Бейсенбі, 11 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 346 0 пікір 11 Желтоқсан, 2025 сағат 14:26

Әділдікке негізделген бейбіт қоғам

Сурет: farabi.university сайтынан алынды.

Бейбітшілік пен тұрақтылық-кез-келген мемлекеттің өркендеуін айқындайтын негізгі өлшемдер. БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібінде белгіленген 16-мақсат – «Бейбітшілік, әділдік және мықты институттар» осы қағидаттардың маңызын әлем елдеріне тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Бұл мақсаттың мәні тек қақтығыстарды болдырмау немесе қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелмейді. Оның өзегінде қоғамдағы әділеттілік деңгейін көтеру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету міндеті жатыр. Бейбіт қоғам-әлеуметтік тұрақтылықтың, экономикалық дамудың және рухани тұтастықтың кепілі. Егер қоғамда сенім мен келісім орнаса, мемлекет ұзақ мерзімді даму стратегияларын табысты жүзеге асыра алады. Керісінше, тұрақсыздық пен әділетсіздік елдің өркендеуіне елеулі кедергі болып, әлеуметтік жіктелу мен сенім дағдарысын күшейтеді.

Сондықтан бейбітшілік құру кез-келген елдің стратегиялық басымдығы. Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда білім беру ұйымдарының үлесі ерекше. Бұл тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, соның ішінде Заң факультетінің жұмысы айрықша маңызға ие. Университет жастарға тек құқықтық білім беріп қана қоймай, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, әділдік пен азаматтық ұстаным қағидаларын сіңіруге бағытталған жүйелі іс-шаралар ұйымдастырады. Пікірталас алаңдары, ғылыми конференциялар, құқықтық ағарту акциялары, тренингтер – студенттердің қоғамдағы өз рөлін дұрыс түсінуіне ықпал етеді.

Факультет  студенттері 16-мақсаттың мазмұнын тек теория жүзінде емес, практикалық тәжірибе арқылы да меңгеруде. Олар сыбайлас жемқорлықтың салдарын, құқық қорғау органдарының функцияларын, сот жүйесінің әділдігін қамтамасыз етудің құқықтық жолдарын жан-жақты талқылайды. Бейбіт қоғамды қалыптастырудағы заңгердің рөлі, құқықтық реформалардың тиімділігі, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – олардың зерттеу нысанына айналған өзекті мәселелер. Студенттер қатысатын құқықтық акциялар мен әлеуметтік жобалар олардың азаматтық көзқарасын қалыптастырып, кәсіби дағдыларын шыңдайды. Университет қабырғасынан басталған әділдік мәдениеті олардың болашақ мамандық жолында да берік ұстанымға айналады.

Заң үстемдігі мен әділдік – бейбіт қоғамның негізгі тірегі. Азаматтар заңның әділ қызмет ететініне сенгенде ғана олардың мемлекетке деген құрметі артады. Әділ сот жүйесі, шынайы есеп беретін мемлекеттік органдар, ашық шешім қабылдау тетіктері-тұрақты дамуға жол ашатын маңызды алғышарттар. Заң алдында теңдік қағидасы сақталғанда ғана қоғамда сенім мен тәртіп орнайды, ал бұл өз кезегінде тұрақтылықты нығайтады.

Қазақстан да осы бағыттағы міндеттерді жүйелі түрде іске асырып келеді. Мемлекет құқықтық саясатты жаңғырту, сот жүйесін ашық ету, құқық қорғау органдарының қызметін оңтайландыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту саласында ауқымды реформалар жүргізуде. Бұл – халықаралық талаптарға жауап беретін заманауи құқықтық мемлекет қалыптастыруға жасалған батыл қадамдар. Әрбір азаматтың құқығын қорғауға жағдай жасау-еліміздің ұлттық саясатының өзекті бөлігі.

Тиімді институттардың болуы – әділ және бейбіт қоғам құрудың тағы бір маңызды қыры. Тиімді институттар тек мемлекеттік басқару саласымен шектелмейді; оған бизнес, қоғамдық ұйымдар, медиа және халық арасындағы ашық диалог та кіреді. Мемлекеттік органдардың ашықтығы, есептілігі, қолжетімділігі – халықтың сенімін нығайтатын негізгі шарт.

Білім ордамыздың оқу бағдарламаларында басқару жүйесін құқықтық талдау, саяси ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру сияқты мәселелер кеңінен қамтылған.Әр азамат бейбітшілік пен әділдікті нығайту ісіне үлес қоса алады. Бұл-тек мемлекеттік құрылымдардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Құқықтық мәдениеті жоғары, әділдікке адал көзқарастағы жастар қоғамның дамуына серпін береді. Университет жастары осы жауапкершілікті сезініп, күнделікті өмірден бастап әділеттілік қағидаларын ұстануға ұмтылуда. БҰҰ-ның 16-мақсаты әлем елдеріне бейбіт, әділ және тиімді институттарға негізделген қоғам құрудың жолын ұсынады. Бұл жолда мемлекет, білім ұйымдары, азаматтық қоғам және әрбір жеке тұлға ортақ мақсатта күш біріктіруі қажет. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Заң факультеті осы игі істің бір бөлшегіне айналып, болашақ құқық саласының мамандарын әділдікке берік, азаматтық ұстанымы жоғары тұлға етіп тәрбиелеуде айрықша үлес қосып келеді.

Темірболат Н.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушысы

Abai.kz

0 пікір