Райымбек батырдың жиені – Жайнақ би
Райымбек Түкеұлы Қангелді немересі (1705-1785) – қазаққа аты аңызға айналған батыр, әйгілі қолбасшы, көріпкел, әулие ретінде ел есінде сақталып қалған тарихи тұлға.
Батыр бабаның ата-тегі Албан тайпасының Алжан руынан тараған. Арғы бабасы Сырымбет биден тартып батырлық, байлық, мансап үзілмеген. Райымбектің атасы Қангелді Сырымбетұлы Ұлы жүз хан ордасында Төле бимен бірге ел іргесін бекемдеуге ерекше атсалысқан, лауазымды қызмет атқарған өз замандастарынан тұғыры биік мемлекет қайраткері болған.
Қангелді батырдан – Түке, одан – Райымбек, Толмаш атты екі ұл тарайды. Райымбектің әкесі Түке ерте қайтыс болып, ол атасы Қангелді батырдың тәрбиесінде өскен.
Райымбек көп некелі болған адам. Бірінші әйелі Көрпештен – Нарт, Сарт, Әжі, Қожағұл туылған. Және бір әйелінің аты – Бәтима. Ол қырғыздың әйгілі биі Ақботаның қызы екен. Бәтима анамыз өте сұлу болғандықтна оған тіл-көз тимесін деп батыр ауылы «Жаман қыз» деп атап кеткен. Бәтима анамыздан – Орақбай, Қонақбай, Масақбай атты үш ұл туылған. Тағы бір әйелі Балқы анамыздан – Әйтімбет туылған. Енді бір әйелінен – Құлжаман, Алтай туылған. Батыр бабамыз Райымбектен Манат атты қыз болғандығы туралы көнекөз, құйма құлақ шежірешілер көп айтады.
Ал енді әңгімеміздің негізгі арқауы болған Райымбек батырдың Манат атты қызын қайсы елге ұзатты, кімге құда-жұрат болды деген сауалдың жауабын табу үшін ізденіс жасап көрелік.
ІІ
Халқымызда «Қарға тамырлы қазақ» деген сөз тіркесі бар. Бұл сөз де қазақ қоғамындағы Ұлы Далада жасап жатқан ру, тайпа, жүз, ұлыстардың бір-бірінен бөлінбейтін қандастық, туысқандық, құда-жұраттық байланыспен Алаш атты алтын діңгекке байланып жатқанын аңғартса керек.
Белгілі жазушы, шежіреші Желдікбаев Дәулет Ахметбайұлы «Сайынбөлектің Абақ тұқымы көптігімен де, бақ-дәулетімен де, шен-шекпенімен де басқалардан ерекшеленіп тұрады. Абақ төрт әйел алған болатын. Бәйбішесі Манат Алжан – Райымбек батырдың қызы. Абақтан он бала. Олар – Аюке, Жайыл, Жайнақ, Ниязбек, Кенжебек, Сексенбай, Бексенбай, Әбілбек, Әбіж, Қисық». («Сүйіндік. Шежіре-тарих», Алматы, 2008 жыл, 113-бет), - дейді.
Міне, бұл шежірелік деректе Жайнақ Абақұлының бүкіл Албанға ұран болған Райымбек батырдың туған жиені екені анық жазылған. Олай болса, енді Жайнақ бидің ата-тегіне қарай атбасын бұралық.
Жайнақ Албан тайпасының Айт руынан тарайды. Айттан – Таңатар, Мамадайыр, Уанашы, Бидайшы. Мамадайырдан – Қалыбек (Айтқа ұран болған батыр), Сүйіндік. Мамадайырұлы Сүйіндік Албан еліне дуанбегі болған, өте шешен, әділ билік жүргізіп, ел есінде қалыпты. Албандар арасында «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» деген тәмсіл сөз қалған. Сүйіндіктен – Балта, Құдайназар.
Сүйіндіктің екінші ұлы Құдайназар – Албан елінен шыққан атақты билердің бірі болған. Құдайназардан – Қойсоймас, Бұқар, Аман, Шала. Қойсоймастан – Тоқтакүшік, Сайынбөлек, Барын, Тиес, Қарашолақ, Есенгелді, Кебек, Едіге, Төле. Сайынбөлектен – Албан, Әжі, Абақ, Тілеуке, Қонысбай, Малдыбай. Абақтан – Жайнақ. Текті атадан тараған атақты Жайнақ бидің ататек шежіресі қысқаша осылай.
Төкпе жырдың дауылы Көдек Маралбаев «Айт елі» атты толғауында:
«Уанашы, Мамадайыр,
Айттан туып тараған.
Бәйбішеден Таңатар,
Бидайшы келген арадан.
Қалыбек пен Сүйіндік,
Артық туған бабадан.
Сүйіндік би болыпты,
Шарапаты бар адам.
Билігіне разы,
Дуанбегі атанған.
