Сәрсенбі, 18 Ақпан 2026
Жаңалықтар 133 0 пікір 18 Ақпан, 2026 сағат 14:45

Түркістан: 28 кәсіпкер жауапқа тартылды 

Сурет: caravan.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік бағалары нарықтық бағадан 25-30% төмен.

Түркістан облысында жыл басынан бері азық-түлік бағасын қымбаттатқан 28 кәсіпкер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысы аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және негізсіз қымбаттауға жол бермеу мақсатында бақылау шаралары күшейтілді.

Сауда нысандарында тұрақты мониторинг жүргізіліп, сауда үстемақысының сақталуы бақылануда. Бүгінде өңірде арнайы құрылған мобильді топтар базарлар мен ірі сауда желілерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында тұрақты мониторинг жұмыстары ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсіргені үшін сауда орындарына қатысты 28 әкімшілік шара қолданылды. Нәтижесінде 102 860 теңге айыппұл салынып, толық өндірілді. Ал 2025 жылы 97 әкімшілік шара қолданылып, 564 250 теңге өндірілген, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қоры арқылы ірі сауда нүктелеріне азық-түлік тауарлары жеткізіліп, делдалдық тізбекті қысқарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Тұрақтандыру қорында 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптастырылған. Әр апта сайын өткізілетін жәрмеңкелер азық-түлік тауарларын өндіретін шаруаларға делдалдарсыз тікелей саудалауға мүмкіндік беруде. Осының арқасында, тұтынушылар азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан 20-30% төмен бағада сатып алуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында облыста 40 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Әлеуметтік дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары нарықтық бағадан 25-30% төмен. Қабылданып жатқан шаралар өңір тұрғындарын қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз етуге және нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, - делінген хабарламада. 

Abai.kz

0 пікір