Ұлттық баспасөз жаңғыру дәуірін бастан өткеруде
Бүгін – Ұлттық басылым күні. 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласынан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көріп, оқушы қауымға жол тартты. Оның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрды.
Қазақ зиялылары құрған газет ұлттық жаңғырудың қайнар көзі болды. «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрген күн 2023 жылы «Ұлттық басылым күні» болып белгіленді.
Ұлт мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газеті болашаққа деген ұлы мұрат жолында барша халықтың басын біріктірді. Ұлттық бірлік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсетіп, қазақ қоғамынның рухани кемелденуіне айрықша ықпал етті.
Әлемде болып жатқан жаңа трендтерге қарамастан, мерзімді басылымдардың жөні бөлек, маңызы ерекше. Сол себепті, ұлттық медианы дамыту, бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру, журналистердің мәртебесін арттыру – негізгі мақсаттарымыздың бірі.

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан журналистерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстанды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
Президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымына жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарап, заңды құрметтеу арқылы егемендігімізді және тәуелсіздігімізді қорғау ұлты мен дініне қарамастан әрбір отандасымыздың міндеті екенін айтты.
Мемлекет басшысы отандық журналистер осынау аса маңызды іске белсенді атсалысатынына сенім білдіріп, оларға толайым табыс пен бақ-береке тіледі.

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.
Аида Балаева, ҚР Вице-премьері, Мәдениет және ақпарат министрі:
– Бүгін – Ұлттық басылым күні. Бұл күннің отандық мерзімді баспасөз тарихының бастауы саналуы тегін емес. Сонау 1913 жылғы 2 ақпанда қазақ халқының бірлігінің ұйытқысына айналған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Содан бері газеттер мен журналдар мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға, ашық қоғам қалыптастыруға маңызды үлес қосып келеді.
Қазіргі уақытта қазақстандық басылымдар аға буын қалыптастырған сол игі дәстүрді лайықты жалғастырып отыр. Жақында Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, олар бүгінде «ренессанс кезеңіне» қадам басты.
Шынында да, бүгінде ұлттық баспасөз интернет пен цифрлық технологиялардың арқасында аудиториясын кеңейтіп, қайта жаңғыру дәуірін бастан өткеруде. Осылайша, мерзімді басылымдар елдің медиа кеңістігінде маңызды орнын бекемдей түсті.
Ұлттық басылымдарды қолдау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Осы орайда, салада еңбек етіп жүрген барша азаматтарды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалар мен бастамаларды, маңызды жобаларды халыққа жеткізудегі кәсіби шеберліктеріңіз бен әріптестік қолдауларыңыз үшін алғыс білдіремін.
Сіздерге шығармашылық шабыт, сарқылмас күш-қуат, толайым табыс тілеймін!
Abai.kz