Header Banner
Бейсенбі, 12 Наурыз 2026
Ел іші... 104 0 пікір 12 Наурыз, 2026 сағат 16:08

Әлеуметшіл Қазақстан

Сурет: depositphotos.com сайтынан алынды.

15-наурызда өтетін республикалық референдумға халықтың белсенді қатысуын ойлап, қам жасап жүрген қоғам белсенділері, Парламент депутаттары осы күндері барлық елді мекендерге: ауылдар мен аудан орталықтарына және қалаларға барып, кәсіпорын жұмысшыларымен, мемлекеттік қызметкерлермен, студенттермен, зейнеткерлермен кездесулер өткізуде. Кездесулер барысында ел іші жаңа Коституция жобасын жақтаушыларға сан алуан сұрақтар қояды, соның арасында әлеуметтік мәселелердің мән-жайын анықтап, ұққысы келетін қауымның сұрағы көп. Олардың сұрақтары мынандай:

«Әлеуметтік көмекке мұқтаж көп балалы отбасыларына жәрдемақы тұрақты беріліп тұра ма?»

«Мемлекет тарапынан мүгедектерге қамқорлық үзбей жасала ма?».

«Жасы зейнеткерлікке жақындаған адам жұмысынан айрылып қалса, зейнетке қалай шығады? Оның бұрынғы еңбекөтілі есептелмей қалмай ма?»

«Жұмыссыздар жұмыс тапқанша, жәрдемақы алып тұра ала ма?»

«Бас бостандығынан айрылып, заңды жазасын өтеп шыққан адамды қоғамдық ортаға бейімдеу мәселесі тиісті мекемелер тарапынан  қарастырылған ба?»

«Нарықтың сұранысына сай қайта даярлау орталықтары жұмыс істей ме?»

«Зейнеткерлердің зейнетақысы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге байланысты күнкөрісін қамтамасыз ете ала ма?».

Алаңсыз болыңыз, жаңа Конституция жобасы жоғарыдағы сұрақтардың бәріне «иә» деп жауап береді. Өйткені, жаңарған заманның талаптары мен тегеурініне барынша бейімделген ендігі Ата Заңымыз әлеуметтік әділеттілік қағидатын нақтылай түскен. Адамының құқығы мен қадір-қасиетін қорғау – әділетті мемлекеттің негізгі ұстанымы болып табылады.

Парламент депутаттары мен жаңа Коституция жобасын қолдайтын қоғам белсенділері ел-жұртпен кездесулерінде халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау – мемлекеттің тікелей конституциялық міндеті екені айтады. Олардың сөзін растай отырып, біз де өз тарапымыздан қосып мынаны айтықымыз келеді: жаңа Конституция жобасында ең төменгі жалақының, зейнетақының, сондай-ақ жасына, ауруына, мүгедектігіне немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қамтамасыз етудің кепілдіктері нақты бекітілген. Бұл нормалар азаматтардың өмірлік қиын жағдайға тап болған сәтінде мемлекет тарапынан жүйелі қолдау алуына құқықтық негіз қалыптастырады.

Тағы бір ескерерлігі: жаңа Конституция жобасы бойынша, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жауапкершілігі жеке адамның өзіне немесе отбасына емес, мемлекетке жүктеледі. Мұндай өзгерісті қарттар жағы қуана қабылдап, алғыс білдіруде.

Қазақстан – әлеуметтік міндеттемелерді атқарушы биліктің қызметіне жүктеген мемлекет. Мұндай мемлекетте ешкім қараусыз қалмауы керек.

Деректерге жүгінейік:

Қазақстанның  бюджеті 26 триллион теңге. Соның  45 пайызы әлеуметтік мәселелерді қаматамсыз етуге арналған. Елімізде 2,6 миллион зейнеткер бар екен. Сол зейнеткерлерді зейнетақымен қамтамассыз ету үшін Республика  бюджетінен былтыр 4,9 триллион теңге жұмсалған.

627 мың көпбалалы отбасыға жәрдемақы ретінде Республика бюджетінен биыл  57 млрд. теңге бөлініпті.

Бұл сома тұтас диверсификацияланған. Отбасында бала саны көбейген сайын жәрдемақы да өсе береді.

Қазақстанда 545 мың мүмкіндігі шектеулі азамат жыл сайын мемлекеттен 60-миллиард теңгеге жуық өтемақы алып тұрады.

«Аш адамға жаның ашыса, қара судан балық аулап берме, қолына қармақ ұстат» деген екен өмірдің өткелектерінен өткен бұрынғылар. Шектеусіз әлеуметтік жәрдемақылар мұқтаж жандарға үлкен көмек болса, бір есептен оларды масылдыққа бейім қылуы да мүмкін. Сондықтан бізде әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды кәсіп-қарекетпен қамтамасыз ету жағы да қарастырылған.

–  «Жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаңды дамыту» бағытын басшылыққа алып қала кәсіпорындары мен мекемелерінен тұрақты жұмыс орындарына бос жұмыс орындары туралы өтінімдер түседі, –  дейді «Талдықорған қаласы Мансап орталығының»  маманы Боранбай Қасенұлы. Маманның бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, Талдықорған қаласында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 2025 жылы 80 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде жоспарлаған екен, 9 айда 74 адам алғашқы жұмыс орнын тауыпты. Ал, «Қоғамдық жұмыс»  жобасы негізінде 890 адам болса,  бұл жоба 133 пайызға орындалып, 1194 адам кәсіп көзін тапқан. Сонымен қатар «Мүгедектігі бар адамдарды квотамен жұмысқа орналастыру» жоспары да 100 пайыз көрсеткішке жетіп, 48 адам жұмыспен қамтылған. «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып шыққан» адамдарды квотамен жұмысқа орналастыру жоспарында 15 адам болған еді. Сол 15 адамның 12-і  9 айда жұмыс істеп, еңбекақы таба бастаған.  «Қысқа мерзімді кәсіптік оқу бойынша» 2025 жылға 125 адам жоспарланып, 125 адам оқуға жолданған.

Бұл жұмыстар  халқының әлеуметтік тұрмысына көңіл бөліп отыратын әлеуметшіл Қазақстанда тұрақты жалғасын таба берері анық.

Abai.kz

0 пікір