Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4762 1 пікір 21 Қазан, 2009 сағат 06:50

ҚАЗАҚ ДЕГЕН ЕЛМІЗ БІЗ!

Бұл күні Астананың аспаны да шайдай ашық болды. "Қазақ елі" алаңына жиналған халықта қисап жоқ. Кейбір мәліметтерге қараған­да, бұл жерге 70 мыңдай адам жи­на­лыпты. Үкімет мүшелері мен Пар­ламент депутаттары, қоғам қай­раткерлері, белгілі ғалымдар, танымал ақындар мен жазушылар, өнер адамдары, студенттер, қаланың байырғы тұр­ғындары елдің Тәуелсіздікке бай­ланысты басты шарасының біріне куәгер болмаққа асығып жеткен сияқты. Олардың арасында облыс­тардан үлкен қалалар мен елді ме­кендерден жеткен адамдар да көп болды.

Бұл күні Астананың аспаны да шайдай ашық болды. "Қазақ елі" алаңына жиналған халықта қисап жоқ. Кейбір мәліметтерге қараған­да, бұл жерге 70 мыңдай адам жи­на­лыпты. Үкімет мүшелері мен Пар­ламент депутаттары, қоғам қай­раткерлері, белгілі ғалымдар, танымал ақындар мен жазушылар, өнер адамдары, студенттер, қаланың байырғы тұр­ғындары елдің Тәуелсіздікке бай­ланысты басты шарасының біріне куәгер болмаққа асығып жеткен сияқты. Олардың арасында облыс­тардан үлкен қалалар мен елді ме­кендерден жеткен адамдар да көп болды.

Ашылар алдында монументтің орталық барельефі ақ пердемен жа­бық тұрды. Мерекедегідей бе­зен­­дірілген алаңға орналасқан ха­лық аспаптары оркестрі қазақ күй­ле­рін орындауда. Салтанатты жиын­ның төріне шыққан алқалы топтың арасынан Астана қала­сы­ның әкімі Иманғали Тасмағамбетов мінберге көтеріліп, мерекені ашты. Ардақты ағайын, алқалы қауым, деп бастады әкім өзінің сөзін. Түп шежіресі сонау, ежелгі түркіден бастау алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны - оның еркіндік сүйгіш ерік-жі­гер­інің, асқақ рухының арқасы. Еуразия атты қарт материк талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл кіндік ортасындағы ұшы-қиы­ры жоқ Ұлы даланы "үстінде көк, астында жер жаралғаннан бері" мекен етіп келе жатқан халқымыз әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық атты ұғымдармен ұлық­та­нып келеді. Оған ұлы уақыттың өзі куә. Осы тұрған сіз бен біз куә.

Еркіндік пен теңдік, егемендік пен тәуелсіздік қай халық үшін де ежелден аса қадірлі ұғымдар. Мұны түсіну үшін елім деп соққан зор жүрек керек, жерім деп соққан жан пида сезім керек.

Адам болып өмірге келу де, аза­мат болып қалыптасу да, тізгін ұстап ел басқару да, сол елдің тұ­ғыр­лы тұтқасына айналу да алды­мен Тәңірдің, сосын халықтың арқасы. Тағдыр Қазақстанға бұ­рын-соңды болмаған тарихи мүм­кіндікті сыйға тартса, сол еркіндік пен теңдіктің, егемендік пен тәуел­сіздіктің туын көтерген Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі қазақтың киіз шежіресіне көне түркінің тасқа басқан таң­ба­сындай мәңгі қашалатын мол мұра, деп жалғады сөзін Иманғали Нұрғалиұлы.

Халықты жасайтын тарих, та­рих­ты жасайтын жеке тұлғалар. Қа­зақстан Президенті сондай тұл­ға­лардың бірі де, бірегейі де. Соң­ғы 20 жылға жуық уақыт ішінде ел­дің ел болғаны, ес жиып, етек жауып, өркениетті мемлекеттер қа­тарына қосылғаны, Қазақстанның бұрын-соңды болмаған экономи­ка­лық және рухани биікке көтеріл­гені сол кісінің саяси жетістігі деп білемін. Сондықтан Астана қаласы мәслихатының бастамасымен ашы­лып отырған осынау рәміз - біздің ата-баба аманатына адалды­ғы­мыздың, ұлттық сана-сезіміміз бен тарихи таңдауымыздың, Ел мен оны жетектеген Елбасымызға деген құрметіміздің, халық үшін керекті, тарих үшін деректі айға­ғы­мыздың дәл көрінісі деп қабыл алайық, ардақты ағайын.

