ЮНИСЕФ «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасының (2026–2030) қабылдануын құптайды
ЮНИСЕФ «Қазақстан балалары» (2026–2030) ұлттық бағдарламасының қабылдануын құптайды. Бұл — ел халқының шамамен 34 пайызын құрайтын 6,9 миллион баланың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кешенді ұлттық стратегия.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген бағдарлама балалар мүддесіндегі мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық көзқарасын қалыптастырады және 2026–2030 жылдар аралығында балаларды әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және қауіпсіздік салаларын нығайтуға бағытталған 158 нақты іс-шараны қамтиды. Бағдарламаның жалпы бюджеті 2,6 млрд АҚШ долларын құрайды.
Бағдарлама отбасыларды қолдауға және позитивті ата-ана тәрбиесін дамытуға, балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ балаға бағдарланған инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде жаңа медициналық және оңалту мекемелерін салуға, инклюзивті және балаға қолайлы қызметтерді кеңейтуге ерекше назар аударады. Сонымен қатар, өңірлік деңгейде балаларды қорғау жүйесін күшейту, мамандардың кәсіби стандарттарын арттыру және мектептерде психологиялық қолдауды дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып табылады.
ЮНИСЕФ Қазақстан Үкіметімен бірлесе отырып бағдарламаны әзірлеу барысында негізгі стратегиялық әріптес ретінде әрекет етті және Балалар құқықтары туралы конвенцияның халықаралық нормалары мен стандарттарының, БҰҰ-ның жаһандық стратегияларының және озық халықаралық тәжірибелердің ұлттық саясатқа енгізілуін қамтамасыз етті. ЮНИСЕФ сарапшылары бағдарламаның архитектурасын қалыптастыруға, оның ішінде тұжырымдамалық негіздерді, нәтижелік көрсеткіштерді, салааралық үйлестіру тетіктерін, сондай-ақ іске асыруды мониторингтеу және бағалау тәсілдерін әзірлеуге жүйелі қолдау көрсетті.
ЮНИСЕФ сондай-ақ бағдарламаның негізгі компоненттерін әзірлеуге қолдау көрсетті, оның ішінде балалар мен отбасыларды ерте анықтау және сүйемелдеу жүйелерін дамыту, балаларды қорғауға арналған цифрлық шешімдер, әлеуметтік және психологиялық қолдау қызметтерін кеңейту, сондай-ақ балалар құқықтарын қорғау саласындағы мамандардың кадрлық әлеуетін нығайту бар. Бағдарлама балалардың нақты қажеттіліктеріне бағдарлануын қамтамасыз ету үшін ЮНИСЕФ жаһандық дәлелді тәжірибелерге, MICS1 деректеріне және аналитикалық зерттеулерге сүйенді.
Бағдарлама Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісінің, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Оқу-ағарту министрлігінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, сондай-ақ азаматтық сектор мен ұлттық консультациялар барысында пікірлері ескерілген балалардың қатысуымен жүзеге асқан тығыз ведомствоаралық ынтымақтастықтың нәтижесі болып табылады.
«Қазақстан балалары» бағдарламасының қабылдануы Тұрақты даму мақсаттарына, оның ішінде ТДМ 3 «Денсаулық пен әл-ауқат», ТДМ 4 «Сапалы білім» және ТДМ 10 «Теңсіздікті қысқарту» мақсаттарына қол жеткізуге маңызды үлес қосып, балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтады.
ЮНИСЕФ бағдарламаны іске асыру барысында Қазақстан Үкіметімен стратегиялық әріптес ретінде ынтымақтастықты жалғастыра отырып, халықаралық сараптаманы жұмылдыруды, ұлттық және өңірлік деңгейлерде реформаларды енгізуге қолдау көрсетуді, тұрақты қаржыландыру және есептілік жүйелерін дамытуды, сондай-ақ балалар мен жастардың саясатты қалыптастыруға қатысуын күшейтуді қамтамасыз етеді.
Abai.kz