Жұма, 20 Ақпан 2026
Анық-қанығы 104 0 пікір 20 Ақпан, 2026 сағат 12:45

Өркениеттік егемендік пен саяси легитимділік мәселесі

Сурет: Kazgazeta.kz сайтынан алынды

Еуразияшылық пен демократияның арақатынасы – қазіргі саяси ойдағы ең маңызды идеологиялық әрі философиялық шиеленістердің бірі. Алғаш қарағанда бұл екі ұғым бір-біріне үйлеспейтіндей көрінеді: демократия, әсіресе оның батыстық либералдық түрі, әмбебап жеке құқықтарға, конституциялық шектеулерге және плюрализмге негізделсе, еуразияшылық өркениеттік бірегейлікке, мәдени ерекшелікке және геосаяси егемендікке басымдық береді. Алайда тереңірек жаслған талдау бұл жерде қарапайым қарама-қайшылық емес, тарих, география және легитимділік туралы бәсекелес түсініктер қалыптастырған күрделі өзара ықпалдың бар екенін көрсетеді.

Бұл байланыстарды түсіну үшін үш деңгейлі талдау жасау керек. Атап айтқанда: демократияның философиялық негіздері, Ресейдегі еуразияшылықтың интеллектуалды бастаулары және Түркиядағы еуразияшылықтың геосаяси қайта саралануы. Осы үш бағытты біріктіре қарастырғанда, шынайы қақтығыс демократия мен еуразияшылықтың арасында емес, әмбебап либерализм мен өркениеттік егемендіктің арасында екені айқындалады.

  1. Демократия: әмбебап қағида ма, әлде тарихи ерекшелік пе?

Қазіргі либералдық демократия Ағартушылық дәуір философиясынан және Джон Локк, Джон Стюард Милл сияқты ойшылдардың еңбектерінен бастау алады. Оның негізгі қағидалары:

Билік халықтың келісімі мен қоғамдық шарттың негізінде туындайды;

Жеке адамның құқықтары мемлекет мүддесінен басым;

Билік тармақтарға бөліне отырып, конституциялық тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерімен шектелуі тиіс;

Плюрализм мен оппозиция саяси өмірдің заңды, қажетті, ажырамас элементтері болып табылады.

Тарихи тұрғыдан либералдық демократия Батыс Еуропаға тән бірқатар ерекше жағдайларда қалыптасты: діни қақтығыстар, буржуазиялық революциялар, индустриялану, секуляризация. Уақыт өте келе демократия әмбебап үлгіге айналды. Дәл осы әмбебаптыққа деген талап, талпыныс еуразияшылық тарапынан сынға алынады. Осы жерде келесідей негізгі философиялық сауал туындайды: демократия – бүкіл адамзатқа міндетті әмбебап құндылық па, әлде белгілі бір тарихи-мәдени ерекшеліктерден туындаған саяси модель ме?

  1. Ресейлік еуразияшылық: өркениет – саяси негіз

Еуразияшылық алғаш рет ХХ ғасырдың басында эмиграциядағы ресейлік ойшылдар, соның ішінде Николай Трубецкой мен Петр Савитский тарапынан негізделді. Олар Ресей Еуропа да емес, Азия да емес, өзіндік тарихи тағдыры бар дербес еуразиялық өркениет деп есептеді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл идеяны Александр Дугин қайта жандандырды. Оның «Геосаясат негіздері» еңбегінде көпполярлы әлем идеясының артықшылықтары сараланып, Батыстың бірполярлы үстемдігіне қарсылық айқын көрініс тапты.

Ресейлік еуразияшылықтың негізгі тұжырымдары:

Өркениеттер көп, әр түрлі және бір-біріне теңестірілмейді;

Либерализм – тек бір өркениеттік модель;

Әлем бір орталыққа емес, бірнеше өркениеттік орталықтарға негізделуі тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, либералдық демократия, демократия болғаны үшін емес, әмбебап норма ретінде ұсынылғаны үшін сыналады. Еуразияшылық саяси легитимділікті даралықтан (индивидуализм) тарихи-мәдени сабақтастыққа қарай ойыстырады.