Одан әрі И.Тасмағамбетов Елбасы еңбегінің шырқау шыңы бүгін еліміздің жүрегіне айналып, ұлттық ұйытқысы болып отырған Астана қаласы екенін қадай айтты. Халық пен оның лидерінің бүгін­гі­дей қуатты күш болып бірлесуі ел дамуының рухани қозғағыш үйле­сімі екені "Қазақ елі" монументі­нің бойынан толық көрініс тауып тұр. Бұл біздің ата-бабалары­мыз­дың ежелгі арманы, болашақ ұр­пақ­тардың мақсаты. Сондықтан да ол біздің сезімдерімізді селт ет­кізіп, елдің болашағы мен тұңғыш Пре­зидентіміздің алдындағы жауапкершілігімізді сезіндіреді.

Осыдан кейін сөз Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді.

 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Парламент Сенатының Төрағасы:

"ҚАЗАҚ ЕЛІ" МОНУМЕНТІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АСҚАҚ РУХЫН ПАШ ЕТЕДІ

 

Бүгін біз бүкіл қоғам, әлеумет болып дәуірлік маңызы бар оқи­ғаға - "Қазақ елі" монументін ашу салтанатына жиналып отыр­мыз. Дана халқымыз: "Еркіндік қайда болса - елдік сонда, бірлік қайда болса - ерлік сонда" деп айт­қанындай, "Қазақ елі" мону­менті еліміздің сан ғасырлық та­рихы­на, ұлтымыздың ұлы перзент­теріне, асыл мұратына, атажұр­ты­мызға арналған мәңгілік ескерт­кіш. Шын мәнінде бүгінгідей бай­тақ елімізде, жауһар Астанамызда осындай мағынасы терең мону­менттің орнауы қазақ халқы үшін тарихи әділдіктің салтанат құруын айғақтайды. Еліміздің басты ес­керткіші ұрпақтар байланысын, уақыт үндестігін бейнелейді. Бұл - ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын киелі орын. Міне, сондықтан да біздер үшін оның маңызы аса зор.

Қазақ халқы талай аумалы-төк­пелі замандарды бастан кешті. Алай­да, еркіндікті аңсаған қайсар ру­хы­мыз, қайрат-жігеріміз бізді әр­дайым алға жетеледі. Ұлтымыз­дың ұлы жеңістері ешқашанда оңайлықпен келген жоқ. Тәуел­сіз­дік жолына түскен сын сағаттарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев нар жүгін мойымай көтеретін қа­жырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бас­тады, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады. Пре­зидентіміз елінің үмітін ақтауда аянбай, орасан зор еңбек сіңірді. Ол халқының әл-ауқатын арт­ты­руды өз өмірінің басты қағидасы ретінде таңдап алды. Елбасымыз алған бағытынан таймай, мемлекет тізгінін нық сеніммен ұстап келеді.

Әлем жұртшылығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты әйгілі ре­фор­матор, ұлт лидері деп таниды. Қазақстанның қол жеткізген барша табыстарын Елбасымыздың есімімен байланыстырады.

Қазақ жақсылыққа жаны құ­мар, пейілі кең, парасаты биік, міне­зі дарқан халық. Бауырмал жұр­тымыз зұлмат жылдарында қу­ғын-сүргінге ұшыраған көптеген ұлт­тарға қамқорлық жасады. Мем­лекеттік мәртебе алған ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін, бай мәдени мұрасын қайта жаңғыртқан хал­қы­мыз бүгінде барлық ұлттар мен ұлыс­тардың ынтымағы мен дос­тығына, береке-бірлігіне ұйытқы болуда.

Шын мәнінде Президенті­міз­дің бас­тауымен біз қысқа мерзімде Отанымыздың шаңырағын биік­те­тіп, іргесін нығайттық. Ұлттық мүд­демізді қорғап, рухани байлы­ғымызды молайттық. Бәсекеге қабілетті экономикамызды құрып, ғаламдық өр­кениеттің ажырамас бөлшегіне айналдық, мәртебесі биік, абыройлы мемлекет болдық. Байыпты сыртқы саясатымыздың арқасында қауіпсіздік пен тұрақ­тылыққа қол жеткіздік. Барлық көрші елдермен арадағы мем­ле­кет­тік шекарамызды анықтап, бекіттік.

