Сейсенбі, 30 Желтоқсан 2025
Қоғам 282 0 пікір 30 Желтоқсан, 2025 сағат 14:20

Жыл қорытындысы: Қоғамда қазақи консенсус қалыптасып келеді

Сурет: turkistan.today сайтынан алынды.

Бірінші бөлім: Жыл қорытындысы: Мәдениет саласында не істелді?

Екінші бөлім: Жыл қорытындысы: Қазақ әдебиетінде қандай жаңалық?

Үшінші бөлім: Жыл қорытындысы: Қазақстан экономикасы қандай күйде?

Төртінші бөлім: Жыл қорытындысы: Дүниежүзілік додаға түскен дипломатия

Өтіп бара жатқан 2025 жылдағы еліміздің ішкі саясаты, яғни мемлекеттік идеологиясында болған жаңалықтар туралы жазу, бір жағынан оңай, екінші жағынан, қиын.

Оңай болатын себебі сол: мемлекеттің идеологиясы көз алдымызда, ол туралы өкіметтік және өкіметтік емес, соған қоса өзін тәуелсіз санайтын БАҚ, әлеуметтік желілердегі алуан-түрлі тұлғалар күнделікті сарнап жатыр. Көкірегі ояу, көзі ашық ағайын ол ақпараттан хабардар әрі өз түйінін түйіп жатыр деп ойлаймын.

Қиын болатыны сол: ішкі саясат деген құбылыстың өзін өлшеп-пішіп, белгілі бір формальды қалыпқа салып қоюдың өзі мүмкін емес. Өйткені, мемлекет қабылдап жатқан кез келген шешім, құй, ол қаржылық, экономикалық болсын, құй, ол әлеуметтік болсын, құй, ол құқықтық, бюрократиялық болсын, құй ол, таза саяси болсын, бәрі де идеологияға бір жағынан бағынышты, екінші жағынан соған ықпал етеді, өз дегеніне идеологияны көндіреді.

Өз басым еліміздің ішкі саясатында осы жылы орын алған үш тенденцияны ғана атар едім.

Біріншіден, мемлекет, сөзсіз (және қаншама сыншыл болсақ та, ол жағын мойындауымыз керек) ішкі саясатқа ден қоя бастады. Оның бір құжаттық-деректік дәлелі – ішкі саясаттың басты, басым бағыттарын белгілеген тұжырымдаманың президент Жарлығымен бекітілуі.

Өз басым ондағы «Еститін мемлекет», «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» деген қағидаттарын қос қолымды көтеріп қолдаймын. Тек бір ғана өтініш сол: әдемі сөздер қағаз жүзінде қалмай, өмір салтына айналса.

Екіншіден, алуан түрлі пікірлі (плюралистік), оң мен солға, билікшіл және оппозициялық, екеуін де жақтырмайтындар боп бөлінген қоғамда Қазақстан деген Тәуелсіз (мен ылғи да бұл сөзді бас әріппен жасамын, өйткені бүгінгі таңда одан асқан құндылық жоқ) мемлекеттің тұрақтылығына (ол, ең алдымен, ел ішінде ырду-дырду болмай, экономикалық жағынан даму үшін керек), жер тұтастығына, ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге қатысты қағидаттар байланысты ортақ, жалпыұлттық келісім орныға бастаған сияқты. Яғни, Қазақстан секілді өзінің басқада жоқ алуан-түрлі ерекшелігі бар мемлекетте қоғам тарапынан жалпыұлттық деңгейде консенсус қалыптаса бастаған сияқты. Ол биліктің емес, елдегі мемлекетшіл күштер мен азаматтардың, қазақ халқы мен елімізде өмір сүріп жатқан басқа этностардың даналығынан деп білемін.

Бұл ұлттық келісім, әсіресе, қоғамның ескі Қазақстан өкілдеріне деген жиіркенішті һәм жеккөрінішті көзқарасына да қатысты. Мәселен, кеше ғана бұрынғы президент Назарбаев Ресей президенті Путинмен оңаша кезескені туралы ақпарат тарап жатыр. Оның астарында не бар? Мәні ішкі және сыртқы саясатқа тікелей қатысы бар сауал осы! Алда парламенттік және президенттік сайлау келе жатыр. Өздерін ұсынбаса да, қой терісін жамылған қасқыр секілді ескіқазақстандықтар, жұдырықтай жұмылып, бар ақшасын салып, жалпыдемокраиялық ұрандарды жалау һәм желеу етіп, елдегі объективті және субъективты қиындықтарды тілге тиек етіп, наразы электораттың әлеуетін пайдаланып, саяси алаңға шыға келмейді деп кім кесіп-пішіп айта алады?!

Үшіншіден, халық пен билік органдары арасында белгілі бір диалогтың нышаны байқала бастағандай. Әрине, билікті жерден алып, жерге салатын, оның кез келген бастамасына сыни көзбен, үйреншікті, «ескіқазақстандық» әуперімдік инерциямен келе жатқан дағдылы оппоненттерді «түсінуге» болатн да шығар, олар үшін кез келген билік – жау, дұшпан, соны сынау арқылы олар қоғамның біршама бөлігінің алдында өзінің саяси ұпайын жинай алады: «көрдіңіз бе, қандай батыр, тура Тоқаевтың өзін сынайды, не деген көзсіз батыр!» деген жұрт әлі де баршылық. Бірақ ол сынның астарында не тұр? Ел жағдайын ойлаған демократизм бе? Әлде белгілі бір, антитоқаевшыл кландардың жағымды ұрандарды жамылып, елдің көзіне түскісі келетіні ме? Әлде, Қазақстан секілді тұрақты мемлекеттің шырқын бұзғысы келетін сыртқы күштердің сасық дәмесі ме? Билік үшін таласта «аңқау елге арамза молда» дегенді ешкім әзірше жоққа шығара қойған жоқ,

Шынын айту керек, билік те өзі сол сындарға себеп беріп отырады. Қатардағы қоғам белсенділерін ауыр жазамен соттап, түрмеге тоғытады. Кейбір олигархтар тәуелсіз БАҚ-қа арыз жазып, оның редакторын қамаққа алады. Парламенттегі квазиоппозициялық партияларды орынсыз дәріптейді. Жасыратын несі бар, Назарбаев тұсында мемлекеттік БАҚ-қа арналған «қара тізімге» ілінген ұйымдар мен тұлғалар әлі де жоқ емес.

Осы тұрғыдан алғанда, президент Тоқаев бастаған парламенттік реформаға аз да болса, үміт бар.

Алайда ол өзгерісті билік не үшін бастады? Базбіреулер айтып жүргендей өзінің саяси ғұмырын ұзарту үшін бе? Әлде шынымен де Қазақстанда биліктің үш тармағының тепе-теңдігін құрып, шын мәнінде Жаңа, Әділетті Қазақстан орнату үшін бе?

Екіншісіне сенгім келеді.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір