Дүйсенбі, 19 Қаңтар 2026
Анық-қанығы 199 0 пікір 19 Қаңтар, 2026 сағат 14:06

Журналистер қателігі: Шынжаң аудан емес...

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

Соңғы кезде қазақ баспасөзін оқығанда ғана емес, телехабарлар мен жаңалықтарды тыңдағанда да бір жайт қайта-қайта көзге түседі: Қытайдағы 新疆维吾尔自治区 атауы мәтінде де, эфирде де «Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы» деп аударып қолданылып жүр. Бір қарағанда бұл ұсақ тілдік қате сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мәселе бір сөздің дұрыс-бұрыстығында ғана емес. Бұл — әкімшілік құрылымды түсіну, тілдік жауапкершілік және атауды қалай беру арқылы дүниені қалай қабылдайтынымызды айқындайтын ойлау жүйесіне тікелей байланысты мәселе. Неге дейсіз бе?

Әкімшілік-аумақтық бөлініс жүйесінде Қазақстан мен Қытайдың түбегейлі айырмашылықтары бар. Қазақстан Республикасы қазіргі таңда 17 облысқа және республикалық маңызы бар 3 қалаға бөлінеді. Ел аумағындағы аудандардың жалпы саны — 188. Яғни Қазақстандағы әкімшілік жүйе салыстырмалы түрде қарапайым әрі үш деңгеймен шектеледі: ауыл – аудан – облыс.

Ал Қытай Халық Республикасында әкімшілік бөлініс халық санының көптігі мен аумақтың орасан кеңдігіне байланысты әлдеқайда күрделі әрі көпсатылы. Қытайда провинциялық (өлкелік) деңгейдегі әкімшілік бірліктерге 23 өлке (провинция), 5 автономиялық өлке, республикалық маңызы бар 4 ірі қала және 2 арнайы экономикалық мәртебесі бар қала жатады. Яғни Қытайда өлке деңгейіндегі әкімшілік бірліктердің жалпы саны — 34.

Осы 34 өлке деңгейлі бірліктің құрамында төменгі сатылардағы әкімшілік құрылымдар орналасқан. Аймақ (облыс) деңгейінде 333 әкімшілік бірлік, ал аудан деңгейінде 2852 әкімшілік құрылым бар. Бұл деректердің өзі Қытайдағы әкімшілік жүйенің ауқымы мен күрделілігін айқын аңғартады. Қытайда автономиялық өлке, автономиялық облыс, автономиялық аудан, автономиялық ауыл сияқты атаулар мен мәртебелер аз санды ұлттар шоғырланып қоныстанған өңірлерде, сол этностардың саны мен орналасу ерекшелігіне байланысты ғана қолданылады. Этникалық құрамы біртекті қытайлар отырған өңірлерде мұндай «автономиялық» атаулар жоқ.

Журналистеріміздің «автономиялық аудан» деп жиі атап жүрген Шыңжаң өңірі қытай дереккөздерінде тарихи тұрғыдан «Батыс өңір», «Батыс өлке» деп аталған. Цин әулеті тұсында, 1883 жылы, бұл аймақ ресми түрде өлке мәртебесін алып, «Шыңжаң өлкесі» деп аталған. Тарихта бұл аумақ «Шығыс Түркістан өлкесі», «Шығыс Түркістан республикасы» сияқты атаулармен де белгілі. Шыңжаңның жалпы жер көлемі 1 664 900 шаршы шақырым, яғни Қытай аумағының алтыдан бірін алып жатыр. Бұл аумақ үш Францияға, төрт Жапонияға, бес Италияға, алты Жаңа Зеландияға, жеті Ұлыбританияға тең келеді. Қытайдың жетінші халық санағының дерегі бойынша, Шыңжаң халқының саны 25 852 345 адам. Оның ішінде ұйғырлар шамамен 12 миллион, яғни жалпы халықтың 44,96 пайызын құрайды. Қазақ халқының саны 1,5 миллионға жуық. Қалғаны қытай ұлты мен өзге халықтар.

«Автономиялық аудан» деп аударып жүрген自治区 — провинциямен тең дәрежедегі ең жоғарғы әкімшілік бірліктердің бірі. Оның құрамында тағы облыс (аймақ), аудан сияқты бірнеше төменгі деңгейдегі әкімшілік құрылымдар бар. Мәселен, Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің құрамына Іле қазақ автономиялық облысы, Бортала моңғол автономиялық облысы, Санжы дұнған автономиялық облысы мен бірге Құмыл, Қашқар, Хотан, Ақсу сияқты жалпы 14 облыс (аймақ) және соларға қарасты 110 аудан мен аудан дәрежелі қала бәрі кіреді.

Осындай құрылымы бар, ішінде оннан астам облыс (аймақ) пен жүзден астам аудан орналасқан әкімшілік бірлікті «аудан» деп атау — оның мәртебесін бір емес, бірнеше сатыға төмендетіп жіберу деген сөз. Сондықтан 自治区 сөзін «аудан» деп аудару ғылыми да, логикалық та, әкімшілік тұрғыдан да негізсіз және қате. Бұл қателіктің жауабы қарапайым: біз көбіне орыс тіліндегі «автономный район» деген тіркесті ойланбастан калькалап аламыз. Алайда қазақ тілі — орыс тілінің көлеңкесі емес. Қазақ тілінде әкімшілік атауларды берудің өз логикасы, өз дәстүрі, өз терминқоры бар. Сол терминқорда «өлке» деген ұғым бұрыннан бар. Өлке сөзі «аймақ», «өңір», «атырап», «иелік», «дала» мағыналарын береді. Сонымен бірге бұл сөз әкімшілік бірлік атауы ретінде қолданылады.

Құрамына ұлт аудандары мен облыстары және округтері кіретін үлкен әкімшілік-аумақтық бірлік (ҚӘТС, 2011: 135). Өлке сөзі орыс тіліндегі край сөзінің баламасы ретінде де қолданылады. Мысалы, автономиялық өлке – автономный край, Түркістан өлкесі – Туркестанский край (https://termincom.kz/). Түркістан өлкесі, Жетісу өлкесі, Алтай өлкесі деген атаулар — соның айқын дәлелі. Бұл — облыстан жоғары, бірақ мемлекеттен төмен деңгейдегі кең аумақты білдіретін дәл атау. Оның үстіне Қытайдағы қазақтар тілінде «Шыңжаң өлкесі» деген қолданыс ертеден бар. Демек, бұл — жаңа ұсыныс емес, ұмыт қалған табиғи атауды қайта орнына қою ғана.

Бұл мәселе тек Шыңжаңға қатысты емес. Дәл осы қателік Тибетке, Ішкі Моңғолға, Гуанси мен Нинсяға да қатысты. Олардың бәрін «аудан» деп атау — Қытайдың әкімшілік жүйесін түсінбеудің белгісі. Ал түсінбей тұрып аудару — сауаттылыққа жатпайды. Кейде «оқырманға бәрібір емес пе?» деген уәж айтылады. Жоқ, бәрібір емес. Себебі тіл — тек қатынас құралы емес, таным құралы. Біз атауды қалай берсек, қоғам солай түсінеді. Ал қате атау қате түсінік қалыптастырады. Сондықтан бұл жерде бір-ақ талап бар: өзе тілдегі аударманы емес, мағынаны аудару. Қытайдағы 自治区 үшін қазақ тіліндегі ең дәл, ең орнықты, ең қисынды балама — «автономиялық өлке». Сондықтан төмендегі атауларды қолдану дұрыс әрі жүйелі деп есептейміз:

Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі

Тибет автономиялық өлкесі

Ішкі Моңғол автономиялық өлкесі

Гуанси Жуанзу автономиялық өлкесі

Нинся Хуэйзу автономиялық өлкесі

Егер қазақша жазсақ — өз тіліміздің мүмкіндігін пайдаланып жазайық. Егер аударсақ — өз ақылымызбен аударайық. Бұл — бір ғана сөздің емес, тілге деген құрметтің мәселесі. Шетелдік атауларды қазақ тілінде беру — жай сөз таңдауы емес, дәлдік, тілдік норма және ұлттық терминология мәселесі. Өзге тілдегі атауларды механикалық түрде көшіру қазақ тілінің мүмкіндігін шектеп қана қоймай, қоғамды шатастырады және сауатсыздыққа жол ашады.

Қайрат Ғабитханұлы,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Abai.kz

0 пікір