Халықаралық қоғамдастық Қа­зақстанды адамзат тарихында бірін­ші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел, дүние­жүзі­лік қауіпсіздік пен бейбітшілікке айтулы үлес қосқан мемлекет деп құрметтейді. Халықтар достығын, діндер татулығын және рухани келісімді сақтауға бағытталған ізгі бас­тамаларымыз жоғары баға­лануда. Келесі жылы Қазақстан ТМД мемлекеттері, Орталық Азия және бүкіл түркі тілдес мемле­кеттердің арасынан бірінші болып Еуропадағы Қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төрағалық ететін тұңғыш мемлекет болмақ. Әлемдік мұсылман қауым­дас­ты­ғының беделді мүшесі ретінде біз­дің еліміз 2011 жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйымына да төраға болып сайланды. Бұл да Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев стратегия­сы­ның дүниежүзілік қоғамдастық тарапынан кең қолдауға ие болға­нын паш етеді. Бүгінгі бас қосып отырған салтанат еліміздің та­рихын­да алтын әріптермен жазы­ла­тын естен кетпес ерекше оқиға. Астана бүкіл әлемге "Орталық Азия­ның гауһары", "Арман қала", "Болашақтың жаңа символы" ре­тінде танылды. Астана - Отаны­мыз­дың жүрегі, халқымыздың ты­нысы, ұлттық жаңғыруымыздың, рухани өрлеуіміздің рәмізі, берік негізі. Біздің бас қаламыз - еліміз өркендеуінің айқын нышаны, сенімінің алтын бесігі.

Астана шын мәнінде біздің ұлттық идеямыз, болашаққа бағ­дары­мыз. Сондық­тан елорда төрінен сал­танатпен бой көтер­ген  "Қазақ елі" монументі - ғасырдан ғасырға, атадан балаға мұраға қа­ла­тын ай­рықша рәміз. Ол біздің ба­балар аманатына адалдығы­мыз­ды, ұрпақтар алдындағы пары­зы­мызды, аялы да асыл үмітімізді бей­нелейді.

Бүгінгі күні Қазақстан өзінің лидерінің басшылығымен иннова­циялық қарқынды даму жолына түсіп отыр. Мұндағы басты бағдар білім, ғылым, мәдениет пен ден­саулық сақтау істерін дамытуға бағытталған. Елбасы экономиканы жаңа технология­лардың негізінде жаңғырту мен индустриялан­дыру­дың болашағы аса зор көпжылдық жоспарын қолға алып отыр.

Біздің ең басты үмітіміз жас­тарда. Ұлт лидері сіздерден оқы­ңыз­дар, жасаңыздар, еңбек еті­ңіз­дер деп талап етеді. Қазақстанды жаңғырту міндеті, оны алдыңғы қатарлы дамыған елдер қатарына қосу міндеті сіздердің мойын­дарыңызға жүктеліп отыр.

Біз, Қазақстан халқы өзіміздің жаңа Астанамызбен және оны құрған, жасаған Президентімізбен мақтанамыз. Біздің еліміздің жү­регі Астана қаласында соғады. Елі­міз үшін аса маңызды шешімдер осында қабылданады. Астана - біз­дің халқымыздың жарқын бо­лашаққа ұмтылысының символы.

Заңғар көкке ұмтылған "Қазақ елі" монументі халқымыздың ас­қақ рухын паш етіп, бірлік пен татулыққа, жақсылық пен жасам­паздыққа шақырады. Бүгінгі тарихи сәтте баршаңызды "Қазақ елі" монументінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мем­лекетіміздің баянды болашағы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын.

Спикердің сөзінен кейін "Қазақ елі" монументі салтанатты түрде ашылды.

