Жастар - қоғамның демографиялық дамуының маңызды көрсеткіші
Әлемдік саясатта жастар айырықша күшке ие болып, жастар әр құрлықтың түпкір түпкірінде саясатқа да, ғылымға да белсене аралас бастағанын күн сайын жаһанда орын алып жатқан оқиғалар айқын көрсетіп отыр. Тым алысқа бармай, репрессиялық режімнен көз ашпаған Иранда бас көтерген жұрттың басым бөлігі жастар боп тұр.
Бірақ жастардың құрлықтың әр қиырындағы үлес салмағы әр қилы екендігін естен шығармауға тиіспіз. Жастар әдетте 15–24 жас аралығындағы халық деп есептеледі (Қазақстанда 35 жасқа дейінгілер). Әлемдік статистика бойынша жастардың үлес салмағы әр аймақта әртүрлі. Төменде Еуропа, Азия және Орталық Азиядағы жастардың үлесі шамамен көрсетілген.
Еуропадағы жастар үлесі (15–24 жас): шамамен 10–12%. Еуропа – әлемдегі ең қартаюшы аймақтардың бірі. Сондықтан жастардың үлесі басқа аймақтарға қарағанда төмен.
Әлемдегі жастардың шамамен 60%-ы Азияда тұрады. Кейбір елдерде (Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия) жастар үлесі одан да жоғары.
Орталық Азияда жастар мен балалар (24 жасқа дейінгілер): 40–50% шамасында. Аймақ халықының орташа жасы 26–27 жас, яғни халық өте жас. Кейбір елдерде жастардың үлесі өте жоғары:
Тәжікстан – ең жас халықтардың бірі. Өзбекстан – халықтың 60%-ға жуығы 30 жасқа дейінгі адамдар.
ҚАЗАҚСТАНДА жастар қоғамның маңызды демографиялық бөлігін құрайды. Қазіргі ресми статистика бойынша:
Қазақстанда 14–34 жас аралығындағы жастар саны шамамен 5,8 млн адам. Бұл көрсеткіш ел халқының шамамен 28%-ын құрайды. Яғни әрбір төртінші қазақстандық – жас адам деп айтуға болады.Жастардың 3,67 миллионы қалада, ал 2,15 миллионы ауылда тұрады. Экономикалық белсенді жастар саны шамамен 3,74 млн адам.
Қазақстан – демографиялық тұрғыдан салыстырмалы түрде жас мемлекеттердің бірі. Жастар ел халқының үштен біріне жуық бөлігін құрайды және қоғамның экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына үлкен ықпал етеді. Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен дамуының басты қозғаушы күші. Қоғамдағы саяси тұрақтылық пен елдің келешектегі бағыты көбіне жастардың көзқарасына, белсенділігіне және азаматтық ұстанымына байланысты қалыптасады. Сондықтан жастардың саясатқа қызығушылығы мен қатысуы мемлекет дамуы үшін аса маңызды факторлардың бірі болып саналады.
Жиі ескерусіз қалатын бір аспект бар. Жалпы әлемде кез келген Конституция – ең алдымен жастарға негізделіп жазылады. Жастар үшін жаңа Конституция идеологиялық құжат ретінде емес, ұзақ мерзімді кепілдіктер жиынтығы ретінде маңызды болуы тиіс. Осы ретте, жобада ел дамуының бағытын айқындайтын бірнеше трендті атап өткен жөн.
Бірінші – адам капиталы мемлекеттің стратегиясы ретінде көрсетілген (3-бап). Білім, ғылым және инновацияларды дамыту Негізгі заңда стратегиялық бағыт ретінде бекітілгенде, бұл мемлекеттік саясаттың мәнін өзгертеді. Мұндай тәсілдің қисыны бойынша елдің басты активі — шикізат немесе инфрақұрылым емес, адам, оның білімі, құзыреттілігі және жаңа дүние жасау қабілеті. Бүгінде саны 5,8 миллионнан асатын жастар үшін бұл — тікелей сигнал. Мемлекет білім экономикасын басымдық ретінде таниды және азаматтардың әлеуетіне инвестиция салу міндеттемесін алады.
Екінші – цифрлық қорғаныс (21-бап). Дербес деректерді қорғау және цифрлық кеңістіктегі құқықтар жай ғана техникалық тақырып емес. Бұл — жеке қауіпсіздік пен бостандық мәселесі. Цифрлық құқықтардың конституциялық деңгейде бекітілуі мемлекеттің базалық принциптер деңгейінде жаңа кепілдіктерді орнықтыратынын білдіреді.
Үшінші – зайырлы білім мен құндылықтар тепе-теңдігі (30 және 33-баптар). Жоба білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипатын бекітеді, сонымен бірге некені еркек пен әйелдің ерікті одағы ретінде белгілеп, отбасы институтының негізгі әлеуметтік құндылық ретіндегі маңыздылығын атап өтеді.
Бүгінгі таңда жастар тек білім алып, мамандық игеріп қана қоймай, қоғамдық және саяси өмірге де белсенді араласуға ұмтылуда. Олар әлеуметтік желілер, қоғамдық ұйымдар мен түрлі бастамалар арқылы өз пікірін білдіріп, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайды. Бұл құбылыс жастардың азаматтық жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Жастар мен саясаттың байланысы – қоғамның демократиялық дамуының маңызды көрсеткіші. Жастардың саяси сауаттылығы мен белсенділігі артқан сайын, мемлекетте әділдік, ашықтық және жаңашылдық қағидалары нығая түседі. Сондықтан жастарды саясатқа тарту, олардың пікірін тыңдау және қолдау көрсету – елдің тұрақты дамуының маңызды шарты болып табылады.