Сұмырай Соловьев Орталық Азияға соғыс тіледі...
Ресейдің бас пропагандашысы Владимир Соловьев өзінің «Соловьев LIVE» бағдарламасының эфирінде Орталық Азияны «Ресейдің ықпал ету аймағы» деп атап, ОА-да «арнайы әскери операция» жүргізу керектігін айтты.
Соловьев сөзбе-сөз бүйдеді:
«Бізге Сирия мен Венесуэладағы жағдайлар маңызды емсе. Қазір Арменияда болып жатқан оқиғалар біз үшін Венесуэлада болып жатқан оқиғалардан әлдеқайда маңызды. Арменияны жоғалтуымыз – біз үшін ең үлкен проблема.Біз қазір өзіміздің ықпал ету аймағымыз саналатын «біздің Азияны» - Орталық Азияны, Орта Азияны жоғалтып алмауымыз керек. Бұл аймақты жоғалтуымыз – біз үшін ең ауыр проблема болмақ. Біз өзіміздің мақсатттарымызды нақты айқындауымыз керек!
Біз оларға ойынның аяқталғанын түсіндіруіміз керек. Халықаралық тәртіп пен құқыққа түкіргеніміз бар. Бізге өзіміздің ұлттық қауіпсіздігіміз маңызды. Сол үшін де Украина аумағында «арнайы әскери операция» бастауымызға тура келді ғой. Ендеше дәл осындай мақсат-мүддеге негіздеп, біздің өзге де ықпал ету аймақтарымызда «арнайы әскери операция» бастамасқа? Бәлкім, бізге Ұлттық доктринамызды нақтылау керек шығар? Біздің ықпал ету аймақтарымызды нақты анықтау керек. Сонда бәрі түсінікті болады», - дейді.
Бұл Соловьев – Кремльдің һәм тұтас Ресейдің идеологиялық насихатшысы, бас пропагандашысы, соғыс жаршысы. Сұмырай Соловьев әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан нон грата адам.
Өзі еврей бола тұра, «Мы русские! С нами Бог!» деп кітап жазып, өзін Пайғамбарға теңеді. Сөйткен, Соловьев Қазақстанды сан мәрте тілдеді. Бұл – Соловьевтің Орталық Азия географиялық аймағына қарата алғашқы ашық қоқан-лоқысы емес. Ол Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Армения секілді ескі одақтың құрамынан өз Тәуелсіздіктерін алып шығып, дербес сыртқы және ішкі саясат ұстанып келе жатқан елдер туралы орыс телеэфирінен небір сұмдықты айтты әм айтқызды.
Ендігісі міне, Бұған Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі не деп үн қатпақ? Ресей СІМ-іне наразылық нотасын жолдай ма? Әділеттісі – жолдауы керек! Өйткені, Ресейдің соғысқұмар журналисі Орталық Азия елдеріне ашықтан-ашық соғыс ашуды насихаттап отыр. Сондықтан, ҚР Сыртқы істер министрлігі мұндай идеологиялық тәуекелдер мен ақпараттық шабуылдарға, ықтимал қауіпке қарсы тұрып, мемлекеттік иммунитетімізді көрсетуі керек!
Abai.kz