Ұлтты табысты етудің кілті – тұлға тәрбиелеуде жатыр!
Әлемдік тарихтың заңдылығы айқын. Табысты мемлекеттердің барлығы халық пен биліктің арасында орныққан сенім көпірі, оның ішінде адам сапасы арқылы биікке көтерілген. Бүгінгі Қазақстан да дәл осындай тарихи таңдаудың алдында тұр. Бізде табиғи байлық бар, әлеует мол, геосаяси мүмкіндіктер зор. Бірақ бір ғана сұрақ жанды мазалайды: Неге осы мүмкіндіктер толық іске аспай жатыр?
Халық «Үкімет бізді тыңдамайды» дейді. Тиісті құрылымдар «Бұқара жауапкершілік алмайды» деп шыр-пыр. Шын мәнінде, мәселе – екеуінің арасында үйлесімнің әлсіреуінде.
Демек, бүгінгі күннің басты міндеті – ұлтты табысты ететін стратегия қалыптастыру. Бұл стратегия халықтың күші мен мемлекеттің тетігін бір арнаға тоғыстыруы тиіс. Ал бұл жерде бәрі жеке тұлғаның сапасы мен рөліне келіп тіреледі.
Кез келген өркениетті елдің негізі – жеке тұлға. Жеке тұлға отбасынан басталады, отбасы – қоғамның ұясы, қоғам – халықтың бейнесі. Бұл тізбек адамнан басталып, мемлекет құрылымына дейін жалғасады. Тіптен, бұл туралы күнгей жақта мынадай аңыз әңгіме бар. Баяғыда Жасаған ие Жерді жаратқанда, басқалардан ерекшелеп кең Даланы да түзіп, оған бір жалғыз алыпты түсіріпті. Ол адамның аты – Тұлға екен. Тұлға далада жалғыз жүріп, жердің дәмін, судың қасиетін, аспанның тынысын таныпты. Бірақ жалғыздық жанын жегідей жеп, күннен күнге семе беріпті. Сонда Тәңір оған түсінде періштелері арқылы аян беріп:
– «Сен жалғызбын деп ойлама. Сенің бойыңнан сан ұрпақ тарамақ. Сөзіңнен – дәстүр, ісіңнен – мәдениет, күресіңнен – халық пайда болмақ», – дейді.
Оянған Тұлға, Құдіреттің назар қуатымен жұбын тауып, уақыт өте ұрпақ өрбітеді. Сол ұрпақтар көбейіп, ортақ тіл тауып, бір-біріне сүйеу болып, үлкен қауымға айналады. Қауым ішінде әркім өз өнерін, өз арманын, өз үлесін қосады. Бірі – аңшы, бірі – жауынгер, бірі – ақын, бірі – ұстаз. Әркімнің шамы қосылып, бір үлкен отқа айналады.
Алайда қауым бірлігіне сын түседі: әркім өз мүддесін қуып, дау-дамай күшейеді. Сонда дана қариялар «Бізді бірлікке шақыратын, әділ төрелік айтатын, ертеңге бастайтын бір ортақ шаңырақ керек» дейді.
Осы кезде қауым ішінен дара шыққан бір аса беделді, көшбасшы Әділ есімді кісі көтеріліп:
– «Мен сендердің үстіңнен әмір жүргізу үшін емес, сендерді әуелі өздеріңнен, сосын сыртқы жаудан қорғау үшін бармын. Сендерден күш алып, сендерге күш қайтару үшін бармын. Мен – сендердің бірлігіңнің бейнесімін. Бұдан былай бей-берекет қауым емес, «халық» болдық. Халықтың ортақ шаңырағы бар. Енді ұлысты елміз», – дейді.
Сол сәттен бастап жаңа халықтық мәртебе тапқан жұрт мәміле етіп, өз ықыласымен оны «Мемлекет» деп атайды. Сөйтіп, мемлекет – бір адамның билігі емес, бүтін халықтың рухынан туған ортақ ерік нышаны екен. Кейін осы ел күшейіп, жан-жағын жаулап, билеушісі – «Қағыбаушы», ал оң қолы «Уәхил» деп аталып, 41 ұлыстан тұратын ұлы қағанатқа айналыпты деседі.

