Сәрсенбі, 28 Қаңтар 2026
Анық-қанығы 117 0 пікір 28 Қаңтар, 2026 сағат 12:59

«Ата заң авторының» өкініші

Сурет: Егемен Қазақстан сайтынан алынды

(Эссе)

Қайбір жылы ардақты ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлының Дәурен деген баласы оқыстан қайтыс болды. Бұл қайғы қарт профессор үшін өте ауыр соқты. Кезекті бір бейсенбіде баламның рухына бағыштап құран оқытамын деген соң Тұрсекеңнің үйіне бардым.

Қараша айының бел ортасы еді. Алматыға алғашқы қар түскен. Қара суықпен бірге қайғының қара бұлты да қоюланып тұр. Жазмыштың алдында жұмыр басты пенденің қорғансыз, бейшара екендігін санасының түкпірімен терең түйсінген Тұрсекең көкірегін қарс айыра күрсінеді. Айтылған уақытта құран оқытудан құлағдар болған дүйім жұрт дастархан басына жайғасты. Үстелді айнала жайғасып бола бергенде абыз қария, академик Сұлтан Сартаев есіктен енді.

– Міне, Сұлтекең де келді,– деді Тұрсынбек аға құрдасын көргенде қайғысы жеңілдегендей болып. Қарағай үстелді қаумалай жайғасқан жұрт орындарынан ошарыла көтерілді. Төрде отырған имамның өзі де көкшілдеу көздерін жыпылықтатып, арыстан көрген қабыландай ығыса берді. Құрқылтайдың ұясындай тар бөлмеде қысылысқан қонақтар кешігіп келген кісіге кіре берістен бастап ұмар-жұмар амандасып жатты. Ардақты ақсақал ығы-жығы автобус ішінде алыстағы бос орынға ұмтылған жолаушыдай қинала жылыстап, қол беріскендердің жүзіне де қарамай, әупірімдеп төрге жетті. Жұмсақ орындыққа жайғасқаннан кейін ғана есіктен бері бажайлап қарап, «Е-е, сендер екенсіңдер ғой» дегендей, жүзін шырамытқандармен көз түйістіріп, бас шұлғысты. Құран оқылып, бет сипағаннан соң бақилық болған марқұм бала жайлы жүректегі жақсы сөздерін айтты. Көпшілік оның сөзін бөлген жоқ. «Шіркін-ай!» десіп, өкінісіп, бас изеумен болды.

Қарт академик қайта-қайта терең күрсінеді. Бұрынғы жайдары қалпынан жұрнақ та қалмаған. Жанарының нұры тайып, маңдайы мен көзінің айналасындағы әжімдері тереңдей түсіпті. Уақыттың ізі аяусыз шиырлаған аққұба жүзін төмен салып, бірер минут үнсіз қалды.

Осы кезде ақсақалдың оң қапталында отырған көк көз имам ұзақ сонар уағызын бастап кетті. Фәнидің мәні, ақірет қамы, пенденің хәлі туралы алыстан орағытып, тереңнен толғады. Одан кейін көңіл айтушылар кезегімен сөйлеп, әркім шамасы келгенше шаңырақтың қайғысын бөлісіп жатты. Бірақ, барлық әңгіменің аяғы төрде отырған қарт академикке қарай ойыса берді. Сөйлеушілердің көбі оның шәкірттері еді. Тұрсекеңе көңіл айтып басталған сөздер Сұлтекеңе мадақ айтумен түйінделіп жатты. Еңсесі түсіп, езіліп отырған кісінің көңілін аулау ма, әлде, қарт ұстазға деген шынайы құрмет пе, әйтеуір, қаралы күйде емес, мерейтойда отырғандай Сұлтекеңді сыпыра мақтады. «Заңғар заңгер», «Патриарх», «Мэтр», «Даңғайыр ғұлама» деген теңеулер қардай борады. Соңғы сөйлеген ғалым жұртқа қарап:

– Сұлтан аға біздің абызымыз! Ата Заңымыздың авторы ғой! Алла ұзақ ғұмыр берсін ағамызға!– деп көтермелеп бара жатты. Оны үнсіз тыңдаған ақсақал оң қолын көтеріп, «тоқтай қал!» деген ишара жасады.

– Ұзақ ғұмыр деймісіңдер?– деп Сұлтекең жан-жағын көзбен шолып өтті,– Осы жерде менен үлкен кісі жоқ. «Жаратушы кәрілікті сүйген құлына береді» дейді. Аллаға шүкір! Жұмыр жердің бетінде біраз жүрдім. Жасым болса біразға таяды. Кімнің өлгісі келуші еді? Бірақ Алланың бұйыртқаны болады. Солай емес пе, молдеке?

– Иә, солай. Айта беріңіз, аға!– деді имам қарияның сөзін күтіп.

– Жаңа мені «Ата Заңның авторы» деп қалдыңдар ғой, осыған байланысты бір айтпағым бар еді,– деп қария терең күрсініп алды да байыпты жүзін имамға бұрып: – Молдеке, Христиандарда шіркеуге барып, поптың алдына жүгініп, арылу деген салт бар емес пе? «Каяние» дей ме? Біздің шариғатта сол жағы қалай өзі?– деп сұрады.

– Алланың пендесіне мейірімі шексіз. Қатесін түсініп, шын жүректен өкініп, дұға жасаған адамды Алла кешіреді. Алланың бір есімі – Халық дейді. Көпшіліктен кешірім сұрау – Алладан ғафур өтіну ғой.

– Олай болса міне, мен имамның алдында, шәкірттерімнің ортасында отырмын. Жанымды жегідей жеп, арыма салмақ болған үлкен бір қателігімді айтып, арылғым келеді. Алланың алдында да, келешек ұрпақтардың алдында да ақтала алар ма екенмін?