III. Түркиялық еуразияшылық: геосаяси егемендік

Түркиядағы еуразияшылдық (Avrasyacılık) ресейлік нұсқадан өзгеше қалыптасты. Ол метафизикалық өркениеттік теориядан гөрі геосаяси стратегияға көбірек негізделеді.

Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемаль Ататүрік батыстық құндылықтарды сіңіруге бағытталған реформалар жүргізіп, елді НАТО сияқты құрылымдарға жақындатты. Алайда Еуроодаққа мүшелік процесінің баяулауы, аймақтық қақтығыстар және батыспен саяси келіспеушіліктер кейбір топтарды балама бағыт іздеуге итермеледі. Бұл көзқарасты қолдаушылардың қатарында Доғу Перинчек және ол басқаратын Отан партиясы ерекше орын алады.

Түркиялық еуразияшылық келесідей қағидаларды ұсынады:

Ұлттық егемендік – сыртқы шарттардан жоғары;

Стратегиялық әріптестік Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен дамуы тиіс (көпвекторлы сипатта болуы керек);

Батыстың саяси талаптары ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Демократияның өзі мәселе тудырмағандығымен, оның сырттан бақылауға алынуы, сырттан бағалануы, сырттан саралануы мәселе тудыруы мүмкін.

  1. Тұжырымдамалық қайшылықтар

Еуразияшылықтың ресейлік нұсқасында да, түркиялық нұсқасында да демократиялық қағидаларға қатысты үш басты шиеленіс байқалады:

Жеке тұлға мен ұжымдық бірегейлік арасындағы қайшылық.

Әмбебаптық пен өркениеттік көптүрлілік арасындағы қайшылық.

Институционалдық шектеу мен егемен билік арасындағы қайшылық.

Бұл қайшылықтардың тұжырымдамалық сипатта болуына қарамастан еңсерілмейтін, қайтарылмас сипатқа ие емес.

  1. Өркениеттік конституциялық демократия

Егер демократияның институционалды негіздерін:

билік институттарын сайлау арқылы қалыптастыру,

тиімді әрі легитимді саяси өкілдік,

есеп берушілік пен жауапкершілік,

халық келісімі мен егемендігі сияқты негізгі механизмдер жиынтығы ретінде қарастырсақ, онда оның әр түрлі өркениеттік ортада жүзеге аса алатындығына көз жеткіземіз. Ал еуразияшылықты демократияға қарсы емес, саяси-мәдени егемендікті қорғау теориясы ретінде түсінсек, онда ол авторитаризммен теңестірілмеуі тиіс.

Осылайша, «өркениеттік конституциялық демократия» моделіне негізделген жаңа жүйелік ұсыныстарға жол ашуға болатын секілді. Бұл жүйенің негізгі қағидалары ретінде:

тарихи қауымдастыққа негізделген егемендік;

шынайы сайлау арқылы легитимділік;

мәдени дәстүрлерге бейімделген институттар;

ішкі плюрализмді қорғауды қарастыруға болады.

Бұл модельде демократия – форма, еуразияшылық – мазмұн рөлін атқарар еді.

Ресейлік философиялық еуразияшылық, түркиялық геосаяси еуразияшылдық және демократиялық теорияны біріктіріп қарастырғанда, мәселе демократия мен еуразияшылдықтың қарама-қайшылығында емес екені байқалады. Негізгі талас әмбебап либерализм мен өркениеттік егемендік арасында жатыр.

Осы ойдан туындайтын саяси легитимділіктің болашақта келесі қағидаларға арқа сүйеуі мүмкін:

егемендік, есеп берушілік пен жауапкершілік;

ұжымдық бірегейлік пен жеке құқықтар;

өркениеттік алуантүрлілік пен демократиялық процедуралар.

Осы тұрғыдан алғанда, еуразияшылық пен демократияның арақатынасы қайшылық емес, көпполярлы әлем жағдайында саяси өзін-өзі айқындаудың үздіксіз диалогы ретінде қарастырылуы мүмкін.

Шыңғыс Ергөбек

саясаттанушы

Abai.kz

0 пікір