Бұл орайда біз осы жәдігер сырдан шабыт алып, ұлтты табысты етудің бірегей схемасын әзірледік. Соны назарға ұсынамыз.
Схеманың қысқаша мағынасы мынадай. Суретте ұлттың «Мақсатқа!» (табысты, бәсекеге қабілетті, тұрақты қоғамға) жетуі үшін барлық негізгі акторлар – Ел, Халық, Мемлекет, орталық және аймақтық органдар, қоғамдық ұжымдар, отбасы, жеке тұлға және шенеунік – бір ортақ тапсырма: «Дамуға жағдай жасау» үшін өз үлестерін қосады. Орталық шеңбер – барлық қатысушылардың бірлескен ықпалы арқылы қалыптасатын «жағдай» (инфрақұрылым, заң, білім, әлеуметтік қорғаныс, нарықтық және мәдени орта).
Бірақ бұл мақсаттың шынайы мәні мүлде тереңірек: билік те, қоғам да, отбасы да – бәрі «Келешек ұрпақ қамы» деген бір ортақ мұраттың төңірегінде топтасуы керек. Мұны барлық мақсаттардың өзегіне айналған түпкі мақсат, барлық міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы деуге болады. Басқа міндеттердің бәріне мән беретін де, оларға бағыт-бағдар көрсететін де – осы. Ол қоғамның ресурстары мен күш-жігерін, адамдардың ниеті мен жігерін бір арнаға тоғыстырып, нақты нәтижеге жетуге жетелейді.
Мұнда сөз тек халық санының өсуі туралы емес, ел ертеңін қалыптастыра алатын, жауапкершілікті сезінетін, қуатты да парасатты ұрпақты тәрбиелеу туралы болып отыр.
Ел аузында Абайдың өз өз шығармашылығына масаттанып: «Әке! Мен сізден асып тудым», – деп әсірелеп қойғанда, Құнекеңнің: «Менен асып туамын десең, алдымен маған ұқсап өзіңнен асырып ұл туғыз» , – дегені айтылады. Не деген тәмсіл!
Тиісінше төменде әр бөлікті кеңінен түсіндірдік және олардың өзара байланысын нақтыладық:
Ел (мемлекеттердің геосаяси контексті). Оның маңызы мен рөлі мынау: ел – тарихи, экономикалық және геосаяси орта. Оның табиғи ресурстары, географиясы, демографиясы, халықаралық орны – барлығы ұлттық даму мүмкіндіктеріне және шектеріне әсер етеді.
А. Халық (азаматтық қоғам). «Халық» деп заң және құқық саласында тұтас тарихы, тілі, мәдени сипаттамасы бірдей, мүшелері басқа топтардан өзіндік ерекшеліктерімен айрықшаланатын, бірі мен бірі байланысты екендігі жайлы идеяны бөлісетін қауымдастық түсініледі.
А-1: Қоғамдық ұжымдар (ұйымдар, кәсіпорындар, үкіметтік емес сектор және т.б.). Қоғам – экономикалық және рухани біртұтастықпен, өмір сүру жағдайын ұйымдастырудың тұтастығымен сипатталатын, белгілі бір аумақтағы адамдар бірлігі.
А-2: Отбасы – балалар тәрбиесін жүзеге асырып, басқа да қоғамдық тұрғыдан мәнді қажеттіліктерді қанағаттандыратын некелік немесе туыстық қатынастармен байланысқан адамдар тобы.
А-3: Жеке тұлға – қоғам мүшесі, азамат, жұмысшы ретінде әлеуметтік рөлі бар, қоғамның үлкен мүшесі ретінде және әлеуметтік әрекеттердің жан-жақты түрлерінің субъектісі ретінде сипатталатын әлеуметтік айтарлықтай сапаға ие адам.
Жеке тұлға – көптеген мемлекеттердің азаматтық заңнамасында ұжымдық қалыптасу (ұйым) болып табылатын заңды тұлғадан ерекшелігі азаматтық құқық субъектісі ретіндегі жеке азамат.
