Дүйсенбі, 22 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 119 0 пікір 22 Желтоқсан, 2025 сағат 16:51

Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысы

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысына арналған «Жас әдебиеттің көкжиегі» атты әдеби-мәдени жиын өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Қойшиев, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов және Қазақстанның белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен жас қаламгерлер қатысты.

Кездесу барысында Айбек Сыдықов ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі қаламгерлерге, руханият саласына қолдау көрсету мақсатында Жазушылар одағымен жемісті жұмыс істеп келеді. Оның ішінде «Стратегиялық әріптeстік» бағыты бойынша жасалып жатқан жобалар мен мерейтойларды атап өту, қаламақы төлеу, кітаптар басып шығару, халықаралық кітап көрмелерінде насихаттау жұмыстарының маңызы зор. Бүгінгі мемлекеттік тапсырыспен және «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жарық көрген жаңа кітаптардың таныстырылымы құтты болсын! Барша қаламгерлерге шалқар шабыт тілеймін!», - делінген құттықтау хатта.

Басқосуда ұлттық әдебиеттің даму бағыттары мен қазіргі заман әдебиетінің өзекті мәселелері талқыланды.

Іс-шара аясында «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы бойынша жарық көрген 4 жаңа кітаптың, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шыққан 2 кітаптың, сондай-ақ жас қаламгерлердің 20 кітабының тұсаукесері өтті. Жарыққа шыққан барлық кітаптар еліміздегі жалпыға бірдей қолжетімді кітапханаларға таратылды.

Жиын барысында сөз сөйлеген Арслан Қойшиев түркі халықтары арасындағы әдеби ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, әдеби жобаларды жүйелі түрде қолдап келе жатқан Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағына алғысын білдірді. Ол мұндай бастамалардың ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуге және қаламгерлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға айрықша үлес қосатынын жеткізді.

Кездесу соңында әдебиеттегі жаңашыл үрдістер, түркі дүниесінің ортақ рухани құндылықтары мен болашақтағы шығармашылық ынтымақтастық бағыттары сөз болды.

Abai.kz

0 пікір