 

Шерхан МҰРТАЗА, халық жазушысы: КӨБЕЙМЕСЕК КӨСЕГЕМІЗ КӨГЕРМЕЙДІ

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап Қазақстанды сонау 90-шы жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды. Бүгінгі күні ол халқымыздың санының көбейгенін қалап отыр. Үкімет көп бала туған аналарға үлкен қамқорлық жасауда. Осы үрдісті қолдауымыз керек. Біз сапамыз тәп-тәуір халық болғанымызбен, санымыз әлі де тым аз халықпыз. Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов: "Біз жайылсақ жоқпыз, жиылсақ көппіз", деген еді. Мұхтар Әуезов те: "Ел боламын десең, бесігіңді түзе", деген. Бізге көбею керек. Осыған Президент өзі бас болып қамқорлық жасап жатыр. Осыны іске асыратын бізге мықты Үкімет керек. Сонда ғана біздің мәртебеміз биік болып, ешқашан қор болмаймыз. Сонда ғана біз барлық кедергілерді жеңеміз. Халқымыздың басына бақ қонсын. Қазақстан аман болсын. Қазақ елі аман болсын.

 

Геннадий ЗЕНЧЕНКО, Қазақстанның Еңбек Ері: ҚОЛДАҒЫ ҚАЗЫНАМЫЗДЫ БАҒАЛАЙ БІЛЕЙІК

 

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің атынан Қазақстан халқын бүгінгі оқиғамен құттық­таймын. "Қазақ елі" монументінің ашылуы - символикалық мәні зор оқиға. Бұл - Қа­зақ­станның өткенін, қазіргісін және бола­шағын бірге ұштастырып тұрған айшықты белгі. Ол қазақ халқының көп ғасырлық тарихындағы өткен жолын, ой-арманын көрсетіп тұр.

Тәуелсіздік алған жылдары біздің мем­ле­кеттілігіміз төрт аяғынан тең болып қа­лып­тасты. Бүгінгі күні Қазақстанды бүкіл әлем саяси тұрақтылық пен экономикадағы қарқынды дамудың белгісіндей көреді. Сонымен қатар, біздегі халықтар достығы мен дінаралық тұрақтылықты өздеріне үлгі етеді.

Қазақстанның бүгінгі барлық жетістік­те­рін дүние жүзі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Мемлекет басшысының әлемдегі бейбіт­ші­лікті, достық пен келісімді, этносаралық төзімділікті сақтау жолындағы маңызды бастамаларын барлық әлем қолдайды.

Мен ауыл шаруашылығының қызметкері ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бізге көрсеткен қамқорлығы үшін қатты құр­мет­теймін. Ол кісінің көмегінің арқасында қол жеткізген жоғары технологиялы жаңа техникалардың арқасында біздің облысымыз биыл 6,1 млн. тонна астық жинады. Бұл - бұрын болып көрмеген рекордты көрсеткіш.

Президенттің "Нұр Отан" ХДП-ның ке­зек­тен тыс ХІІ съезінде қолға алған Ин­дус­трия­лық-инновациялық даму бағдарла­ма­сын біздің облысымыз табысты түрде жүзеге асыруда. Ондаған жобалар іске асырылып, өндіріс өнімдері артып келеді. Бұл біздің облыстың Қазақстанның гүлденуіне қосқан сүбелі үлесі.

Мен барша отандастарымды қол жеткен табыстардан айырылмауға, оны еселей тү­суге шақырамын. Қолда бар қазынамыздың құнын бағалай білейік.

 

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, сенатор:

ОРДАЛЫ АСТАНА ТҰРҒЫЗУ ОЛЖАЛЫ ЖОРЫҚҚА ШЫҒУДАН ҚИЫН

 

Осыдан он үш ғасыр бұрынғы бабалары­мыз айтқан: "Елім бар жұрт едім ғой - елім қайда?! Төрім бар жұрт едім ғой - төрім қайда?!" - дейтін қаһарлы ұранмен қал­шыл­датқан желтоқсанның үскірігіне қара­май, ұл-қыздарымыздың көшеге шыққа­нына - міне, биыл жиырма үш жыл бол­мақ. Қатал режім қаһарына мініп, қыл бұрау салып баққанымен, оны тәңір естіп, тарих қолдап, тәуелсіздік алғанымызға жақында он сегіз жыл толмақ. Тәуелсіздік алғаннан кейін алты жыл өте, көштің басын Сары­арқаға бұрдық. Жетінші жылы іске кірістік. Одан бері он бір-ақ жыл өтіпті. Неткен болмашы уақыт?! Бірақ, сол он бір жылдың ішінде бабаларымыздың әлгі он үш ғасыр бойына орындай алмай келе жатқан асыл арманы - Баянды Елі дүниеге келіп, Есіл­дің екі бетіне самаладай-самаладай ғима­рат­тар самсатып, әлем сүйсінген зәулім Астана салыппыз. Неткен көп іс тындырғанбыз?! Бұл тек ертегілерге ғана сыятын ерен іс. "Тіл- аузымыз тасқа! Тәубе-тәубе!" - дейік.

