Дүйсенбі, 2 Наурыз 2026
Әне, көрдің бе? 279 0 пікір 2 Наурыз, 2026 сағат 14:42

Иран өркениетті елдер қатарына қосыла ма?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

(бірінші репортаж)

Ирандағы басталған соғысты «дүниежүзілік соғыстың басталуы» деп жатқандар жеткілікті. Иран резиденциясына құпия жасалған шабуылдан Иран Ислам Республикасының Діни көшбасшысы Әли Хаменей мен бірнеше министрлер қаза тапқанын Иран үкіметі ресми хабарлады. Ондағы соғыс жағдайы Иранның мәлімдеуінше 40 күн бойы жалғасады деп отыр. Біз бүгін оқырмандарымызды осы соғысқа тікелей себепкер болған Әли Хаменеи туралы деректермен таныстырудан бастағанды жөн көрдік... 

Әли Хаменей кім еді?

Ондаған жылдар бойы аятолла Әли Хаменеи Ирандағы ең ықпалды адам — жоғарғы көшбасшы болды. Біреулер оны ислам революциясының қаһарманы деп санады, ал басқалары қатыгез диктатор деп білді.

Ол шиит мұсылмандары үшін қасиетті қала әрі Иранның діни жүрегі саналатын Мешхедте дүниеге келген. 11 жасында ислам теологы болуға оқи бастады. Ол кезде Иран зайырлы мемлекет болатын және автократ шахтың билігінде еді. Кейін Хаменеи өзінің ұстаздарының бірі — аятолла Рухолла Хомейни жетекшілік еткен діни оппозицияға қосылды.

Шахтың құпия полициясы оны бірнеше рет тұтқындады. 1979 жылы ирандықтар шахты құлатып, Ислам Республикасын құрғаннан кейін Хомейни эмиграциядан оралды. Ал Әли Хаменеи жаңа жүйеде тез көтерілді.

Хомейни он жылдан кейін қайтыс болғанда, Хаменеи оның орнына үміткерлердің қатарында болды, бірақ Ирандағы ең жоғары лауазымға қажет діни дәрежесі жоқ еді. Ол өзі де мұны мойындаған: «Мен жоғарғы көшбасшы болуға лайық емеспін. Мұны мен де, сіздер де білесіздер. Мені көшбасшы етіп сайлауды ойлаған кез келген ислам қоғамы тек қан жылаумен қалады».

Соған қарамастан ирандықтар оны қолдады. 50 жасында Хаменеи Иранның жоғарғы көшбасшысы атанды. Кейінгі онжылдықтарда ол Иранның саясаты мен дініндегі басты тұлға болды.

Ол Израиль мен АҚШ-қа қарсы дұшпандықты күшейтті, Холокостты бірнеше рет жоққа шығарды, әлемдегі имамдарды мешіттерді әскери базаға айналдыруға және ислам революциясын бүкіл елдерге таратуға шақырды.

Ол иран саясатын либералдандыруға бағытталған кез келген әрекетке қарсы тұрды, Ислам Республикасының қатаң діни құрылымын нығайтты және оның күнделікті өмірге бақылауын кеңейтті.

Сөз бостандығын шектеп, ислам революциясының идеалдарына адалдықты қамтамасыз ету үшін қуатты бақылау жүйесін құрды. Сондай-ақ Ислам революциясы сақшылары корпусын (КСИР) азаматтық қоғамды бақылауға және қарсылықты басуға қабілетті күшке айналдырды.

2009 жылы бұл жаңа рөл айқын көрінді. «Жасыл қозғалыс» кезінде жүздеген мың ирандық президенттік сайлаудағы бұрмалауға қарсы наразылық білдірді.

Кейінгі жылдары Хаменеи экономикалық қиындықтар, жанармай бағасының өсуі және су тапшылығы салдарынан туындаған жаңа жаппай наразылықтарға тап болды.

2022 жылы «мораль полициясы» ұстаған қыздың өлімі соңғы онжылдықтардағы ең үлкен сынақ болды. Наразылықтар қатал түрде басылды: жүздеген адам қаза тауып, мыңдағаны тұтқындалып, азаптауға ұшырады.

Хаменеи бұл толқулар үшін сыртқы жауларды айыптап, КСИР қолданған күшті ақтады. Ол үшін Ислам Республикасын сақтау бәрінен маңызды болды. Ол былай деген: «Менің әлсіз жаным, шаршаған тәнім және сіздер берген аз ғана абыройым бар. Мен мұның бәрін революция мен ислам үшін құрбан етемін».

Қазір Иранды кім басқарып отыр?

Төтенше кеңес құрылды. Оның құрамына кемінде үш адам кіреді, оны президент Масуд Пезешкиан басқарады. Ол халыққа үндеу жасап, дәл осы кеңес — Қауіпсіздік кеңесінің және сот билігінің өкілдерімен бірге — билік транзитін ұйымдастырып, жаңа жоғарғы көшбасшыны сайлау тәртібін анықтайтынын мәлімдеді.

Ресми түрде мұнымен айналысатын орган бар — Сарапшылар кеңесі. Оның құрамында 88 адам бар және олар қажет болған жағдайда жаңа жоғарғы көшбасшыны сайлайды. Алайда қазіргі жағдайдың бұрын-соңды болмаған сипатын ескерсек, бұл рәсім өзгеруі мүмкін. Өйткені, «сарапшылар кеңесін» құрған Хеменейдің өзі болатын.

Ислам революциясы сақшылары корпусы да өз ықпалын көрсетуі ықтимал. Қалай болғанда да, қазіргі таңда билік негізінен осы төтенше кеңестің қолында.

Хаменеи биліктің осындай үштік үлгісін алдын ала дайындаған болуы мүмкін деген пікір бар. Былтырғы он екі күндік соғыс кезінде жоғарғы көшбасшы бірнеше күнге жоғалып кеткенде де осындай хабарлар тараған. Сол кезде ол бункерде жасырынып, өз қаза болған жағдайға билікті беру механизмін ойластырды деген болжам айтылған.

Шын мәнінде, соңғы онжылдықтарда Хаменеи билікті бір адамның қолында шоғырландырмай, бірнеше шешім қабылдау орталығына бөліп орналастырумен айналысты. Егер алғашқы жоғарғы көшбасшы Хомейни мемлекетті барлық билік бір адамның қолында болған сұлтандық үлгіде басқарса, Хаменеи тұсында билік бірнеше орталыққа бөлінді. Режимнің толық күйремей сақталуы белгілі бір деңгейде осының нәтижесі болуы мүмкін.

Иранның жаңа көшбасшысы кім болуы мүмкін?

Мұны нақты айту қиын. 2024 жылдың мамырында президент Ибрахим Раиси әуе апатынан қаза тапқаннан кейін оның орнына кім келетіні алдын ала белгісіз болғаны сияқты, бұл шешім де соңғы сәтке дейін құпия болуы мүмкін.

Хаменей 86 жаста еді және билік транзитіне дайындалу қажет екенін түсінді. Ықтимал мұрагерлердің қатарында оның ұлы да аталды. Оның ықпалы зор және КСИР тарапынан қолдауы болды. Бірақ кейбіреулер:  «1979 жылы монархияны әке мен бала арасында билік берілсін деп құлатқан жоқпыз» деген пікір айтуда.

Хаменеи қалай қайтыс болғаны да маңызды. Ол іс жүзінде «шәһидтік өліммен» кетті. Шииттік исламда адамның қалай өмір сүргенінен гөрі, қандай өліммен кеткені маңызды саналады. Осы тұрғыдан ол «ақ жолдағы күрескер» ретінде қабылданады.Тіпті оны жек көрген қарсыластары да оның қазасына жанашырлық танытты. Жүздеген мың адамның көшеге шығып, жоғарғы көшбасшыны жоқтауы соны көрсетеді.

Сондықтан қазір режимнің «жұмсақ» өзгеруі мүмкін емес. Ең ықтимал сценарий — қазіргі «қатаң бағыттың» жалғасуы. Иранның ресми әскери одақтастары жоқ. Алайда дипломатиялық тұрғыдан қолдауға дайын серіктестері бар — Ресей мен Қытай. Мысалы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде олар Иран режимін қолдап келеді. Осы жолы да ол қайталануы мүмкін.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

0 пікір