Құрметтеп халық қалаған,
Әулиенің мазарын,
Іздеп барып жылаған.
Құдайназар туыпты,
Кетейін атам садағаң.
Ашамай мініп топқа кеп,
Таластың жөнін сұраған.
Тауып айтқан билігі,
Таңғалтып елге ұнаған.
Қойсоймас, Бұқар бай болып,
Малын айдап санаған.
Сары қымыз сапырып,
Тасытып құйған сабадан.
Сайынбөлек батыр боп,
Қалмақты жарға қамаған.
Әбікең артық би болып,
Ел жыртығын жамаған.
Бір әйелі қызы еді,
Райымбек батырдың.
Әулие әже-анадан,
Ниязбек, Жайнақ атанған,
Бес ұл көрген баладан.
Тезектің кезі Жайнақ би,
Үлгі көрген бабадан.
Тартынбай тауып сөйлейтін,
Ойы тұнық дана адам.
Нияз атам бай болып,
Бақ қонып, қызыр қараған.
Жұмыртқалап түбіне,
Бозторғай ұшқан сабадан.
Бір ішік алып жүз атқа,
Дөненнен өрге санаған»
(Нұрлан Сәрсенбаев құрастырған «Көдек шығармалары», Шыңжаң халық баспасы, желтоқсан, 2005 жыл, 191-192- беттер), - деп Сүйіндік биден тартып, оның ұрпағынан шыққан би-болыс, батыр, шешен, бай-көпес, жақсы-жайсаңын түгел жырға қосады.
Алжан руынан шыққан атақты батыр Райымбек Айт руының Сүйіндік тармағынан шыққан бай, көпес Сайынбөлек Қойсоймасұлымен құда болады. Райымбек қызы Манатты Сайынбөлектің Абақ деген ұлына ұзатады. Абақтың бәйбішесі Манаттан туылған Жайнақ өз дәуірінде Ұлы жүз қазақтарына танымалы билердің бірі болған.
Қазақ мәдениетін әлемге танытқан аты мәшһүр ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов (1835-1865) Қашқарға барған сапарында Албан тайпасының 24 биін хатқа түсірген. Сол қолжазбада Айт-Бозым билері туралы арнайы тоқталып, былай баяндаған: «Билері: Абақ Сайынбөлеков (өлген), Жайнақ Абақов, Түменбай Орынтаев (өлген), Әуел Қожамқұлов, Айтақ Ыстыбаев, Арап Құрымбаев (өлген), Тұсырман Қонысбаев (турасы Пұсырман Қонысбаев – Н.Сәрсенбаев), Тазабек Пұсырманов» (Шоқан Уәлиханов «Бес томдық шығармалар жинағы», 1-том, Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы, Алматы, 1961 жыл, 541-542- беттер).
Жайнақтың әкесі Абақ та Албанға танылған беделді билердің бірі болған, атасы Сайынбөлек сан мың жылқы айдаған бай кісі еді.
Жетісудың жезтаңдай ақыны Құланаян Құлмамбет (1826-1906):
«Албанда өткен екен Абақ, Жайнақ,
Өтіпті Сайынбөлек сан жылқы айдап», - деп Қойсоймас әулетінің белді адамдарының сән-салтанатын жырға қосады.
Қытай қазағынан шыққан көрнекті әдебиеттанушы, баспагер, ақын Тәліпбай Қабаев Жайнақ би туралы «Албанның Айт руындағы Жайнақ белді кісілердің бірі болған. Олармен қатар отырған қырғыздың Шалабай батыр деген адамы жоғалған жылқысын Айт елінен көріп, Тезек төреге келіп арыз айтады. Тезек төре Жайнаққа:
– Аралас отырған қырғыз-қазақпыз. Алғандар болса қайтарып қойыңдар, - дейді. Жайнақ алмағанын айтады.
Шалабай Жайнақты көрген жерден:
«Ассалаумағалейкум, Жайнақ батыр,
Ұрымды әкелдің бе байлап батыр?
Билерімді отырмын сайлап батыр,
Малдарымның алдына қосақ ертіп,
Айыыбымен кетейін айдап, батыр», - дейді.
Сонда Жайнақ би:
«Уағалейкумассалам, Шалабай батыр,
Сақалы жоқ, мұрты жоқ баладай батыр.
Ақтара қарап, аудара сұрап келдім,
Бізге жапқан бұл сөзің жаладай батыр.
Күні бұрын билерін сайлап алған,
Алкеуде, күманқор шалағай батыр», - дейді.
Отырған ел ду күліп, Шалабай ештеңе айта алмай, қайтып кетеді» («Көдек», Шыңжаң жастар – өрендер баспасы, 1984 жыл, 138-139- беттер), - деп баяндайды.
Сонау 1895 жылы Жетісуда аты әйгілі ақын Сарбас пен жыр алыбы Жамбыл Жабаев айтысқан екен. Сол айтыста:
«Атасын сен қарашы,
Абақтың ұлы Жайнақты.
