Сейсенбі, 13 Қаңтар 2026
Ақмылтық 202 0 пікір 13 Қаңтар, 2026 сағат 14:11

Орыс тілін – шет тілі ретінде ығыстыратын уақыт келді!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Тіл – ұлттың жаны, тарихи жады мен мәдени коды. Ол қоғамдағы билік қатынастарын, құндылықтар иерархиясын және келешекке деген бағытты айқындайды. Қазақстан жағдайында тіл проблемасы тек лингвистикалық емес, саяси, әлеуметтік және өркениеттік мағынаға ие. Сондықтан «орыс тілін шет тілі ретінде ығыстыру» тақырыбы да эмоцияға демейік, парасатты ойға, ұлттық мүдде мен заман талабына сүйенген салмақты талдауды қажет етеді.

Кеңестік кезеңде орыс тілі империялық басқарудың негізгі құралы болды. Ол әкімшілік, ғылым, өндіріс, әскер және білім салаларына толық үстемдік етті. Қазақ тілі тұрмыстық деңгейге ығыстырылып, мемлекеттік басқару мен жоғары әлеуметтік лифтіден шет қалды. Бұл жағдай тілдердің табиғи бәсекесі демесекте, күшпен орнатылған асимметрия еді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі басты тарихи міндет – осы бұрмаланған теңсіздікті түзету.

Алайда, отыз жылдан астам уақыт өтсе де, орыс тілі Қазақстанда әлі де өз позициясын сақтап отыр. Бұл – тарихи инерцияның, институционалдық әдеттің және саяси батылдықтың жетіспеуінің көрінісі. Мұндай жағдайда орыс тілін шет тілі мәртебесіне ығыстыру – бір тілді екінші тілге қарсы қою емес, ұлттық тілдің табиғи орны мен функциясын қалпына келтіру.

Шет тілі деген ұғым – белгілі тілдің қоғамдық өмірдегі басымдықтан айрылып, нақты коммуникациялық қажеттілік аясында оқытылуы мен қолданылуы. Әлемнің көп елінде бұл қалыпты тәжірибе. Мысалы, Францияда ағылшын тілі кең тарағанымен, ол мемлекеттік басқару мен ұлттық саясаттың тіліне айналған жоқ. Германияда да солай. Бұл елдер өз тілін қорғауды ксенофобия демей, ұлттық жауапкершілік деп түсінеді.

Қазақстан үшін де осы логика өзекті. Қазақ тілі – Конституцияда мемлекеттік тіл деп бекітілгенімен, іс жүзінде толыққанды мемлекеттік қызмет атқара алмай келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесі заңмен емес, күнделікті практикамен өлшенеді. Егер үкіметте, сотта және бизнес кеңістікте қазақ тілі негізгі жұмыс тіліне айналмаса, оның мәртебесі қағаз жүзінде ғана қала береді.

Орыс тілін шет тілі ретінде ығыстыру дегеніміз – оны қоғамдық өмірден аластау немесе азаматтардың құқықтарын шектеу деп түсінбеу керек. Бұл – мемлекеттік институттарда, ресми құжат айналымында, білім жүйесінде қазақ тілінің сөзсіз басымдығын орнату. Ал орыс тілі жеке таңдау, мәдени байланыс, халықаралық коммуникация құралы ретінде өз орнын сақтай алады. Бірақ ол мемлекеттік шешім қабылдаудың тілі болмауы тиіс.

Бұл үдерістің тағы бір маңызды қыры – психологиялық тәуелділіктен арылу. Көп жағдайда қазақ қоғамында «орыс тілін білмесек, өркениеттен қалып қоямыз» деген жасырын комплекс бар. Бұл – отарлық сананың сарқыншағы. Қайта, орыс тілі – қазіргі күндері агрессияның тілі болып отыр. Қазіргі әлемде білім мен технологияның негізгі тілі – ағылшын. Ал ұлттық өзіндік болмысты сақтаудың басты тетігі – ана тілі. Орыс тілі бұл екі функцияның ешқайсысында шешуші рөл атқармайды.

Жастардың тілдік таңдауы да осыны көрсетіп отыр. Қала жастары арасында ағылшын тіліне қызығушылық артып, орыс тілінің маңызы біртіндеп төмендеуде. Бұл – табиғи үрдіс. Мемлекет осы үрдісті тежемей, керісінше, дұрыс арнаға бағыттауы тиіс. Қазақ тілі – негізгі, ағылшын – жаһандық шет тілі ретінде оқытылатын жүйе қалыптасуы қажет.

Әрине, бұл жолда әлеуметтік кедергілер мен қарсылықтар болары анық. Бірақ, кез келген ұлттық реформа белгілі деңгейде дискомфорт туғызады. Тілді сақтаудың ең қауіпті жолы – «ешкімді ренжітпеу» саясаты. Қазіргі билік иесінің ұстап отырғаны осындай өте қауіпті саясат. Өйткені мұндай саясаттың түпкі нәтижесінде ұлттық тіл біртіндеп қоғамдық өмірден өзі-ақ ығысады.

Орыс тілін шет тілі ретінде ығыстыру – Қазақстанды біреуге қарсы қою емес, өзіне қайтару. Бұл – тарихи әділеттілік, ұлттық қауіпсіздік және мәдени егемендік жағдайы. Мемлекеттік тілдің толық үстемдігі орнамайынша, тәуелсіздік те толық болмайды. Сондықтан, бұл проблеманы эмоциямен демесек те, саналы шешіммен, кезең-кезеңімен, бірақ табанды түрде жүзеге асыру – уақыт талабы.

Тіл – тек қарым-қатынас құралы деуден гөрі, ұлттың тағдырын айқындайтын стратегиялық ресурс. Қазақ тілі өз жерінде өз орнын алғанда ғана, Қазақстан шын мәнінде дербес, біртұтас және келешегіне сенімді мемлекетке айналады.

Бейсегазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір