Сейсенбі, 30 Желтоқсан 2025
Ақмылтық 144 0 пікір 30 Желтоқсан, 2025 сағат 15:27

2025 жылы орын алған елеулі мәдени оқиғалар

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Бірінші бөлім: Жыл қорытындысы: Мәдениет саласында не істелді?

Екінші бөлім: Жыл қорытындысы: Қазақ әдебиетінде қандай жаңалық?

Үшінші бөлім: Жыл қорытындысы: Қазақстан экономикасы қандай күйде?

Төртінші бөлім: Жыл қорытындысы: Дүниежүзілік додаға түскен дипломатия

Бесінші бөлім: Жыл қорытындысы: Қоғамда қазақи консенсус қалыптасып келеді

Әрбір жыл қоғам өміріне айтулы бір өзгерістер алып келіп жатады... Кейде, зымыраған уақытта біз оған  жеткілікті мән бермей  қаламыз... Тарих қойнауына өткелі жатқан 2025 жылда мәдени салада бірқатар елеулі оқиғалар орын алды. Оның біршама бөлігі елімізде, біршама бөлігі халықаралық дейгейде өтті. Бүгінгі шолу соған арналады:

Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізген соң әлемдегі барлық елдермен дербес мемлекет ретінде қарым‑қатынас орнатуды алдына мақсат етіп қойды – ол кезең‑кезеңмен жүзеге асып келеді.

Әрине, соның бір маңызды бөлігі ретінде Қазақстанның автохтонды халқы – қазақ халқының мәдениеті мен салт‑дәстүрін әлемге паш ету қарастырылды. Өйткені, әлемде мемлекеттер арасындағы қатынас оның экономикалық потенциалымен, табыс көзімен, не болмаса, қару‑жарағымен ғана емес, ол сондағы халықтың мәдени ерекшелігімен, рухани бағыт‑бағдарымен байланысты құрылады. Сонда ғана, әлемнің бар халықтары Қазақ Елін таниды, оған деген көзқарасы позитивті бағытқа бұрылады. Бұл – еліміздің ұстанып отырған бейбіт саясатына толық сай келеді.

Енді, осы тұрғыда, әрбір елдер әлемге өзінің төл мәдениеті мен салт‑дәстүрін «ұсынады». Бұл шаралар ЮНЕСКО және әр елдермен өзара қатынас жағдайында үнемі жүзеге асырылуда. Мысалы, ол «Қазақстан күндері» деп аталатын халықаралық іс‑шаралар аясында өткізіліп келеді. Сонымен бірге, біздің елде де «Өзге елдер күндері» өткізіліп жатыр. Бұл шараларды  өзара достық қатынасты қалыптастыруда маңызы өте жоғары.

Одан өзге, осы қатынас аясында әрбір халық өздерінің тарихи тұлғаларын әлемге таныстыруға ұмтылады. Әлемдегі мәдени тарихы бай елдердің Ұлы даналары, Өнер қайраткерлері бүгінде сол елдердің рухани символына айналған. Мысалы, Неру мен Ганди – үнді халқының, Науаи мен Ұлықбек – өзбек халқының, Әл Фараби мен Ибн Сина – бүкіл Орталық Азия халықтарының, Бальзак пен Мопассан, Вольтер және т.т. – франсуздардың, Гете  мен Гегель және т.т. – алман (неміс) халқының және т.т тұлғалар – қазіргі заманда жер шарын рухани тұрғыда біріктіретін, адамзаттың біртұтастығын айқындайды.

Міне, сол қатарға біз де апарып Әл Фараби мен Абайды қосып отырмыз...

Осы тұрғыда, тарихи өлшеммен «күні кеше» (туғанына 180 жыл) өмір сүрген Абай бейнесі, оның дана сөздері бүгінгі Қазақ Еліне айрықша қызмет етуде.

Биыл бірнеше елдерде Қазақстанмен достық қарым қатынасты айшықтайтын елеулі іс‑шаралар атқарылды. Ол ұлы Абай атымен байланысты болды:

1. Рим (Ұрым) қаласында Абайға ескерткіш ашылды.

Рим (Ұрым) – көне тарихтың қаласы. Рим (Ұрым) ‑ Еуропа және Әлем мәдениетіне өз үлесін қосқан қала. Ол қалада бүкіл әлем мәдениетінің жауһарларына айналған ескерткіштер мол. Онда ағылып келіп жатқан саяхатшылар одан тек «Рим тарихын» емес, «Әлем тарихын танып» қайтады. Енді, міне, осы «Рим» деп аталатын аспан астындағы алып «музейдің» бір бұрышында өзіміздің Абай да тұратын болды. Қуанышты. Өткенде Римде оқып жатқан немерем Сырым да «Ата, Римде Абайға ескерткіш ашылды» деп қатты қуанып жатыр. Оған: «Балам, елді сағынғанда Абай атаңның ескерткішіне барып тұр» дедім... Қандай керемет.

2. Қырғызстанның қиыр оңтүстігіндегі Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылды. Бұл – елдеріміз арасындағы берік байланыс пен қазақ ойшылының ортақ мәдени тарихтағы орынын айшықтайды.

3. Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл оқиға Президентіміздің Ереванға жасаған ресми сапары барысында мемлекет басшылары деңгейінде жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты.

Бұл өте маңызды мәселе! Себебі, осыған дейін армян халқы діни негізде және Ресей ықпалымен өзін географиялық тұрғыда қоршаған түркілік елдермен шиеленісті жағдайда болды. Соның қатарында Орталық Азия елдері де бар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Әзербайжан қарулы жолмен Қарабақ мәселесін түбегейлі өз пайдасына шешті. Содан кейін, Армения да халықаралық деңгейде жан жақты қатынастың халқы үшін, мемлекеті үшін пайдалы екенін ұғып, Еуропамен, Түркиямен, Әзербайжанмен АҚШ елінде келісімге келді. Ендігі кезек Қазақстанға да келіп жетті. Армения өз елінде «Қазақстан күндерін» өткізді. Бұл – екі ел үшін де болашағы бар мәдени іс шара.

4. Мәдени оқиғалардың ішінен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық 2025 мерейтойын ерекше атап өткен жөн. Бұл шара ЮНЕСКО-ның 2024–2025 жылдарға арналған халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енген. Бұл – композитордың әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесін айқындайтын оқиға. ЮНЕСКО қазақ композиторының қазақ дәстүріне, фольклорлық мұраны заманауи музыкамен үйлестіре білген кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді.

Жалпы, осы ғасырда қазақ музыка мәдениеті әлемге кең таныла бастады. Әсіресе, бұған «Димаш феномені» елеулі түрткі болды десек – қателеспейміз Өзінің «космостық дауысымен» әлемді бағындырған Димаш баламыз өзінің дарынымен қазақ әнін әлемге мойындатты. Енді, міне, әнмен біргі күйлеріміз де мойындалуда. Мәселен, АҚШ‑тағы әлемдегі ең үлкен «биші фонтанның» бірі таңды қазақтың әЕрке сылқым» күйімен билеп атыратынына куә болып жатырмыз. Қалайша бұған қуанбассың!

Сондықтан мен осы оқиғаны және Димаш Құдайбергеннің осы жылы БҰҰ тарапынан «Әлем елшісі» атануын да  биылғы айтулы оқиғалар қатарына жатқызар едім (5‑оқиға).

5. Тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері қатысқан Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштің ашылуы өтті. Ескерткіш Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы рухани достықтың және әдеби бірліктің символына айналды.

Негізі, М.Әуезов пен Ш.Айтматов арасындағы достық қатынасты қай жағынан болсын үлгі деуге болады.

Әрине, кей жағдайда мәселенің байыбына бармай жатып, ұшқыр сөйлейтін псевдотарихшылар,  урапатриоттар арамызда әлі де кездеседі. Олардың көтеретін тақырыптары достасуға емес «қастасуға» шақыратындай әсер қалдырады. Ол туралы осы жолдың авторы ютубта сұхбат беріп, арнайы мақала да жаздым. Ал, мына ескерткіш сол пікірталасқа нүкте қойды деп санаймын. Ағалы‑інілі екі алыптың бірлігі – екі халықтың бірлігі!

6. Сонымен қатар, биыл Ресейде «Қазақстан күндері» өткенін де айтулы оқиғалар қатарына қосуға болады. Әрине, әрбір дербес мемлекет сыртқы саясатта да дербес болатыны заңды.  Сондықтан, Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы болып жатқан әскери қақтығысқа (соғысқа) қатысты бейтарап саясат ұстануда. Бірақ, ресейлік «урапатриоттар» өздерінің кейбір сөздерінде осы шиеленістің Қазақстанға эскалациялауы мүмкін екенін айтып қалатын.  Қазақстан мұндай қадамның екі ел мүддесіне сай келмейтінін нотамен және басқа жолдармен ескертіп келді. Ақыр соңында президент Қ.К.Тоқаев өзінің Ресей президентімен бетпе‑бет кездесуінде осы мәселеге арнайы тоқталуға мәжбүр болды. Ал, онымен қатарлас өткізілген Қазақсан күндері» Ресейдегі «ұлыимпериялық санаға» біршама «түзетулер» енгізді деп санауға болады.

7. Биыл Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылды. Орталық өнер, тіл және мәдени алмасуға және еліміздің мұрасын таныстыруға арналған ең ірі алаңға айналды. Мәдениет алаңы көрме, білім беру және ағартушылық бағытта жұмыс істейді. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайту жөніндегі тапсырмаларына толық сай келеді.

Қытай – Димаштың әндерінен кейін қазақ өнеріне тәнті елдер қатарына қосылды. Қытайда қазір қазақ мәдениетіне қатысты позитивті өрлеу бар екені байқалады. Енді, осы үрдісті тек Димашпен шектемей, әрі қарай жан‑жақты дамыта түсу – Қазақстан үшін маңызды болып табылады. Өйткені, Қытай әлемдік геосаяси ортадағы алып мемлекеттің бірі. Оның ықпалы көп елдерге таралуда. Соның ішінде, Қазақстан экономикасына да енуде. Олай болса, біз өзімзге деген құрметті қалыптастыруды Қытайдың өз ішінде жүзеге асыра бастауымыз қажет. Елімізгі келген әрбір қытайлық, тіптен, кез келген шетелдік – шегарадан аттағанда «Бұл ел ‑ құрметке лайық мәдениеті мен дәстүрі бар ел» деген оймен аттауы тиіс деп санаймыз.

8. Биыл Ақтау қаласына Түркі әлемінің мәдени астанасы деген мәртебе берілді. Бұл мәртебені Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы берді. Ақтау жиырмадан астам елдің мәдениет майталмандарын қабылдап, фестиваль, көрмелер, конференциялар мен шығармашылық жобалар ұйымдастыруда.

Көне Маңғыстау жері ‑ Тұран әлемінің алтын бесігі десек болады. Мұнда біздің тарихымызға тікелей қатысы бар талай Ұлы оқиғалар дүбірлеп өткен. Ортасында Бекет атаның өзі тұр. Сондықтан, жаңадан жандана бастаған «Ұлы Тұран бірлігі» ұйымының ат тұяғы Ақтауға келіп тірелгені – әділетті әрі түркі әлемінің дұрыс шешімі! 

9. Биылғы мәдени оқиғалар тек қуанышты болды демейміз. Мұнда қайғылы жағдайлар да орын алды – Еліміздің біршама көрнекті тұлғалары өмірден қайтты: Белгілі жазушы, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин (9‑қаңтар 2025), драматург‑жазушы – Дулат Исабеков (21‑ақпан 2025), отты ақын Темірхан Медетбек (9‑мамыр 2025) сүйікті ақынымыз Исраил Сапарбай (18‑шілде 2025), академик‑философ Жабайхан Абдильдин (3‑желтоқсан 2025), Халық әртісі Асаналі Әшімов (21 желтоқсан 2025), «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожа ролін сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев (26‑желтоқсан 2025).

Жоғарыда аталған тұлғалардың бәрі де аты Қазақ Елі тарихында қалатын, елі үшін аянбай еңбек еткен, ғылымда, өнерде, әдебиетте із қалдырған көрнекті Тұлғалар еді. Олардың өмірі мен шығармашылығы – болашақ ұрпақ арқылы жалғасатынына сенімдіміз. Жатқан жері жайлы болсын!

Автордан: Міне, біздің байқаудағы мәдениет пен өнер, ғылым саласындағы айтулы оқиғалар тізбегі осы болды. Әрине, біз бұған «толық тізім» деп таласпаймыз. Соңғы жылдары Қазақстан әлемдік кеңістікке қарқынды ене бастады. Өңірлік көшбасшы мемлекет деңгейіне көтерілуде. Сондықтан, елдегі өмір де қым‑қуат бола түсті. Ендеше, оның арасынан бұдан да өзге «елеулі оқиғалар» табылары анық. Біздің назарға осы оқиғалар түсті, оқыңыздар, баға беріңіздер...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

0 пікір