Сәрсенбі, 21 Қаңтар 2026
Билік 224 0 пікір 21 Қаңтар, 2026 сағат 13:48

Этносаралық саясаттағы институционалдық өзгерістер

Суреттер: gov.kz және автордың мұрағатынан алынды.

Қоғамдық келісімнің жаңа форматы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында cөйлеген сөзіне қатысты пікір:

Этнос өкілдерінің қатысуымен болатын қақтығыстардың басым бөлігі бастапқыда қылмыстық немесе тұрмыстық негізде өрбиді. Алайда қазіргі медиакеңістікте мұндай оқиғалар тез арада саясиланып, этносаралық сипатқа ие болады. Нәтижесінде нақты әлеуметтік немесе құқықтық себептер екінші қатарға ысырылып, оқиға «біз» және «олар» логикасымен түсіндіріледі. Бұл этностық шекараларды күшейтіп, қауымдастықтар арасында өзара сенімсіздік пен ұжымдық өшпенділіктің қалыптасуына әкеледі.

Бұл үрдіс эмоциялық риториканың басым болуымен, жалған ақпараттың жылдам таралуымен және этностық стереотиптерге сүйенген дискурстармен одан әрі ушыға түседі. Соның салдарынан қарапайым тұрмыстық жанжал қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін этносаралық шиеленіске айналуы мүмкін. Бұл жағдай этносаралық қатынастар саласында тек салдарға жауап беретін реактивті саясаттың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Алдын алу мен кешенді талдауға негізделген жаңа тәсілдер қажет.

2020 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған оқиға осының айқын дәлелі болды. Жеке адамдар арасындағы жанжал қысқа мерзім ішінде этностық сипат алып, жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Адам шығыны мен материалдық залалдан бөлек, ең ауыр салдардың бірі – қоғамдағы ұзақ мерзімді психологиялық сенім дағдарысы еді. Бұл жағдай этностық фактор қақтығыстың түпкі себебі емес, оны ушықтыратын құралға айналатынын көрсетті.

Қордайдағы оқиға әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, жергілікті басқару институттарына деген сенімнің әлсіреуі, ақпараттық вакуум және алдын алу тетіктерінің әлсіздігі этностық дискурс арқылы қалай күшейетінін айқын аңғартты. Демек, мұндай қақтығыстарды тек этносаралық саясат немесе мәдени айырмашылықтар аясында қарастыру жеткіліксіз. Олар әлеуметтік, институционалдық және ақпараттық факторлардың тоғысында туындайтын кешенді қауіпсіздік мәселелері ретінде қарастырылуы тиіс.

Осы контексте Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи рөлі ерекше. Соңғы отыз жылда Ассамблея этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтатын негізгі институтқа айналды. Ол этникалық әртүрлілікті мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде бекітіп, диалог алаңын қалыптастырды. Өзара сыйластық, келісім, алдын алу және азаматтық қоғамды тарту – осы кезеңнің басты қағидаттары болды.

Алайда бүгінгі геосаяси турбуленттілік, қоғамдық үдерістер этносаралық қатынастардың мазмұны өзгергенін көрсетіп отыр. Этностық мәселелер мәдени шеңберден шығып, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторға айналды. Сондықтан Президент атап өткен Ассамблеяның тарихи миссиясының аяқталуы – оның маңызын жоққа шығару емес, қоғамдық келісімді басқарудың жаңа институционалдық форматына көшу қажеттігін білдіреді.

Осы қажеттіліктен Қазақстан Халық кеңесін құру бастамасы туындап отыр. Халық кеңесі этносаралық қатынастарды тек мәдени немесе символдық деңгейде емес, әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқарушылық астарларымен бірге қарастыратын кең форматтағы қоғамдық-саяси алаң болуы тиіс. Бұл институт ықтимал этностық риториканы ерте кезеңде анықтап, алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл өзгеріс этностық саясаттан ұлттық, азаматтық сипаттағы саясатқа өтуді білдіреді. Мақсат – айырмашылықтарды басқару емес, этностық, діни және тілдік ерекшеліктеріне қарамастан, барлық қазақстандықтарды бір қоғамның, бір ұлттың және бір ортақ мүдденің өкілдері ретінде біріктіру.

Осылайша, қоғамдық келісімнің жаңа форматы этносаралық саясаттың институционалдық жаңғыруымен тығыз байланысты. Ұлттық бірегейлік мәдени тақырып қана емес, саяси тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздіктің өзегіне айналып отыр. Ал Халық кеңесінің қалыптасуы этнизация тәуекелдерін төмендетуге және «біз» ұғымын этностық емес, азаматтық мазмұнда бекітуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Мусатаева Фарида Магауиевна,

PhD, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, Этномедиациа орталығының басшысы

0 пікір