Рейган не дейді, Қазақ Үкіметі не дейді?
«Салықты тым көбейтіп жіберсең адамдар аз өндіреді - бұл қарапайым ақиқат»
Рональд Рейган
Экономикадан хабарым шамалы...
Бірақ АҚШ-тың 40-президенті Рональд Рейганның 1989 жылғы 11 қаңтардағы халыққа арналған қоштасу үндеуін оқып, біздің үкімет қосымша құн салығын өсіріп, үлкен қателік жіберді-ау деп отырмын.
Р. РЕЙГАН:
Америкалық отандастарым!
Бұл – Сопақша кабинеттен сіздерге жасап отырған 34-ші әрі соңғы үндеуім. Біз сегіз жылды бірге өткіздік, енді көп ұзамай мен кетемін. Бірақ соған дейін, көптен бері көкейімде жүрген кейбір ойлармен бөліскім келеді.
Сіздердің Президенттеріңіз болу мен үшін зор мәртебе болды. Соңғы бірнеше аптада көпшілігіңіз алғыс хат жолдадыңыздар, бірақ мен де сол алғысты өздеріңізге айтқым келеді.
Нэнси екеумізге сіздерге қызмет ету мүмкіндігін бергендеріңіз үшін шын жүректен ризамыз.
Президенттік қызметтің бір ерекшелігі – адам әрдайым сәл алыста жүргендей күй кешеді. Көбіне өзің басқармайтын көлікте қатты жылдамдықпен өтіп бара жатып, адамдарды қара әйнектің ар жағынан көресің.
Баласын көтеріп тұрған ата-аналарды кеш байқап, жауап қайтара алмай қалған сәлемді көресің. Сондай сәттерде талай рет көлікті тоқтатып, әйнектен қол созып, байланыс орнатқым келген. Бәлкім, бүгін кешке соның бір парасын орындай алатын шығармын.
Көп адам менің кетуге қалай қарайтынымды сұрайды. Шындық мынада: «қоштасу – тәтті мұң». Тәттісі – Калифорния, ранчо және еркіндік. Ал мұңы – қоштасу мен осы тамаша орынды тастап кету.
Бұл кабинеттен дәлізбен өтіп, баспалдақпен жоғары көтерілсеңіз, президент отбасы тұратын бөлікке барасыз. Сол жақта мен ерекше жақсы көретін бірнеше терезе бар. Таңертең сол терезеден Ақ үй ауласы, Вашингтон монументі, одан әрі Ұлттық аллея мен Джефферсон мемориалы көрінеді. Ал ауа райы ашық күндері мемориалдың ар жағынан Потомак өзені мен Вирджиния жағалауы да көзге шалынады.
Біреу бұл көріністі кезінде Линкольн Булл-Ран шайқасынан кейін көтерілген түтінді көргенде тамашалаған деген. Ал мен қарапайым көріністерді көремін.
Жағалаудағы шөп, зымыраған көліктер, кейде өзенмен жүзіп өткен желкенді қайық.
Сол терезеге қарап тұрып, соңғы сегіз жыл туралы көп ойландым. Көз алдыма қайта-қайта теңізге қатысты бір бейне келеді.
Бұл – үлкен кеме, босқындар мен бір теңізші жайлы шағын оқиға.
Сексенінші жылдардың басында, қайықтағы босқындар легі күшейген шақта, «Мидуэй» әуе тасымалдаушы кемесінде қызмет еткен бір теңізші Оңтүстік Қытай теңізінде патрульде жүрген. Ол да көптеген америкалық әскери қызметшілер сияқты жас, зерек әрі байқағыш еді. Олар көкжиектен ағыс алып бара жатқан шағын қайықты көреді. Ішінде Америкаға жетуді үміт еткен Үндіқытай босқындары болған. «Мидуэй» оларды құтқару үшін шағын қайық жібереді. Дауылды суда келе жатқан босқындардың бірі палубада тұрған теңізшіні көріп, орнынан тұрып «Сәлем, америкалық теңізші! Сәлем, еркіндік адамы!» - деп, айғайлайды.
Кішкентай сәт, бірақ мағынасы зор. Бұл оқиғаны хат арқылы жеткізген теңізші оны ұмыта алмаған. Мен де ұмыта алмадым.
Себебі 1980-жылдары америкалық болу дәл осындай еді. Біз қайтадан еркіндік жағында тұрдық. Әрдайым солай болғанымыз рас, бірақ соңғы жылдары әлем де, өзіміз де еркіндіктің мәнін қайта аштық.
Бұл онжылдық оңай болған жоқ, біз талай дауылды бірге өткердік. Ақырында, бірге мақсатқа жеттік.
Гренададан бастап Вашингтон мен Мәскеудегі саммиттерге дейін, 1981–1982 жылдардағы рецессиядан 1982 жылдың соңында басталған әрі әлі жалғасып келе жатқан экономикалық өрлеуге дейін – біз жағдайды жақсы жаққа өзгерттік.
