Жұма, 9 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 242 0 пікір 8 Қаңтар, 2026 сағат 14:57

Жемқорлық туралы хабарлаған адамға қанша төленеді?

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылғы сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижелерін қорытындылады. 

ҰҚК баспасөз қызметі мәлім еткендей, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін 61 адамға 24,2 млн теңге сомасында сыйақы берілген. 

2025 жылы 895 адамның заңсыз әрекетінің жолы кесілді. 1 052 қылмыстық іс қозғалып, 969-ына қатысты тергеу аяқталды, оның 860-ы сотқа жолданды. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі пара алу және бюджет қаражатын ұрлау сияқты қылмыстарға қатысты. Ел бюджетіне 16,1 млрд теңге қайтарылды. Құны 3,3 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - делінген комитеттің хабарламасында. 

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын немесе оның анықталуына көмектесетін азаматтар, егер кінәлі тұлғаға қатысты сот шешімі немесе айыптау үкімі күшіне енсе, біржолғы ақшалай сыйақы ала алады.

Сыйақының мөлшері келтірілген зиянның 10 пайызына дейін болуы мүмкін. Бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды (1 АЕК — 4 325 теңге, 2026 жыл).

Осылайша, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы дәл ақпарат үшін 17,3 миллион теңгеге дейін сыйақы алу мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтар қорғалған. Олар туралы ақпаратты жария ету қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы кез келген азамат ҰҚК-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 1424 нөмірлі call-орталығына хабарлай алады.

Abai.kz

0 пікір