Бейсенбі, 18 Желтоқсан 2025
Билік 255 0 пікір 18 Желтоқсан, 2025 сағат 13:25

Күншығыс еліне сапар Қазақстанға не береді?

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Кеше кеште Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды. Қазақстан Президентін Токио қаласының Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды.

Мемлекет басшысы Жапония императоры Нарухитомен және Премьер-министр Санаэ Такаичимен келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған.

ИМПЕРАТОРМЕН КЕЗДЕСУ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Президент қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Императорына ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.

Император Нарухито Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі уақиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты.

Мемлекет басшысы мен Император өзара ынтымақтастық мәселелері және халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты.

Осыдан соң, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Император Нарухитоның атынан ресми қабылдау өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Император Нарухито емен-жарқын кездесуден кейін жылы қоштасты.

ҒИБАДАТХАНАНЫ АРАЛАУ

Мемлекет басшысы Жапонияға ресми сапары барысында Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасына барды.

1920 жылы салынған кешен императорлық киелі орын саналады. Оның аумағында 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл желегі бар саябақ орналасқан. Ғибадатхана түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу арқылы Жапонияны әлемнің дамыған елдерінің біріне айналдырған император Мейджиге арналған. Кешенмен танысқан соң Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.

«Мейджи Джингу – берекелі бірлік пен ұлттық сана-сезімнің символы. Жапон халқы үшін осы қасиетті ғибадатхананың тарихи мән-маңызы ерекше. Күншығыс елі өсіп-өркендей берсін!» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін Қазақстан Президенті Жапония Премьер-Министрі Санаэ Такаичимен, сондай-ақ Жапонияның іскер топтарының өкілдерімен кездеседі. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Орталық Азия-Жапония саммитінің жұмысына қатысады.

Жапонияның Орталық Азияға қызығушылығы қысым көрсету саясаты емес, керісінше тұрақтылық экономикасы: энергетика, көлік, экология және тәуекелдерді басқару.

Abai.kz

0 пікір