне түседі. Міне, жүрекпен жеткізу деген осы. Нұржастың бағындырар биігі алда!
Бахтияр Тұрсын
Театртанушы
Abai.kz