Ерегескен дұшпанын,
Алдына салып айдапты.
Батырлығын айтайын,
Қылышын тасқа қайрапты.
Шешендігін айтайын,
Бұлбұлдай тілі сайрапты.
Қолы, күшін айтайын,
Әркімнің жайын ойлапты», -
деген өлең шумақтарынан Жайнақ бидің ел арасында атақ-даңқы асқақтаған
тарихи тұлға екенін аңғаруға болады.
ІІІ
«Жайнақ ел арасында зор беделге ие, билікті біліп айтатын кісі болған. Сондықтан да Тезек төре оны хан сарайына алғызып, билік құрғызды. Үлкен Орданың приставы Перемышельский 1853 жылы Жайнақ биге хат жазып, Албан билерін өзіне бастап келуін талап етуі осының бір дәлелі» (Желдікбаев Д.А. «Сүйіндік. Шежіре-тарих», Алматы, 2008 жыл, 130-бет).
Жыр дүлдүлі Көдектің әкесі Байшыған ақын:
«Жылқы бар бір мың үш жүз Сұлтанқұлда,
Жансерке Айт-Бозымға болған тұлға.
Жүз атқа қажы атамыз ішік алған,
Жылқымыз аз ба, көп пе өзің ылға?
Би атам ашамайда билік айтып,
Үкімі топты жарып толған сынға», - деп Абақ әулетінен шыққан жақсы-жайсаңдарды жырға қосады. Жайнақ Абақұлы 1812 жылы Алтынемелде дүниеге келген. 1859 жылы өзі туған жерде дүниеден қайтқан. Жайнақтан – Байсерке, Жансерке, Абиыр, Сұлтанқұл, Байұзақ тарайды. Бұларды ел «Бес Жайнақ» деп атап кеткен.
Жайнақ би ұрпақтарынан Албанға танымал бірталай тарихи тұлғалар шыққан. Мысалы, әкесі Жайнақ бидің жолын қуған Жансерке Айт еліне 24 жыл болыс болып халқына әділ билік жүргізсе, Сұлтанқұл Жайнақұлы Албанға аты әйгілі байлардың бірі болған. Ел басына ауыр күн туған 1916 жылы Қарқарадағы «Албан көтерілісінің» көсемдерінен Тұрлықожа Жансеркеұлы, Бекдайыр Сұлтанқұлұлы сияқты ұлт қаһармандары шыққан. Сол көтерілісте Тұрлықожа, Бекдайыр қандыкөйлек жолдастары Жәмеңке, Ұзақ т.б. бірге ақ патша жағынан Қарақол түрмесінде қырғынға ұшырайды.
1930 жылдардағы екінші үркінде Бекдайырдың Мыса деген баласы үй ішімен жан сауғалап Қытайға қарай қашады. Жол-жөнекей шекарада бір қалмақ ұлығының үйіне қонады. Мысаның мал-мүлкіне, алтын-күмісіне қызыққан қалмақ түн ішінде ешкімге білдірмей отбасымен түгел қырып тастайды. Осы оқиғаны әйгілі ақын Көдек Маралбаев:
«Кетті ме қайран Мыса дерегі жоқ,
Жастардың туылып ең ерені боп.
Арғы атаң Сүйіндіктен бері қарай,
Албанның шығып еді зерегі боп.
Арғы атаң қайран Мыса Жайнақ еді,
Еліне, ауылына пайдалы еді.
Төренің Байжұмасын басқа ұрып,
Жерінен Айт елінің айдап еді.
Осындай жаралысың, бауырым-ай,
Ашылып, жарылмаған қауыным-ай.
Қиды екен көзі көріп, қолы қайтіп,
Жолықтың қандай жанның жауызын-ай», - деп көз жасын көл етіп жоқтайды.
«Еліміз егемендігін алған соң 1996 жылы батырдың өзі туып-өскен, топырақ бұйырған атамекені – Алтынемелдегі зиратының басына құлпытас қойып, ас берілді» (Дамир Жайнақов. «Ел қорғаған ер баба. Қылышын тасқа қайраған», «Жетісу» газеті, 14 шілде, 2016 жыл). 1999 жылы Алматы облысы (қазіргі Жетісу облысы), Кербұлақ ауданындағы Голубинова ауылына Жайнақ Абақұлының есімі берілді.
«Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы», - дейді дана халқымыз. Жайнақ Абақұлы нағашы атасы Райымбектің қаһармандық жолын жалғастырған, ел мен жердің тағдырын бәрінен биік қойған, ержүрек батырлығымен, әділ билігімен ел жүрегінде сақталып, тарих бетінде аты қалған, ұлттық тұлға мәртебесіне көтерілген қайраткер.
Нұрлан Сәрсенбаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф
Abai.kz