Ендігісі мыналар:
В. Мемлекет (институциялық орта). Қызметтік рөлі қоғамның ұйымдастырушылық рамкасын қамтамасыз етеді. Заң, реттеу, бюджеттік саясат – мемлекет арқылы жүзеге асады. Негізгі функцияларына заң шығару, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, макросаясатты жүргізу (қаржы, салық, білім, денсаулық), теңдік пен әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру жатады. Атқаратын шаралары да кең: ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуден бастап құқықтық реформалар; экономиканы ынталандыратын саясат, инфрақұрылымға инвестиция. Яғни саяси сөздіктердегі анықтамасы «Билікті ұйымдастыру түрі, қоғамның саяси жүйесінің негізгі әлеуметтік институты» дегенге саяды.
В-1: Орталық мемлекеттік органдар. Рөлі: ұлттық деңгейдегі саясатты қалыптастырып, үйлестіреді – министрліктер, мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық жоспарлау. Негізгі функциялары болса, ұлттық бағдарламаларды дайындау, бюджеттік бөлу, стандарттар орнату, халықаралық келісімдерді орындау сынды тізбек. Шаралары: нақты әрі нәтижеге бағдарланған бағдарламалар, мониторинг пен бағалау жүйелері, деректерге негізделген шешімдер. Өз кезегінде орталық мемлекеттік органдардың анықтамасын тек атқарушы билікпен шектемей, Қазақстандағы мемлекеттік биліктің барлық тармақтарымен (Парламент, Президент, Сот билігі және т.б.) байланыстыра таныған жөн.
В-2: Аймақтық мемлекеттік органдар. Бұлардың рөлі орталық саясатты жергілікті жағдайға бейімдеп, жүзеге асырушы – әкімдік, облыстық басқармалар арқылы көрініс табады. Негізгі функциялары: жергілікті қажеттіліктерге сәйкес қызметтер көрсету, жергілікті инфрақұрылымды дамыту, аймақтық даму жобалары. Шаралары: жергілікті бюджеттер мен инвесторларды тарту, басқару қабілетін арттыру, аймақаралық теңгерімді қамтамасыз ету. Сонда «Аймақтық мемлекеттік органдар дегеніміз – Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктерінде (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар мен қалалар) қызмет ететін, тиісті аумақ көлемінде мемлекеттік саясатты іске асыратын және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері болып табылатын мемлекеттік билік органдары».
Негізгі сипаттары да «Аймақтық органдар республикалық емес, белгілі бір аумақтық деңгейде (облыс, аудан, қала) жұмыс істейді» деп тағысын тағылары кете береді. Олар орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері немесе жергілікті атқарушы органдар болып табылады. Мемлекеттік саясатты аймақтық деңгейде жүзеге асыруға, халықпен тікелей жұмыс істеуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес әрекет етеді, әкімшілік-аумақтық бөлініске сай ұйымдастырылады.
Қазақстандағы аймақтық мемлекеттік органдарға мысалдар:
- Облыс, аудан және қала әкімдіктері – жергілікті атқарушы билік органдары (әкімдер Үкімет пен Президенттің өкілдері ретінде әрекет етеді).
- Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері:
- Облыстық полиция департаменттері (ІІМ-ге бағынады);
- Мемлекеттік кірістер департаменттері (Қаржы министрлігіне бағынады);
- Әділет департаменттері (Әділет министрлігіне бағынады);
- Білім беру, денсаулық сақтау басқармалары және т.б.
- Мәслихаттар – аймақтық өкілді органдар, жергілікті халық атынан шешім қабылдайды.
Қазақстан жағдайында аймақтық мемлекеттік органдар – орталық мемлекеттік органдардың аумақтық деңгейдегі тармақтары мен жергілікті атқарушы және өкілді билік органдарының жиынтығы. Олар мемлекеттің жалпы саясатын облыс, қала, аудан деңгейінде нақты іске асырып, халық пен орталық билік арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады.
