Сәрсенбі, 7 Қаңтар 2026
Аласапыран 924 0 пікір 5 Қаңтар, 2026 сағат 13:35

Мадуроны тұтқындау – Түркі дүниесіне ашылатын еркіндік

Сурет: ЖИ

Әлеуметтік желіде АҚШ‑та тұратын белгілі қазақ философы Валихан Тулешов пікір білдірді. Әрине, АҚШ‑тың «арнайы әскери қимылы» нәтижесінде Венесуэла президенті, диктатор Мадуроның тұтқындалуы әлемде әртүрлі пікірлерді туындатты. Ең алдымен бұған Ресей мен Қытай үн қатып, АҚШ‑тың бұл әрекетін  «Халықаралық заң нормаларын бұзу» деп айыптады. Ресей осы мәселе бойынша жедел түрде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізуді талап етті. Еуропа оған біржақты баға беруден тайсақтады.

Дегенмен, сол арқылы Еуропаның өзі осы мәселемен Ресей‑Украина соғысы арқылы бетпе‑бет келіп отырғанын жасырмау керек. Осы екі ел арасындағы төрт жыл бойғы шиеленісті шайқаста Еуропа Ресейді агрессор ел ретінде танып, Украинаны қолдаумен келеді. Сондықтан, Еуропа кез келген авторитарлық‑диктаторлық мемлекеттерді қолдамайтынын осы жолы тағы да білдірді...

Бұл мәселе Қазақстанда да екіұдайы жағдайда қарастырылуда: бір жағы: «Мадуро қаншама диктатор болса да, әрбір елдің өз  таңдауы бооуы тиіс. Оған сыртқы күштер араласпайды» деген, шын мәнісінде демократиялық көзқарастарды алға тартса, екінші жағы: «Қазіргі заманда қайсыбір диктаторлық ел әлемге қауіп төндіріп жатса, әлем одан зардап шегіп жатса, онда ол елді «диктатурадан құтқару» қажет. Яғни, тек қана диктатор ғана біржақты шабуылдап, оған қарсы тұрған демократия өзін осы қорғай алмаса – әлемді соғыс өрті жайлайды» деген пікірлер айтып жатыр.

Сырт көзбен қарасақ, екі жақтың да сөздерінің жаны бар: себебі, Еуропа мемлекеттері «Украинаға көмек» коалициясын құрып, Украинаны қаруландырып отыр ‑ Еуропа мұны «тәуелсіз көрші мемлекетке әскерін кіргізіп, біршама бөлігін жаулап алған Ресей агрессиясына қарсы тұру» деп ұғады. Ендеше, қазіргі әлем Халықаралық заң нормаларын аяққа таптауші диктаторлорға осылай қарсы тұра алуы керек деген пікірде екенін көреміз.

Ал, Мадуро болса, әлемдегі ең мұнайы көп елдің басшысы бола отырып, өз халқын қайыршылық жағдайға жеткізген автократ, диктатор екені белгілі. Сондықтан, АҚШ-­тың бұл «арнайы әскери қимылы» әлемдегі барлық диктаторлар мен автократтарға ескерту деп қабылданып жатыр...

Бұл оқиғаның Орталық Азия елдеріне тигізер әсері бар ма?

Өкінішке орай, қазақстандық сарапшылар тарапынан оқиғаны осы бағытта талдау орын ала қойған жоқ. Неге десеңіз, бұл сарапшылардың оны бағалауы соғысып жатқан көршілерге, тіптен, өзімізге де бір қырымен  болса да салыстырмалы қатысы бар екенін білгеннен болар, бәлкім...

Бірақ, ондай сараптаманы шет елде, нақтысында АҚШ‑та тұрып жатқан қазақ философы Валихан Тулешов берді. Енді осыған назар аударайық:

«Достар, Мадуроны ұстаудың, сөйтіп,  Батыс жартышарды АҚШ бақылауына алуын «Қазақстан, Орталық Азия мен Түркі дүниесі үшін ашылған еркіндік терезесі» деуге қатысты мәтіндік түсініктеме ұсынғым келді.

Венесуэла айналасында болып жатқан оқиғалар, меніңше, «әскери операция» да емес, «эскалация» да емес, ХХ ғасырдағы өрескел империялық саясатқа қайта оралу да емес.

Егер тереңірек қарасақ, бұл – мүлде басқа деңгейдегі құбылыс. Бұл – жаһандық билік текстурасының тектоникалық ығысуы.

Мұнда ең басты нәрсені түсіну маңызды: АҚШ аумақты басып алған жоқ, олар тек антиамерикандық саясаттың бір түйінін, яғни бір нүктесін алып тастады.

Мадуро дербес субъектіден гөрі, бірнеше бөгде ықпалдың (қытайлық, ресейлік, идеологиялық және криминалдық-ресурстық) түйісу, бекітілу нүктесі болды. Оны алып тастау – режимнің ауысуы емес, Бұл ‑ осы жартышардағы аномалиялы ауру белгілерін, «геосаяси ісікті» алып тастау деген сөз.

Яғни, бұл ‑ «қалыпты дүниелерді қалпына келтіру үшін оған жат нәрсені сылып тастай талатын әлемде өмір сүріп отырмыз» дегенді білдіреді.

Егемендік те енді бұрынғыдай тұтас, мызғымас құбылыс болмай қалды.

Классикалық егемендік бойынша бір мемлекеттің басшысына қатысты «қол сұғылмастық» қарастырылған. Бүгін бұл түсінік өз күшін жойды.

Егер агрессорлық танытушы мемлекет басшысын соғыссыз әрі оккупациясыз, шектеулі қимылмен алып тастау мүмкін болса, онда әр елдегі егемендік шартты және кеуекті сипатқа ие десек боолады.

Бұл – «халықаралық құқықты бұзу» емес, бұл ескі саяси жүйе қабырғасының күйреуінің белгісі.

Осы арқылы АҚШ майдан ашып отырған жоқ, керісінше өз тылын жауып жатыр.

Ал, Батыс жартышарында «америкалық бақылау орнату» – «Монро доктринасын» қайталау  емес.  Бұл – әлемнің саяси жүйенің өзгеруі.

Нәтижесінде, Батыс жартышары экспансия аймағына емес, өркениеттік тылға айналады (энергетикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ететін, логистикалық жағынан басқарылатын және қаржылық тұрғыдан болжамды тыл).

Ал тұрақты тыл АҚШ-қа «агрессия емес, әлемнің басқа бөліктерінде өмірге қауіп төндірмейтін әрекеттер жасау еркіндігін» береді.

Бұл, жалпы, әлем үшін аса маңызды, ал, Орталық Азия үшін тіпті шешуші мәнге ие.

Өйткені АҚШ-тың тылы тұрақсыз болса, Вашингтон  антиымыраларға бейім келеді.

Ал тыл мықты болса, тұрақтылық үшін «өзге бір елдің мүддесін өз мақсатына құрбан ету қажеттілігі» жойылады.

Сондықтан бүгінгі АҚШ‑та болып жатқан оқиғалар Қазақстанның, Орталық Азияның және Түркі дүниесінің еркіндік аясын кеңейтеді деген ойды алға тартамын.

Осы жағдайда «Түркі дүниесі» біреуге қарсы жоба ретінде емес, өркениеттік жоба ретінде қалыптаса алады. Ал, Орталық Азия буфер болудан қалып, «жұмылған жұдырықтай» бірлікке айналады.

Ендеше, «Мадуро оқиғасы» Қазақстан, Орталық Азия және Түркі дүниесі үшін қысым емес, ұзақ мерзімді геосаяси әрі геоэкономикалық еркіндік терезесін ашу дегенді білдіреді. Мұндай терезелер тарихта сирек ашылады және үнсіз жабылады».

Валихан Тулешов

( В.Тулешовтың пікірі қазақшаға ықшамдап аударылып берілді),

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір