Сәрсенбі, 7 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 1795 0 пікір 6 Қаңтар, 2026 сағат 15:10

Олимпиада: 2026 жылы өтетін ірі спорттық додалар

Сурет: ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің телеграм арнасынан алынды.

Олимпиада, Азиада, әлем чемпионаты: 2026 жылы өтетін ірі спорттық додалар туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің телеграм арнасы жазды.

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары

Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындары - 2026 жылдың басты спорттық додасына айналмақ. Олимпиада аясында мұздағы және таудағы спорт түрлері бір алаңда тоғысады. Ал ашылу және жабылу салтанаты елдің тарихи әрі символдық орындарында ұйымдастырылады.

2026 жылғы Азия ойындары

Жазғы спорт түрлері бойынша жылдың басты жарысы - Азия ойындары болмақ. Аталған турнир 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтеді.

2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы

Жыл соңында Сенегал астанасы Дакар IV жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарын қабылдайды. Дода 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді.

Жабық кешендегі және жекпе-жек спорт түрлері бойынша 2026 жылғы Азия ойындары

Ойындар 28 қараша мен 7 желтоқсан аралығында өтіп, Азиада-2034 алдындағы маңызды сынақ ретінде қарастырылады. Айта кетейік, бұл Азиаданы да Эр-Рияд қабылдайды.

2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындары

2026 жылғы жағажай Азиадасы 22-30 сәуір аралығында Қытайдың Хайнань аралындағы Санья қаласында өтеді. Мұнда су спорт түрлері, жазғы спорттың жағажайдағы нұсқалары, спорттық құзға өрмелеу, жеңіл атлетиканың жекелеген дисциплиналары, желкенді спорт және жекпе-жек түрлері қамтылады.

2026 жылғы әлем чемпионаттары

Сонымен қатар қазақстандық спортшыларды көптеген әлем біріншілігі күтіп тұр.

- Конькимен жүгіруден әлем чемпионаты (классикалық және спринттік көпсайыс) - Херенвен, Нидерланд (5-8 наурыз)

- Жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты - Торунь, Польша (20-22 наурыз)

- Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты - Прага, Чехия (23-29 наурыз)

- Үстел теннисінен командалық әлем чемпионаты - Лондон, Ұлыбритания (28 сәуір - 10 мамыр)

- Семсерлесуден әлем чемпионаты - Гонконг (21-30 шілде)

- Көркем гимнастикадан әлем чемпионаты - Франкфурт, Германия (12-16 тамыз)

- Күрес түрлерінен әлем чемпионаты - Манама, Бахрейн (5-13 қыркүйек)

- Тас жолдағы велоспорттан әлем чемпионаты - Монреаль, Канада (20-27 қыркүйек)

- Триатлоннан әлем чемпионаты - Понтеведра, Испания (23-27 қыркүйек)

- Садақ атудан әлем чемпионаты - Янктон, АҚШ (24 қыркүйек - 4 қазан)

- Дзюдодан әлем чемпионаты — Баку, Әзірбайжан (4-11 қазан)

- Тректегі велоспорттан әлем чемпионаты - Шанхай, Қытай (14-18 қазан)

- Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты - Роттердам, Нидерланд (17-28 қазан)

- Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты - Нинбо, Қытай (27 қазан - 8 қараша)

- Нысана көздеуден әлем чемпионаты - Доха, Қатар (1-15 қараша)

- Қысқа суда жүзуден әлем чемпионаты - Бейжің, Қытай (1-6 желтоқсан)

Маусым барысында спорттық күнтізбеде өзгерістер болып, жарыс саны артуы мүмкін.

Abai.kz

0 пікір