Теңізде мұнай қайтадан өндіріле бастады
Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ кен орны саналатын Теңізде уақытша тоқтатылған мұнай өндіру жұмыстары қайта жанданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі кен орнындағы электрмен жабдықтауға қатысты мәселе толық шешіліп, мұнай өндіру қайта басталғанын растады. Өндіріс көлемі кезең-кезеңімен жоспарлы көрсеткіштерге жеткізілмек.
— «Теңізшевройл» электр энергиясын тарату жүйесінің қауіпсіз түрде іске қосылғанын және шикі мұнай өндіруді қайта жандандырудың бастапқы кезеңі басталғанын растайды. Компания жағдай мүмкіндік берген сайын өндіріс көлемін біртіндеп арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр. ТШО өндірістің қауіпсіз әрі сенімді жүргізілуіне адалдығын сақтайды, — деді «Теңізшевройл» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Фархат Әбілов.
Теңіздегі жағдай
Бұған дейін, шамамен бір апта бұрын, Теңіз кен орнында трансформаторда өрт шығуына байланысты мұнай өндіру уақытша тоқтатылған болатын. Апат салдарынан электрмен жабдықтауда ақау туындаған.
Алдын ала бағалауларға сәйкес, өндірістің тоқтауына байланысты Қазақстан экспортқа КҚК терминалы арқылы жөнелтілуі тиіс болған шамамен 700 мың тонна мұнайдан айырылған. Reuters дереккөздері мұнай өндіру ақпан айына дейін қалпына келмеуі мүмкін екенін де жоққа шығармаған еді.
Оқиғадан кейін Теңіз кен орнына арнайы үкіметтік комиссия жіберілді.
Abai.kz