Мен үшін ең үлкен екі жетістік бар. Біріншісі – экономикалық қалпына келу - америкалықтар 19 миллион жаңа жұмыс орнын құрды.
Екіншісі – ұлттық рухтың қайта жандануы. Америка әлемде қайтадан құрметке ие болып, көшбасшы ретінде қарастырыла бастады.
1981 жылы Канадада өткен алғашқы ірі экономикалық саммитім есімде. Дамыған жеті елдің басшылары жиналған ресми кешкі ас еді.
Мен жаңа келген оқушыдай отырып, бәрінің бірін-бірі атымен «Франсуа», «Хельмут» деп атайтынын көрдім.
Бір сәтте мен де «Менің атым – Рон», – дедім.
Сол жылы біз экономиканы көтеру үшін салықты азайтып, реттеуді жеңілдетіп, шығындарды қысқарттық. Көп ұзамай қалпына келу басталды.
Екі жылдан соң тағы бір саммит өтті. Бір сәт бәрі маған қарап қалғандай болды. Сонда біреуі «Америкалық ғажайып туралы айтып беріңізші», – деді.
1980 жылы мен президенттікке түскенде, көптеген сарапшылар біздің саясат апатқа әкеледі деді. Ал шын мәнінде, олар «радикал» деген нәрсе – «дұрыс» болып шықты, ал «қауіпті» дегені – «аса қажет» еді.
Мені «Ұлы коммуникатор» деп атады. Бірақ мен үшін мәселе сөзде емес, мазмұнда еді. Мен ұлы ойларды жеткіздім, ал олар менің емес, ұлы ұлттың жүрегінен шықты.
Мұны «Рейган революциясы» деді. Ал мен үшін бұл – өз құндылықтарымызды қайта ашу еді.
Салықты тым көбейтіп жіберсең адамдар аз өндіреді – бұл қарапайым ақиқат.
Біз салықты төмендеттік, экономика гүлденді. Бұл саясат бейбіт кезеңдегі ең ұзақ экономикалық өрлеуге әкелді.
Отбасылардың табысы артты, кедейлік азайды, кәсіпкерлік дамыды, жаңа технологиялар серпін алды.
Бейбітшілікті сақтау үшін күшті болу керек екенін де түсіндік. Біз қорғанысты нығайттық, ал қазір ядролық қару азайып келеді, аймақтық қақтығыстар басылып жатыр. Кеңес Одағы Ауғанстаннан шығып жатыр, Вьетнам Камбоджадан әскерін әкетуге дайын, Кубаның 50 мың әскері Анголадан қайтатын болды.
Басты сабақ – біз ұлы ұлтпыз, сондықтан мәселелеріміз де күрделі. Бірақ өз қағидаларымызға сенсек, болашақ біздікі. Біз ұлтты өзгертеміз деп бастап едік, ақырында әлемді өзгерттік.
Бүкіл әлемде елдер еркін нарық пен сөз бостандығына бет бұруда. Демократия – моральдық қана емес, практикалық жүйе екенін түсінді.
Мен саясатқа кездейсоқ келдім. Бірақ алған игілігің үшін жауап беру керек деген сеніммен келдім. Мен үкімет шектелмесе, адам еркін болмайтынын еске салғым келді.
Коммунизм – еркіндіктің ең аз түрі. Біз Кеңес Одағымен қарым-қатынасты іспен, уәдемен емес, әрекетпен құрдық. Горбачев реформалар жасап, тұтқындарды босатты. Бірақ сақтық қажет.
Менің өкінішім бар – бюджет тапшылығы. Дегенмен, барлық жеңісті сіздермен бірге жеңдік. Енді бұл істі Буштың бригадалары жалғастыруы тиіс.
Соңында бір ескерту айтқым келеді.
Патриотизм оймен, біліммен бекімесе, ұзаққа бармайды.
Біз балаларымызға Американың не екенін үйретуіміз керек.
Еркіндік – нәзік, оны қорғау керек.
Америкадағы барлық ұлы өзгеріс ас үстелінен басталады. Әңгіме отбасында басталуы тиіс.
Мен өмір бойы «төбедегі жарқыраған қала» туралы айттым. Ол – еркіндікке ұмтылғандар үшін шамшырақ. Бүгін ол бұрынғыдан да берік, қауіпсіз, бақытты. Екі ғасыр өтсе де, сол күйінде тұр.
Біз өз үлесімізді қостық. Біз уақытты босқа өткізген жоқпыз. Қаланы күшейттік, еркін еттік, сенімді қолдарға тапсырдық.
Қош болыңыздар!
Құдай сіздерді және Америка Құрама Штаттарын жарылқасын.
Өмір Шыныбекұлының парақшасынан алынды
Abai.kz