В-3: Шенеунік (мемлекеттік қызметші) Рөлі: саясат пен қызметті іс жүзінде іске асыратын тұлға. Оның адалдық, кәсібилік және тиімділігі мемлекеттік қызметтің сапасын анықтайды. Негізгі функциялары: бағдарлама орындау, қызмет көрсету, стандартты орнату, есептілік. Шаралары: меритократия, ашық іріктеу, біліктілікті көтеру, антикоррупциялық тетіктер, қызмет көрсетуді цифрландыру.
Оның да ұғымдық анықтамасы нақпа-нақ: Шенеунік – мемлекеттік мекемелерде істейтін қызметкерлер. Яғни елдегі мемлекеттік билік пен басқару функцияларын атқаратын, мемлекеттік органда белгіленген қызметтік өкілеттіктері бар және мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес міндеттерді орындайтын тұлға.
Қазақстандағы шенеуніктердің түрлері:
- Саяси мемлекеттік қызметшілер – саяси тағайындау арқылы келетін тұлғалар (министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер және т.б.).
- Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер – кәсіби негізде мемлекеттік аппаратты қалыптастыратын кадрлар (департамент директорлары, бөлім басшылары, жетекші мамандар және т.б.).
Қазақстан жағдайында шенеунік – мемлекеттің атынан өкілеттік жүргізетін, қоғам алдындағы жауапкершілігі бар, заңмен белгіленген қызметтерді атқаратын мемлекеттік қызметші. Ол мемлекеттік басқарудың негізгі тетіктерін іске асыратын тұлға болып табылады.
С. Орталық шар – «Дамуға жағдай жасау»
Бұл – жоғарыда айтылған барлық элементтердің біріккен жұмысы арқылы пайда болатын нақты орта: заңдық айқындық, экономикалық мүмкіндіктер, инфрақұрылым, білім беру жүйесі, әлеуметтік қорғау, сенім және мәдениет. Әр актор өз мүмкіндігі мен рөліне сай осы ортаны қалыптастырады: мемлекет – саясат пен ресурстар арқылы, халық пен жеке тұлға – еңбекпен және белсенділікпен, қоғамдық ұжымдар мен шенеуніктер – орындаушылықпен және инновациямен.
Олай болса, олардың арасындағы өзара байланысқа түсініктеме берелік:
Ел жоғарыдан ортақ стратегия мен сыртқы ортаны анықтайды һәм сол стратегия халық пен мемлекетке бағыт береді.
Халық (сол жақ баған) — Қоғамдық ұжымдар → Отбасы → Жеке тұлға тізбегі арқылы әлеуметтік капиталды, дағдылар мен құндылықтарды өндіреді. Олардың әрқайсысы «Дамуға жағдай жасауға» өз үлесін қосып, оны нығайтады.
Мемлекет (оң жақ баған) — Орталық органдар → Аймақтық органдар → Шенеунік тізбегі арқылы саясатты дайындап, орындауға жауапты. Олар да ортаны жасауға тікелей әсер етеді.
Барлық осы түйіндерден шыққан ақпарат, нәтиже және тәжірибе қайтадан акторларға кері байланыс ретінде оралады. Сондықтан жүйе бір бағытта ғана емес, кері байланыстары бар динамикалық процесс.
Нәтижесінде орталықта қалыптасқан «жағдай» (инфрақұрылым, құқықтық орта, мәдени климат) мақсатқа – ұлттың табысты, тұрақты дамуына жетелейді.
Сонымен, ұлттың табыстылығы – бұл тек бір институттың емес, барлық акторлардың үйлесімділігі мен өзара сенімі болып шықты. Сол себепті тиімділіктің кілті — жоспарлау + орындау + кері байланыс + өлшеу: айқын ұлттық стратегия, аймақтық икемділік, қоғамның қатысуы, отбасы мен жеке тұлғаны қолдау, шенеуніктердің кәсібилігі және ашықтық. Бұл компоненттердің әрқайсысына мақсатты инвестициялар мен реформалар жасалса ғана «Дамуға жағдай» құрылады және «Мақсатқа» жетеді.
Ал бұл жерде жеке тұлғаның рөлі өте зор. Тағы да қайталап айтамыз: «Жеке тұлға рөлі өте зор».
