Қазақстан-Түркия: Мұнай-газ саласында ынтымақтастық
ҚМГ басшысы мен Түркияның энергетика министрі екі елдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Анкара қаласында Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактармен кездесті.
Кездесу барысында ҚазМұнайГаз бен Түркияның энергетика саласындағы компаниялары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, ҚМГ мен түрік мемлекеттік «Turkish Petroleum Corporation» (TPAO) корпорациясы екі елдің аумағындағы перспективті геологиялық барлау жобаларын зерделеу бағытында жан-жақты жұмыс жүргізді. Бүгінде бұл бірлескен бастамаларды нақты іске асыруға қадам жасалуда.
ҚМГ басшысы Түркияның энергетика министрлігіне сындарлы әрі мазмұнды диалог үшін алғыс білдірді. А.Хасенов түрік серіктестерімен өзара іс-қимылды кеңейту геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға және озық технологияларды енгізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ кадр әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Тараптар Қазақстан мен Түркияның экономикалық дамуы жолында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытындағы ортақ жұмысты жалғастыруға дайын екендігін растады.
Abai.kz