Алматы облысы: Барымтамен айналысқан топ ұсталды
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында алдын ала сөз байласуымен жасалған мал ұрлығының бірқатар дерегі ашылды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында Ақши ауылының 20–25 жас аралығындағы төрт тұрғыны ұсталды.
Тінту жүргізу кезінде Ақши ауылының үйлерінің бірінен аңшылық қару және бөлшектелген жылқының еттері табылып, тәркіленді. Айғақ заттар қылмыстық істің материалдарына тіркеліп, ет заңды иесіне қайтарылған.
– Олар үй жануарларын заңсыз атып, кейін оларды бөлшектеу және қылмысты жасыру мақсатында етін әкету әрекеттерін жасады деген күдікке ілінді. Тергеу барысында аталған заңсыз әрекеттер жергілікті тұрғындар арасында кең қоғамдық резонанс тудырғаны анықталды. Аталған қылмыстық істі тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр, - деп хабарлады департаменттен.
Abai.kz