Егер біз халықтың ішінен нағыз тұлғаларды тәрбиелей алмасақ, жағдай қиын. Себебі адам қандай мундир кимесін – әскери форма, сот мантиясы, шенеуніктің кәстөмі болсын немесе басқа бір лауазымдық рәміз болсын, оның ішкі болмысы бәрібір, ерте ме, кеш пе, сыртқа шығады.
Тұлғалық кемелдік, саналық деңгей мен жауапкершілік жоқ жерде сыртқы атақ-лауазым, шен-шекпен ештеңені алмастыра алмайды. Ішкі дүниесі қалыптаспаған, рухани-адамгершілік ұстанымдары жоқ адам әлсіздікке, өзімшілдікке немесе үйреншікті дағдының жетегіне еріп кетеді. Ал сыртқы биліктің кез келген формасы мұндай олқылықты жасыруы мүмкін, бірақ түбегейлі түзете алмайды.
Сондықтан да үлкен әріппен жазылатын Тұлға тәрбиелеу – мықты халық қалыптастырудың негізгі шарты. Санасы биік, адамгершілігі зор, жасампаз қуаты жоғары адамдар ғана қоғамды өзгертіп, елді тұрақты дамуға бастай алады және оның құндылықтарын қорғай алады.
Мемлекеттің бүкіл аппараты мен қуаты осы жеке тұлғаның сапасын арттыруға жұмыс істеу керектігі айтпаса да түсінікті. Бәрінің кілті сонда жатыр. Мысалы, ғылым тіліне салсақ, жеке тұлға және оның мемлекеттегі рөлі туралы социологиялық теориялар жетерлік. Жеке тұлғаға қатысты социологиялық көзқарастар оның қоғамдағы орны мен қызметін әртүрлі қырынан түсіндіреді. Бұл тұрғыда рөлдік теория, символикалық интеракционизм, құрылымдық функционализм мен қақтығыс теорияларына негізделген бағыттар кеңінен қолданылады. Олар тұлғаның қоғамдағы әлеуметтік құрылымдар мен институттар аясындағы рөлін талдайды. Солардың ішінде америкалық антраполог Ральф Линтон дем берген рөлдік теория Қазақстан жағдайына дөп келеді. Яғни жеке тұлға қоғамдағы әлеуметтік статустарымен байланысты атқаратын әлеуметтік рөлдер жиынтығымен анықталады. Бұл рөлдік күтулерді, рөлдік жиынтықты және рөлдік қақтығыс мүмкіндігін қамтиды. Айталық, жеке тұлға – еңбекқорлық, білім, құндылықтарды игерген азамат болмақ керек. Отбасы – дәстүрді сақтайтын, ұрпаққа тәрбие беретін орта. Қоғамдық ұжымдар – азаматтардың белсенділігін арттыратын институттар. Халық – мемлекеттің қозғаушы күші. Бұл жүйе «төменнен жоғары» бағыттағы даму логикасын көрсетеді.
Шетел тәжірибесі бұған нақты дәлел бола алады. Финляндияда мектеп білімінің сапасы мемлекеттің дамуына тікелей әсер етіп, елді инновациялық көшбасшы етті. Жапонияда отбасындағы еңбекқорлық дәстүрі бүкіл халықтық мәдениетке айналып, экономикалық ғажайыпқа жол ашты. Өзіміз айта беретін Оңтүстік Кореяда ұжымдық жауапкершілік пен білімге құштарлық ұлтты жарты ғасырда индустриялық алпауытқа айналдырды. Тиісінше, Қазақстан үшін де даму негізі – халықтық бастамалардан басталуы шарт. Ол халықтық бастамалардың қуат көзі, тағы да қайталап айтамыз – «адам сапасына, яғни тұлғаға келіп» тіреледі.
Өкінішке қарай, қоғамымызда спорт, музыка және шоу-бизнес салаларына тым артық мән беріледі. Ал ғылымның, өндірістің және технологиялық прогрестің іргетасын қалайтын инженерлік-техникалық бағыттар назардан тыс қалып жатады.
Көптеген жастар шоумен, әнші немесе спортшы болуды армандайды. Бұның өзі жаман емес, бірақ бұл негізгі мақсатқа айналып кетсе, еліміз стратегиялық маңызы бар салалардағы мүмкіндігін жоғалтады. Инженерлік ойлау, технологиялық сауаттылық, зерттеушілік қызмет – қоғамның тұрақты дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін басты күштердің бірі.
Ұлттың толыққанды дамуы үшін теңгерімдік қажет: шығармашыл және спорт таланттарын қолдау маңызды, бірақ сонымен бірге білімге, ғылымға және инженерлік пәндерге де нақты ресурс пен күш салынуы тиіс. Сонда ғана қоғам жарқыраған жұлдыздарды ғана емес, елді алға жетелейтін жасампаздарды, құрылысшыларды және ойшылдарды тәрбиелей алады.
Мұндағы мемлекеттен келетін тетік біреу-ақ: Халықтың әлеуетін ашу үшін мемлекет өзінің басты функциясын атқаруы керек. Ол – бәрінен де бұрын «қолайлы жағдай жасау». Себебі, мемлекет – заңдық, саяси, экономикалық негізді қалыптастырады. Орталық мемлекеттік органдар – ұлттық саясатты белгілейді. Аймақтық органдар – сол саясатты өңірлік деңгейде іске асырады. Шенеуніктер – халыққа тікелей қызмет көрсетушілер. Бұл жүйе «жоғарыдан төменге» бағытты көрсетеді. Әрине, мұнда да шенеуніктердің аспаннан аяғы салбырап түспейтінін, халық ішінен, адамдар ортасынан алынатынын ескерсек, тұлға сапасы мәселесі тағы да бой көтереді.
Рас, ел үкіметі бұл жағынан құр қарап отырған жоқ. Қолдан келгенін жасап-ақ жатыр. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігі қолға алған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалған. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделген-ді. Бірақ оның іске асырылу барысы көңіл көншітпейді. Идеологиялық базасы да жұтаң. Біздіңше, осы және басқа да жобалардың бәрінің басын қосып, біріктіріп «Тұлға тәрбиесі» жалпыұлттық стратегиясы қабылдануы керек.
Мәселен, Израильдің тәжірибесі мен мыңдаған жылдық еврей халқының тағдыры баршаға үлгі боларлық айқын мысал. Олардың күші халық санының көптігінде емес, ең алдымен, адами капиталдың сапасында жатыр. Негізгі басымдықты олар тұлға тәрбиелеуге қояды. Яғни ойлана алатын, жасай алатын, жауапкершілік көтеретін және рухани тамырын сақтайтын адам қалыптастыруға тырысады. Дәл осы – болашақ тұлға ретіндегі баланы тәрбиелеу стратегиясы олардың өміршеңдігінің әрі табысының негізгі өзегіне айналды.
Тарих көрсеткендей, саны аз болғанына қарамастан, еврей халқы әлемнің ғылым, мәдениет, философия, экономика және саясат салаларында терең із қалдырды. Бұл білім беру жүйесіне, отбасы құндылықтарына және рухани тәрбиеге негізделген кешенді көзқарастың нәтижесі.
Ел өз күшін де, ресурсын да адам сапасына жұмсай алса – ол шынайы қуатты ұлтқа айналады. Сапа әрқашан саннан басым түседі. Бұлай бұрын да болған, қазір де солай, болашақта да өзгере қоймайды. Өйткені ұлттың тағдырын айқындайтын ең басты фактор – санасы биік, адамгершілігі берік, жауапкершілігі жоғары тұлға.
Бұл тұрғыда жапондар да үлгі боларлық маңызды мысал. Жапон қоғамы ұзақ уақыт бойы жауапты, тәртіпті және еңбекқор тұлға қалыптастыруға бағытталған құндылықтар жүйесін және институттарын мінсіз жолға қойған. Оның бастауы отбасы мен балабақшадан басталады: балаларға еңбекке құрметпен қарау, ұқыптылық, детальдарға мән беру және ұжым алдындағы жауапкершілік сезімі ерте кезден дарытылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзіреті Түркістанда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты ІІ Ұлттық құрылтайда: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі» дей келе, Әділетті Қазақстанды құру үшін: бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін, ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы, халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруі тиістілігін атап өткен. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер болатындығын да айтпады емес, айтты. Яғни тұлға сапасы мен тәрбиесі мұнда да күн тәртібіне шығарылды.
