Сейсенбі, 24 Ақпан 2026
Жаңалықтар 95 0 пікір 24 Ақпан, 2026 сағат 15:20

Су тасқыны бойынша нақты болжам 1 наурызда дайын болады — вице-министр

Сурет: PrimeMinister.kz сайтынан алынды

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су тасқыны қаупі қай өңірлерде бар екенін, алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтып берді. 

— 1 ақпанда «Қазгидромет» РМК алдын ала болжам жариялады. Осы болжамға сәйкес, тасқын су қаупі жоғары аймақтар қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары бар. 1 наурызда «Қазгидромет» тағы да нақтыланған болжам ұсынады. Сол кезде нақты қандай өңірлерде қандай қауіптер бар екені айқын көрінеді, — деп жауап берді Нұрлан Алдамжаров тілші сұрағына.

Гидротехникалық құрылыстар бойынша барлық нысан су тасқыны кезеңіне дайын. Қажетті тексерулер толық жүргізілген. Су қоймаларында шамамен 14,5 млрд текше метр көлемінде бос орын бар.

— Ал «Тасқын» ақпараттық жүйесіне қатысты жұмысты Жасанды интеллект министрлігі жүргізеді. Біз су қоймаларының жұмыс режимдері жөнінде деректерді күн сайын енгізіп отырамыз. Осы мәліметтер негізінде министрлік мамандары модельдеу жүргізеді және су тасқыны кезеңі алдында тиісті болжамды бізге береді, — деді вице-министр.

Abai.kz

0 пікір