Өйткені, ертедегілер етегі тола еңіре­ген­дей, ұлдар әкесіне, інілер ағасына тартпай, арбағанға еріп, алдағанға көніп, айдарлысы құлға, тұлымдысы күңге айналып, тіл, дін ұмытылып, діл азып, атымыз өшіп, затымыз жойылып кете жаздағанымыз күні кеше ғана емес пе еді?! Өшкен жанып, өлген тірілді деген осы емес пе?!

Бір кезде Білге Қаған: "Баз кешсек - өкінерміз, жаңылыссақ - түзелерміз. Бірік­сең етті, елім!" - деп еді. Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем. Жалпақ әлем тегіс мойындаған мемлекет болуымыз, жарық дүние түгел таңқалған астана салуымыз - соның айғағы. Мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жайбара­қат жетіппіз. Ол бірлікті елі, білікті төрі бар са­лиқалы қауымдардың ғана қолынан келмек.

Ордалы астана тұрғызу олжалы жорыққа шығудан әлдеқайда қиын. Ол өткенде­гі­лердің арманын орындап, бүгінгілердің мүд­де­сін түгендеп, ертеңгілердің мерейін тасы­татындай болуы керек еді. Құдайға шүкір, ондай жасампаз күш-жігер елімізден, оны рәсуа етпей, өрелі іске жұмылдыра алар пәтуа төрімізден табылды. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде данышпан халқымыз өз тағдырын кімге сеніп тапсыруды білді. Тұңғыш Президент - ерекше Президент. Талай жыл билеп-төстеген отаршылдықтан арылу, атақонысымызды, ұлттық дербес­тігімізді түгел мойындатып, іргелі ел ету, жан-жақпен жарастықты қарым-қатынас орнатып, қандай жолмен ойдағыдай дами алатындығымызды айқындау, соған лайық саяси құрылым түзіп, мұндайда болмай қоймайтын заңсыздықтармен ұтымды күресіп, жалпақ қауымды жаңа үрдіске бастау соның еншісінде.

Біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бойында ондай терең білік, қапысыз көрегендік, биік талғам, ойдағысын іске асырмай тынбайтын табандылық пен ыждаһат жетіп артылады. Ол әншейін көшке ерген жетім тайлақтай салпақтай бермей, қайткенде іргелі ел, жоралы жұрт бола алатындығымызды даусыз мойындататындай өрелі мақсатты дер кезінде дәл тауып қоя білді. Кемеңгер хал­қымыз оны жете түсініп, ойдағыдай жүзеге асыра алды. Соның арқасында: "Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ", дейтіндей керемет шаруа тындырылды.

"Ораздының отыз қонағы бір келеді" дегендей, бұл қуанышымызға төрткүл дүние­нің өкілдері түгел куә болып үлгерді. Он жылда осы дәуірдегі озық үлгідегі сәу­лет­ті астана салған Қазақ елінің заманға сай кемел мемлекет болып, жарқын келешекке лайық келелі істер тындыруға әзір екендігін өз көздерімен көрді. Аз жылдар ішінде жер-жаһандағы осы заманғы зымыран атаулы­ның бәрі шүйліге қадалған халықаралық қатер аймағы - хартлендтен сан алуан ұлт, тіл, дін өкілдерінің бастары бірігіп, тілектері қосылған шын Жиделі Байсынға айнал­ғанына таңқалды. Жер бетіндегі ядролық қарусыздануды алғаш қамтамасыз ету ар­қылы ұлттық, экономикалық, экология­лық қауіпсіздікті да бірдей шешудің өнегесін көрсетті. Санаулы жылдарда салауатты жол­дардан өтіп, салиқалы қорытындылар түйді. Бәсекесіз тұрмайтын нарық жағдайындағы дағдарыстың алдын алу жолдарын қарас­тырды. Аса толғақты кезеңдегі экономи­калық, экологиялық, әлеуметтік мәселелерді үйлестірудегі инновациялық саясаты Қазақстанды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына дейін жоғарылатты. Қазіргі Қазақстан қай саланы да халықаралық стандарттарға сәйкес дамытатын мүмкіндіктерге ие. Жаңа халықаралық мәртебе оза дамыған елдер санатына қосылу үдерісімізді жеделдете түседі деп сенеміз. Осы заманғы ұлттық даму арнасымен әлеуметтік әділет, ғылыми инновация, интеллектуалдық прогресс және демократия жолымен алға баса беретініміз даусыз. Біткен істер өте мәнді. Бітпегені одан да маңызды. Жеткен жеңістерді жемісті жалғастырып, тарихи сабақтастықты өркениетті жолмен одан әрі өрістете білу - осы заманғы ұлттың басты парызы.  Ал Қазақстанның дәл сондай осы заманғы екендігіне күллі әлем куә. Осы мақсат жолында тарихтың талай қатал сынағын тай­салмай еңсеріп, тайынбай тәуекелге мінетін табанды күрескер, аса талантты саясатшы, тарлан көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз, әрине, айрықша болмақшы. Қаһармандыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді, батыл бастамашылыққа толы ер­теңімізді белгілейтін ақ мәрмәр монументтің ортақ тұлғасы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы әбден орынды. Тәуелсіздіктің қуанышына кенелген шат-шадыман ағайынның асқақ көңілі алып самұрықтай аспанға самғайды. Әлем сахнасына өз Конституциямызды қабылдап көтерілген күнімізді еске салады.