Басқа елдердің тәжірибесін еске түсірейік: Сингапур – мемлекеттің тиімді басқаруы арқасында шағын арал әлемдік қаржы орталығына айналды. Онда мемлекеттік аппараттың басты миссиясы – бизнеске, халыққа қолайлы жағдай жасау. Германия – федералдық және аймақтық биліктің тиімді үйлесімі арқасында индустриялық держава деңгейінде тұрақтылық сақтады. Қытай – орталық жоспарлау мен аймақтық дербестікті ұштастырып, әлемдегі ең ірі экономикалардың біріне айналды.
Әлбетте, мұндағы орталық идея – «Даму үшін жағдай жасау». Халық та, билік те бір-бірінен бөлек әрекет еткенде жүйе толық болмайды. Екеуі түйісетін нүкте – «Даму үшін жағдай жасау» миссиясы. Бұл – тек биліктің міндеті емес, халықтың да үлесі бар ортақ жауапкершілік. Мемлекет заңдық негізді қалыптастырады, халық оны еңбекпен, белсенділікпен толтырады. Бұл жүйенің берік жұмыс істеуі үшін сенімді кепілдер қажет. Мұнда тағы мынадай екі институттың рөлі айрықша: Сот – халық пен билік арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын әділдік гаранты. Прокуратура – заңның барлығына бірдей қолданылуын қадағалайтын қатаң бақылаушы. Осы екі тірек әлсіресе, қоғам сенімсіздікке ұшырайды. Ал әділдік сақталса – халық та, мемлекет те ортақ мақсатқа жұмылады
Мұнда біздің мәслихаттардың орны да зор. Қазақстандағы демократиялық құрылымның бірегей институты – мәслихаттар. Олар халықтың мүддесін билікке жеткізуші ғана емес, балама шешім ұсынушы, қоғамдық бақылау құралы. Шетелдік тәжірибе де мұны растайды: Швейцарияда жергілікті кеңестер халықтың шешімін билікке жеткізетін басты арна. Францияда муниципалитеттер аймақтық дамудың нақты жобаларын іске асырады. Скандинавия елдерінде жергілікті өзін-өзі басқару әлеуметтік мемлекет құрудың негізіне айналды. Сондықтан да «Қазақстан мәслихаттарының күшеюі – халық пен мемлекет арасындағы диалогтың күшеюі» дегенді айтудан талмаймыз. Бұл – «қос қанатты байланыстыратын көпір».
Сонымен, басты тұжырымдарымызға да келдік. Көпшілік ел дамуы не халықтан, не биліктен басталады деп ойлайды. Бірақ шындық – екеуінің қатар қозғалуында. Бұл – құстың қос қанаты. Бір қанат – халық. Екінші қанат – мемлекет. Екеуі үйлесімде жұмыс істемесе, ұша алмайды. Бұған да әлеуметтік дәлелдеріміз көп-ақ. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан түрлі дағдарыстарды бастан кешті. Әйтсе де халықтың төзімі мен мемлекеттің шешімдері үйлескен тұста ғана ел тұрақтылығын сақтап қалды. Мәселенки, 1990-жылдардың экономикалық қиындықтарын халықтың сабыры мен биліктің батыл реформалары бірге еңсерді. 2008 жылғы жаһандық дағдарыс кезінде мемлекет әлеуметтік шығындарды сақтап, халық тұрақтылықты қорғап қалды. Пандемия кезеңінде халықтың жауапкершілігі мен мемлекеттің қолдауы қатар жұмыс істеді. Бұл – қос қанаттың нақты дәлелі.
Біздіңше, ұлтты табысты ететін стратегия – халық пен мемлекеттің үйлесімін қамтамасыз ету. Жеке тұлға-халық – бастау, мемлекет – тетік. Орталық идея – дамуға жағдай жасау. Нәтиже – тұрақты даму, халықтың әл-ауқаты, мемлекеттің нығаюы.
Халыққа айтарымыз: Өзіңнің ел тағдырына жауапты тұлға екеніңді сезін.
Мемлекетке айтарымыз: халыққа қызмет ететін орган екеніңді дәлелде.
Мәслихаттарға айтарымыз: осы екі қанатты үйлестіретін алаңға айнал.
Біздің мақсат – табысты ұлт болу. Бұл тек арман емес, нақты іске асатын стратегия.
Бірақ осының бәріне қол жеткізу үшін не істеу керек?
Біздіңше, үкіметтің барлық саладағы басты миссиясы әрдайым біреу болуы тиіс. Ол – дені сау, ойлы, ісіне адал, елін сүйетін және жасампаз азаматты дүниеге әкелуге, тәрбиелеуге және қалыптастыруға жағдай жасау. Егер осыны басты бағдар етпесек, өкінішке қарай, бүгін байқалып отырғандай, өзімізді негізінен күзетші, такси жүргізушісі, даяшы және курьерлер ұлтына айналдырып алу қаупі бар.
Бұл жердегі кілтипан тек білімді немесе күшті адам тәрбиелеу туралы емес, сезіне алатын, ойлана білетін, жауапкершілік жүгін көтеретін тұтас тұлға қалыптастыру жөнінде. Ондай азамат рухани кемелділікті, моральдық беріктікті және игілікке ұмтылуды бойына сіңіреді.
Ол – сүйе алатын, ойлай алатын және жасай алатын жан болуы тиіс.
- Сүйе алатын – адамға жанашырлық таныта алатын, мейірімді, өмірдің барлық көрінісіне құрметпен қарайтын адам. Сүйіспеншілік – адамды адам ететін ішкі қуат.
- Ойлай алатын, ойланатын, яғни құбылыстардың терең мәнін көре білу, сұрақ қоя алу, ақиқатты іздеу және шешімді қорқынышқа немесе пайдаға емес, ақыл мен арға сүйене отырып қабылдау қасиеті. Ой – еркіндіктің негізі, прогрестің бастауы.
- Жасай алатын (жасампаз) – яғни қиратпай, керісінше, құру, игілік жасауда белсенді болу, жақсылықты көбейту. Жасампаздық – өмірлік жауапкершіліктің көрінісі әрі рухани жетілудің белгісі.
Осындай адам – мықты қоғамның тірегі, мәдениеттің арқауы, шынайы гуманизмнің бейнесі.
Ата-бабаларымыз: «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді. Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді. Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді», – деген. Яғни ертеңін ойлаған ел – егін егеді, ғасырын ойлаған ел – тал егіп орман өсіреді, ал мыңжылдық болашағын ойлаған ел – саналы, ойлы ұрпақ қалыптастырады.
Мемлекеттік саясат, экономика, мәдениет, білім беру, рухани өмір – бәрі бір мақсатқа жұмыс істеуі керек. Ол мақсат – елді алға бастыра алатын тұлға өсетін орта қалыптастыру. Егер қоғамдық жүйенің ортасында бала, адам, болашақ ұрпақ тұрса – ұлттың дамуы да тұрақты болады.
Отбасы – құндылық береді, мектеп – ой қалыптастырады, қоғам – мүмкіндік туғызады, ал мемлекет – әділетті әрі шабыттандыратын орта жасайды. Осындай үйлесім болғанда ғана елді ертеңге бастайтын, жауапкершілігі жоғары, білімді, саналы буын қалыптасады. Осы тұста маслихаттар да бұл істен тыс қалмауы тиіс деп ойлаймын.
Бұл үшін ынтымақты болу да аса маңызды. Атам қазақ мұны баяғыда айтып кеткен: «Біріккен жүз, бытыраңқы мыңды алады. Кеңесті жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ». Не десек те, күш бірлікте. Сол бірлікті жүзеге асыратын жасампаз да сапалы адамдарда! «Бірігіп көтерген жүк жеңіл!». Бірақ сол бірігетіндердің де әрбірінің әлеуеті болашаққа кепіл болады.
Төлеубек Мұқашев,
«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы
Abai.kz