– Айтыңыз, аға,– деді имам. Бөлмеде отырғандар құлақ тосып, іштен тына қалысты.

– Айтсам, былай! Мен халқымның алдында үлкен күнә жасадым. Осы мәселе ғұмыр бойы жиған абыройдан жұрдай қылатын түрі бар. Оны ойласам күндіз-түні жаным жай таппайды,– деп академик еріксіз іркілді. Көкірегінде «Айтсам ба, айтпасам ба?» деген күмәнді ой кілкіп тұрғандай. Ақиқат айтылмай қалмайды. Бүгін сен айтпасаң, ертең уақыттың өзі айтады. Ақиқат бәрібір жарыққа шығады. Одан да өзіңнің айтқаның дұрыс. Сол сәтте Сұлтекеңнің кәрі жүрегі ерекше тулаған шығар. Ол «Оқталып қалған соң айтып тынайын» дегендей болып, сөзін ары қарай жалғады:

– Иә, Ата Заңды жазғандардың басы-қасында жүргенім рас. Ол бір күрделі кезең еді. Әуелі елімізде «Президент қызметін белгілеу туралы» Заң даярладық. Мен осы тұста оңбай қателескен екенмін.

– Ол қандай қателік еді?– деп, отырғандар ынтыға түсті.

– Адамға сенгеннен болған қателік.

– Сонда қалай?

– Бастапқы кезде бірінші басшының елге деген ниеті дұрыс болатын. Саясаттың барлық сатысынан өткен. Өзі жас. Алғыр да ақылды басшы. Жүзінен нұр есіп тұратын. Мен оған пайғамбардай сендім. Ел басқаруға одан өзге лайықты адамды елестете алмайтынмын.

Бірде ол мені өзіне шақырып, ақылдасты. Елдегі саяси жүйенің жағдайын айтып: «Біз Европа елдеріндегідей қос палаталы парламенттік ел болуымыз керек. Заңды парламенттік басқару жүйесіне бейімдеп жазыңыздар» деп тапсырды. Әттең! Сол бағытпен жүруіміз керек еді...

– Сонымен не болды?

– Мен Қазақстанға парламенттік емес, Президенттік басқару жүйесін енгізуді ұсындым. Жанары жарқ етіп, жүзіме тесіле қарады да: «Жоқ! Дамыған елдердің барлығында парламенттік жүйе қалыптасқан. Солардың жолымен жүруіміз керек. Демократия да, экономика да соларда. Халықтары бақытты. Біз ең бірінші кезекте халқымыздың жағдайын ойлауымыз керек. Басқаша болмайды» деді ол.

Мен өз позициямды дәлелдеп бақтым: «Парламенттік елде екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайсыз. Өзіңіз бастаған кейбір мемлекеттік, экономикалық макрожобаларды, ұзақ мерзімді бағдарламаларды соңына жеткізуге уақыт тарлық етеді. Ал Президенттік басқару жүйесін енгізсек, кейін Конституциялық Кеңес арқылы Ата Заңды өзгертіп, басқару мерзімін ұзартуға болады. Осы жағын дұрыстап ойланыңыз» дедім. Ол кісі: «Әлі де ойланып көрейік» деп қалды.

Арада бірнеше күн өткен соң мені тағы да шақырды. Бардым. Ол қолымды қысып: «Мен асықпай ойландым. Сіздің ұсынысыңыз орынды екен. Сондықтан Президенттік басқару жүйесін енгізген дұрыс деп шештім. Іске сәт!» деп, Заңды тездетуді тапсырды.

Міне, содан бері біздің халқымыз менің сол қателігімнің зардабын тартып келеді. Патша тағына қолы бір жеткен адам одан өлгенше айырылғысы келмейтінін ойламаппын. Шексіз билік адамды қатты өзгертіп жібереді екен. Ол кісі мүлдем басқа адамға айналып кетті. Менің үмітім мен сенімім тас-талқан болып күйреді. Әбден тоналған елдің жағдайы қандай күйге түскенін ойласам, жүрегім езіледі. Жанымды қоярға жер таппаймын. Әттең! Әттең!

Парламенттік жүйемен жүрсек қазіргі жағдайымыз Балтық жағалауы елдерінен әлдеқайда жақсы болар еді. Әлемдегі дамыған елдермен де тереземіз теңесер еді... Қап, әттеген-ай!.. Бәріне мен кінәлімін! Иә, солай! Мен кінәлімін! Өмірімнің соңы орны толмас өкінішпен өтіп барады. Осы өкініштен өртеніп кететін шығармын. Біз де енді дүние жарықта қанша күн жүрер дейсің? Бәрің мені кешіріңдер! Мен оған сеніп қалдым. Сенген адамым алдап кетті. Кешіріңдер!!!

Академиктің дауысына діріл енді. Оның жанын табадағы балықтай шыжғырып жатқан ар сотының үкімі еді.

Мен Сұлтан ағаның айтқан сырын ұзақ уақыт ой таразысына салып, салмақтадым. Расында да Тәуелсіздік алысымен Балтық жағалауындағы елдердегідей саяси жүйе қалыптастырғанда Қазақстандағы жағдай мүлде басқаша болар еді-ау! Қап, әй-а!

Сұлтекеңмен талай кітапты баспаға бірге дайындап, қатар жұмыс істеген едік. Оған жаным ашыды. Түсініп, кешіргім келді. Бірақ, сол күннен кейін ақсақалға деген көңілім суып кетті. «Бәрін бүлдірген осы кісі екен ғой» деген ой жаныма маза бермейді.

Темірғали Көпбай

Abai.kz

0 пікір