Халық композиторы Қалқа Жапсарбаев
Халықтың ән қазынасынан ойып орын алар Қалқа әндері алыс-алыс ауылдарға тарап, ауыздан ауызға жетіп, тыңдаушының сүйікті әніне айналғалы қашан. Олай дейтінім, сонау Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауылындағы Ортақкөл ауылында бар өмірін өткізген Иманбай атамның осы әнді сүйіп айтқаны. Ол кезде ауылда радио да, патефон да жоқ. Сонау теріскейдегі ауылға жеткен ән құдіреті емес пе?!
Атам, жазушы әкем Зейнел-Ғаби, анам Кәмеш осы әнді сүйіп айтатын. Бұл әннің аты – «Қалқа». Көңілді, шабытпен орындалар тілге жеңіл, айтуға ыңғайлы әнді тыңдағанда рухың асқақтап, өмірге деген құлшынысың артады. Әркімнің де сүйген адамы, алғашқы махаббаты болады. Небір қалқаны еске түсіріп, көңіл шаттанатын сәт – осы шақ болса керек.
Міне, маңыздылығын жоғалтпай әлі күнге шырқалып келе жатқан «Қалқа» әні – біздің рухани қазынамыздағы құнды ән.
Михал Клеофас Огинский бір ғана «Полонезімен» әлемге әйгілі болса Қалқа Жапсарбаевтың бір ғана «Қалқасы» ғасыр қойнауына еніп отыр. Әлі де бізден кейінгі жас ұрпақ шырқата салар ән екеніне күмәнім жоқ.
Екінші әні – «Сарыжазық» деп аталады. Жетісу өңіріндегі өзі туған мекенді жыр жолдарына, әуезді әнге қосқан Қалқаның бұл әні өз еліне деген сүйіспеншіліктен туса керек:
Сарыжазық Алатаумен тұрсың шектес,
Сары түрмен малың егіз, жерің тектес.
Жанға жай, дертке шипа беретұғын,
Аңқыған қалампырдай иісің кетпес.
Қайырмасы:
Балдырғаның малға азық,
Сары қымызың жанға азық.
Шөбің дәрі, суың бал,
Жер жақсысы Сарыжазық.
Сарыжазық жер жақсысы күрең белім,
Малға жай, жанға рахат самал желің.
Көксумен Қараталға көмек берген,
Сылдырап сай-салаңнан аққан селің.
Қалқаның «Сарыжазық» әні жайлы менің ұстазым, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков бізге дәріс беріп жүрген кезде:
«Біз гастрольдық сапармен Талдықорған облысында жүргенде Қалқа Жапсарбаевқа жолықтық. Үйінен дәм таттық. Ол кезде бұл әннің жаңа шыққан кезі екен. Жігерсіз, сылбырлау айтатын ән екен. Қалқаның қартайып отырған кезі. Мен үйреніп алдым да келген соң өзімнің шеберлігімді қосып, жігерлене орындауға, ішкі сезімімді, елге-жерге деген махаббатымды қосып орындауға тырыстым. Осыдан кейін Біржан әндеріндей асқақ, шығандата салатын ғажап әнге айналды» деп еді.
Әннің бағын ашатын әнші. Жақсы әншінің қолына түссе небір ән құлпырып, реңі кіріп, әсерлене түседі. Қалқаның «Сарыжазығын» тыңдап отырғанда Жетісудың ғажап табиғаты, самал желі, көгорай шалғын даласы, әсем таулары көз алдыңа келіп, сары қымызының дәмі аузыңа келгендей болады. Міне, тамаша суреткердің қолынан шыққан сәтті туған ән тынысты кең ашып, әуелете салатын әсерлілігімен ерекше.
Әрине, біз білетін, білмейтін әндері сазгердің өзімен кеткені рас. Бір ән шыққан жерден көп ән шығатыны сөзсіз. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме?!
Бірде Мәдениет министрлігі Алматыда айтыс болады деп Жетісудің әншілері мен ақындарын алдырады. Үш күнге созылған айтыста Т.Исабеков, С.Ибрайымов, Е.Наймантаев қатысады. Айтыс шымылдығын Қалқа Жапсарбаев ашады. Сол айтысты қызықтап отырған Мұхтар Әуезов сахнаға шығып, Қалқа ақынды құшақтап: «Қайран шымырым! Асыл туған тұйғыным! Қартайып, қайратың кетіп тұрғанда осындайсың. Сенің қайта тууың қиын-ау...» деп баурына тартып, иығына шапан жапқан екен.
