Отпансыздық
Қазақ қоғамында соңғы жылдары бір құбылыс анық байқалады: біз бұрынғыдан еркін сөйлейміз, бірақ бұрынғыдан бір-бірімізді аз түсінеміз. Бір дастарқан басында отырып, дін, дәстүр, тарих жайлы әңгіме шықса, сөз жиі дауға ұласады. Бүгінгі қазақты дастарқан да біріктіре алмайды екен. Бірі екіншісін «дінсіз» десе, бірі «арапқұл», енді бірі «шаман» деп кінәлайды. Ислам мен тәңіршілдік таласы — осы ахуалдың ең даулы көрінісі: қауымда, ортада, әлеужеліде... Тек дінде ме екен? Әлде адастырмас отпанның жоқтығынан ба?
Даудың түбі қайда?
Әлеуметтік желіні ашсаңыз, көрініс таныс: сақалды жігіт исламды «жалғыз дұрыс жол» деп түсіндіреді, мұртты біреуі тәңіршілдікті «нағыз қазақы жол» деп ұсынады, үшіншісі екеуін де жоққа шығарады.
Бірақ олардың бәрін біріктіретін бір сұрақ бар: «Мен кіммін, осы қоғамдағы орным қайда?»
Бұл сұраққа мемлекет те, білім жүйесі де, қоғамдық дискурс та нақты жауап ұсына алмады. Ортақ жауап болмаса ортақ сезім де болмайды. Өйткені бауырлас болуға бауырсыз қалдық, жүрек орнын өкпе басқан.
Адастырмайтын Ұлы даланың шамшырағы — отпан жоқ!
Ұлттық идея неге қалыптаспады?
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда рәміздер қалыптасты, шекара бекіді, институттар құрылды. Бірақ ортақ мәні бар бағдар жасалмады.
Қазақ болу деген не? Қазақ ХХІ ғасырда қалай өмір сүруі керек? Мемлекетке ие қазақ өзін қалай ұстауы керек, не нәрсеге ие болуы керек?.. Не біріктіруі тиіс? деген сауалдар жауапсыз қалды. Оны іздеген ешкім жоқ. Мемлекет те іздемей отыр.
Отпанның орнына жүретін Ұлттық идея болмағасын оның орнын:
- өгей идеология басады,
- өткен таңсыққа айналады,
- болмаса жат үлгі төрге шығады.
Сондықтан бүгін дін — рухани тыныс емес, идеологиялық құралға, оның арты дауға айналып отыр. Қазақ жұрты діннен басқа идеологияның, идеяның барын да байқамай қалды.
Деколонизация: неге сөз болумен шектеліп, атқарылмады?
Қазақ баласы:
- өз тарихын өзге көзбен оқиды,
- дінін өзге мәдени контексте ұғады,
- дамуды өзге өркениетпен байланысып бағалайды.
Сондықтан біреулер «қазақ болу үшін нағыз мұсылман болу керек» десе,
екіншілері «дамыған қазақ болу үшін исламнан арылу қажет» дейді.
Біз жиі айтамыз: «отарлық санадан арылу керек» деп.
Нағыз деколонизация – қазақты өлшем ету.
Өзіңмен өзің болу:
- өзгемен жарысу емес,
- сенімді былғау емес,
- қылықты біреудің көзбен бағалау емес.
Деколонизация ең әуелі рухани отпан тұрғызатын әлеует болатын. Біздің онымен ісіміз болмады. Оның бұрынғы метрополиямен таласу, дауласу деп ұғып, жайына қалдырдық.
Ислам мен тәңіршілдік неге жауласа бастады?
Тарихта қазақ исламды да, көне дүниетанымды да бір біріне қарсы қоймаған. Дала этикасы, салт-дәстүр, исламдық құндылық қатар өмір сүрді.
Ал бүгін бұл сабақтастық үзілді. Себебі қоғамда жүйе жоқ. Жүйе болмаған жерде әр сенім өзін ақиқат етуге ұмтылады.
Бұл — бағытсыздықты туғызған салдар. Құндылығы қолынан сусыған қоғамның қылығы. Адастырмас темірқазығы, түнекте шақыратын отпаны жоқ жұрттың халы.
Қазақ өз жолын таппағанда не болады?
Бүгін біз бір мезетте мынадай қайшылықты көріп отырмыз:
- мешіттер көбейді – сенім азайды;
- дәстүр туралы сөз көп – дәстүрді ұғыну жоқ;
- руханият айтылады – рухани келісім жоқ.
Бұл парадокс емес. Бұл – жүйесіз беталды тіршіліктің салдары.
Дін жүйенің орнын баса алмайды.
Өткенді мадақтау да жүйе емес.
Жүйе – адастырмайтын ортақ бағыт.
Ал бағыт болмаған соң, әркім өз шырағын ұстап, әр жаққа кетіп барады.
Сабақтастық – теория емес, өмірлік қажеттілік
Қазаққа бүгін «таза» бір нәрсе емес, тұтас көзқарас керек.
Ұлттық идеяның өзегі – сабақтастық.
Сабақтастық дегеніміз:
- тәңірлік дүниетанымды дінге қарсы қою емес, мәдени жады ретінде тану;
- исламды жат қылу емес, қазақ болмысына сіңген рухани жүйе деп қабылдау;
- отарлық кезеңді ұмыту емес, одан сабақ алу;
- тәуелсіздікті дайын нәтиже емес, жүріп жатқан жауапкершілік деп түсіну.
Бұл идея ХХ ғасыр басында айтылған. Алаш қозғалысы дінді де, дәстүрді де, жаңғыруды да бір-біріне қарсы қоймай, тұтастыра қарастырды. Бірақ ол тарихи мұратқа жетпеді. Бүгінгі дау – бізге жетпеген сол әңгіменің жаңғырығы. Үзілген тарихи сабақтастық дауға айналды.
Қорытынды
Ислам мен тәңіршілдіктің айтысы — рухани сенімнің пікірталасы емес, адасқандардың айдаладағы дауы.
Қазаққа бүгін:
- айыру емес — ұғыну,
- жоққа шығару емес — сабақтастыру,
- ұран емес — ортақ мағына керек.
Қазаққа бүгін таңдау емес, жалғау мен жымдастыру керек. Бұл – ұлттық идеяның формуласы.
Елсерік.
Қазақия.
Abai.kz