Сәрсенбі, 14 Қаңтар 2026
Мәдениет 211 0 пікір 14 Қаңтар, 2026 сағат 13:35

Әкемтеатр…

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

«…Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай,
Мына халқым неге жатыр тойламай…» — деген Мұқағалидың өлеңі дәл бүгінгі «Әкемтеатрға» арналғандай.

Әкемтеатр…

Кімнің қалай, неге атағаны белгісіз. Алайда аузы дуалы біреудің айтқаны ел аузында қалды. Шамасы, «академиялық» деген сөздің орнына «әкем» деу – өзімізге жақындығынан болар.

Мұхтар Әуезов атындағы театр осыдан 100 жыл бұрын сол кездегі астанамыз Қызылордада шымылдығын көтерді. Тұңғыш қойылым Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» туындысы болды. Иә, иә… Мұхтар Әуезов емес.

Сол кездегі Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов 1925 жылы қызметіне келе сала жан-жақтан әнші, биші, күйші, ақын, домбырашы – өнер адамдарын Қызылордаға шақыра бастайды. Өйткені кәсіби театрсыз, өнер-білімсіз жас мемлекеттің алға жылжуы мүмкін емес еді. Тіпті Қаллеки мен Исаны Қоянды жәрмеңкесінен арнайы алдырған екен.

Театрдың алғашқы директоры Дінше Әділов бұл күндері ұйқыдан қалған. Нәзір Төреқұловтан, Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлынан бата алған ерен тұлға өнерге берілген нағыз фанат еді.

Бұл бір ғажап күн болатын. Қызылордаға жиналған көрермендер ортасында еліміздің ағарту халық комиссары Смағұл Сәдуақасов, өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жандосов, театр режиссері Михаил Насонов, ақын-жазушылар Бейімбет Майлин, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтар болды.

Қошке Кемеңгерұлы — жазушы, драматург, әдебиет пен өнерге үлкен із қалдырған ғалым. 1928–1930 жылдары Мұхтар Әуезовпен бірге Ташкентте оқыған.

Қазақ даласындағы кәсіби театр «Алтын сақина» қойылымымен осылай ашылды.

1926 жылғы 11 ақпанда Смағұл Сәдуақасов төрағалық еткен Халық ағарту комиссариаты алқасының мәжілісінде ұлт театрының жай-күйі талқыланып, директор Дінше Әділов баяндама жасайды. Сол отырыста театрға «Қазақ мемлекеттік академиялық театры» атауын беру туралы қаулы қабылданды.

Алғашқы артистер: Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев еді. Бүгінде бұл есімдер қазақ театр өнерінің алтын тарихына айналды.

Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Ана» шығармасындағы «бүгін сол әруақтарды еске алатын күн» деген сөз еріксіз ойға оралады. Өмірін де, өнерін де әкем театрға арнаған тарландар көз алдыңа келеді.

Хадиша Бөкеева, Сабира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Замзагүл Шәріпова, Фарида Шәріпова, Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышбаева, Рахилям Машурова, Меруерт Өтекешева, Гүлжан Әспетова — үлкен апаларымыз болса,

Нұрмұхан Жантөрин, Шахан Мусин, Шәкен Айманов, Қапан Бадыров, Мүлік Сүртібаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Камал Қармысов, Сейфолла Телғараев, Атайбек Жолымбетов, Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов, Сабит Оразбаев, Құман Тастанбеков, Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Матан Мұраталиев, Құдайберген Сұлтанбаев, Уайс Сұлтанғазин, Төкен Аралбаев сынды аға буын өкілдері театр тарихында мәңгі қалды.

Театрдың шарықтау кезеңі Әзірбайжан Мәмбетовтің тұсына келді. Оған дейін Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Исаак Гольдблат еңбек етті. Әзірбайжан Мәмбетов қазақ театрын Кеңес Одағына танытты. Одан кейін Қадыр Жетпісбаев, Райымбек Сейітметов, Есмұхан Обаев, Сәулебек Асылханов, Әубәкір Рахимов, Қайрат Сүгірбеков, Болат Атабаевтар да өз қолтаңбасын қалдырды.

Бұл кезеңде қазақ драматургиясы да қанат жайды. М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Т. Ахтанов, Ш. Айтматов, Қ. Мұхамеджанов, С. Жүнісов, О. Бөкей, Д. Исабеков, Иран-Ғайып, Е. Аманшаевтардың туындылары сахна заңына сай ұлттық болмысты дәріптеді.

Кезінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қолдауымен салынған ғимарат бүгінде «демалыста». Театрдың аты бар да, заты жоқ күйде. Күрделі жөндеудің басты мақсаты — Әкем театрдың 100 жылдығын жаңарған ғимаратта қарсы алу еді. Өкінішке қарай, бұл ой іске аспады…

Абайдың:

«Қайран сөзім қор болды,

Тобықтының езіне…» дегені еріксіз ойға оралады.

А. Чехов: «Тобырды ел жасайтын – театр» десе, Шерхан Мұртаза: «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген. Ал Ғабең айтқандай, «Қас сұлуының көз жасындай мөлдір өнер – театр» екені рас.

Бүгінде құттықтау хаттар мен телеграммалардың кімге, қайда келіп жатқанын білмеймін. Білетінім – театр арда өнер. Театр – ана тіліміздің тал бесігі.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуімде мен ең алдымен өнер, әсіресе ұлттық театрлар мәселесін көтерген едім. Сол сәтте аузыма бірінші болып «Әкем театр» түсті. Біреу білсе, біреу білмес. Бірақ бүгінде Әуезов театры ұлттық мәртебеге ие болса, соған титтей де үлес қосқаныма мақтанамын.

Баяғыда Малый театрдың 90 жылдығында Константин Сергеевич Станиславский:

«Ты — великий Малый театр… Здесь люди творили вечно… Здесь ковалось настоящее искусство…» — деген екен.

Дәл осы сөздерді көрермен атынан да, өз атымнан да айтар едім.

Жасай бер, Әкем театр!

Сен — Ұлы театрсың.

Сен — өнердегі Темірқазықсың.

Жұлдыз көп, Темірқазық жалғыз.

Ал Темірқазық қашанда жол көрсетеді.

Жасай бер, Әкем театр!

Саған басымды иемін.

Өйткені сен — ұлылар мекен еткен алтын ұясың!

Тойың тойға ұлассын!

Құрметпен,

Талғат Теменов,

Қазақстанның Халық артисі

Abai.kz

0 пікір