«Қалқа Жапсарбаев кім? Жерлестері не деп жазыпты?» деп интернет ақтарғанмен тұщымды ештеңе таба алмағаным рас. Тек қысқаша мағлұмат қана бар.
Туған жерінің өзі екі түрлі жазылған. Енді Қазақстан Жазушылар Одағы анықтамалығына сүйеніп қысқаша мағлұмат берейін.
Қалқа Жапсарбаев 1886 жылы Талдықорған облысы, Киров ауданы, Карл Маркс атындағы колхозда туған. Қосшылар одағында, аудандық ұжымшар, кеңшар театрында, мәдени-үгіт бригадаларында жұмыс істеді (1938–1945), «Қалқаның әні», «Қалқаның желдірмесі», «Жайқоңыр» әндерін шығарды. Ертеректе Әжек, Құрама, Омарбек, Қайрақбай тәрізді ақындармен айтысқан.
Ұлы Отан соғысының тұсы және одан кейінгі жылдарда Кенен, Үмбетәлі, Қуат, Есдәулет, Иманжан секілді замандастарымен өнер жарыстырды. Өлең, жырларымен қатар, «Орақ батыр», «Дана қыз», «Қарлығаш пен Дәуіт», «Тұрымбет туралы аңыз», «Партизан Шәймерден», «Мұсабек Сеңгірбаев» дастандары бар.
«Жайқоңыр» (1959), «Таңдамалылар» (1962), «Жетісу жырлары» (1970) жинақтарында топтастырылды. «Мұсабек батыр» дастаны 1951 жылы жеке кітап болып басылды.
«Құрмет Белгісі» орденімен (1945) марапатталған. 1961 жылы «Қазақ КСР- інің халық ақыны» құрметті атағы берілген.
Қалқа Жапсарбаев 1976 жылы қайтыс болды делінген. Кейбір деректе 1975 жылы қайтыс болған дейді.
Мұқырдағы Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Бейсенованың естелігінде: "Жыр алыбы Жамбыл бастаған халық ақындарының көшіне көз жібергенде солардың бел ортасында көзге түсетін ақын – Қалқа Жапсарбаев. Қалқа – көпқырлы ақын. Оны халқына алғаш танытқан айтыстары болды. Айтыс ақынға болашақта абырой әперетін, бағы мен бақытын көтеретін өнер деп ұққан Қалқа атамыз әр айтысқа жауапты қарап, халық көңіліндегі сөзді айта білуге тырысқан. Оған ақынның ертеректегі Нұрбала, Құрама, Кенен, Үмбетәлі, Иманжан, Қуаттармен айтыстары дәлел.
Қалқа кейінірек «Қамбар батыр», «Қыз Жібек» жырларын халыққа ұсынып, жыршы атана жүріп, ертегі-аңыздарды өзі де дастанға айналдыруға ден қойған. Қалқаның ақындығына сазгерлігі үндескен және әншілігін елге қатар танытқан өлеңі – «Қалқа» және «Қалқаның жайқоңыры»
Қалқа: «Мені іздесе жас ұрпақ, жырларымнан табады, Іле менен Ақсудың суларынан табады, Қарт Жоңғардың мүлгіген нуларынан табады» деп сыр шертеді. Бұнысы – ақиқат, шындық.
Ақын дүниеге келген Мұқыр ауылында ақын есімімен аталатын мектеп бар. Ауылда ақынға арналып ескерткіш орнатылған. Аудан орталығында мәдениет үйі халық ақыны Қ.Жапсарбаев атымен аталады, ақын атында көше бар» делінген екен. Сонымен қатар сол мектептің оқушылары Қалқа аталарының жырларын жатқа айтады екен.
Осы мағлұматтарға қарағанда Жетісудың ақиық ақыны, дастаншы, халық композитор Қалқа Жапсарбаев жайлы әлі де зерттеу жұмыстары қолға алынбаған тәрізді. Қазіргі заманда бар жақсыны интернетке салып қойса, оқырман қызығып оқыған болар еді.
Алтын Иманбаева
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Abai.kz