Бұл - Ел жолында жүк қалдырмас Ер­лікке ескерткіш. Бұл - абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дарқан Елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын орын­даған ардақты ұлын аялаған халықтық Махаббаттың ескерткіші. Жасампаз халық, жаңашыл қауым екендігімізге ел жолындағы еңбекті әділ әспеттей білгендігімізбен сендіреміз.

 

Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаты:

АСТАНАМЫЗ АЛПАМЫСТАЙ КҮН САНАП ӨСУДЕ

 

Азаттықтан асыл, тәуелсіздіктен тәтті ұғым бар ма? Біз ежелден еркіндік аңсаған Алаштың баласы едік. Бұл ұлы ұғымдардың қадірін бір білсе, біз білеміз. Ақырып теңдік сұраған ата-бабамыздың аялаған арманын біз бағалай аламыз. Исатай-Махамбет, Кенеса­ры-Сырым, Қалибек-Оспандардың жан қиып, аһ ұрған арманына біз жеттік. Бірақ санамызды жаншып, жанымызды жасытқан құлдықтың қыл бұрауынан құтылсақ керек-ті. Қалқанына қазан-қазан ет тураған, же­бемен тіс шұқыған батыр елдің ұрпағымыз біз.

Тәуелсіздік тәңірдің сыйы дедік. Ба­сын­да аңырап қалғанымыз да рас еді. Ақтан­берді жырау айтпақшы, осынша берген дәулетті көтере алар ма екенбіз дедік. Дедік те сананы сілку керек деп Мұса пайғам­бар­дың жолымен 40 жылға меже белгіледік. Онымыз 2030 жыл еді. Жарқын болашақта бәрін жаңадан бастау үшін жаңа астана із­дедік. Анкараны Түркияның жаңа астанасы қылған Ататүріктің ізімен біз де Ақмоланы жаңа астанаға айналдырдық. Арқаның төсіндегі көделі дода көркем Астанаға айналды. Бұл Нұрсұлтанға сеніп, тізгінін берген Алаш баласы бірлігінің белгісі еді ғой. Алпамыстай күн санап аршындап өссе, бұл алты айлық жолды алты аттаған, арғы­мақ адымды Алаш баласының көрінісі емес пе, ағайын. Елім деп еміренген ұлан, ерінің қадірін білгенде ғана біздің тәуелсіздігіміз баянды болады. Баю үшін арын сатқан, тою үшін тонын сатқан, тілі мен дінінен безген пенде емес қазақияны ұшпаққа шығаратын, қазақияны ұшпаққа шығаратын сенің бір­лігің. Біз бүгін берекеліміз, біз бүгін мерекеліміз, ағайын. Тәңірге тәубе, дарқан пейілімізге, кең көңілімізге Алланың бергені болар, бәлки. Тілің аман, ділің аман, бауы­рың бүтін, рухың бұла, мекенің берекелі болғай. Қазақ елі жасай бер

 

 

«Егемен Қазақстан» газеті. 2009-10-21:

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572