Header Banner
Сейсенбі, 10 Наурыз 2026
Әдебиет 3263 0 пікір 9 Наурыз, 2026 сағат 19:45

Балалар контентін дамытудағы көркем шығарманың рөлі

Коллаж: Abai.kz.

Қазіргі цифрлық дәуірде балалардың дүниетанымы бұрынғыдан мүлде өзгеше қалыптасып жатыр. Сананы жаулаған смартфон, алуан түрлі анимация, әлеуметтік желі, мобильді қосымшалар дегендердің бәрі баланың ойлау жүйесіне, тіліне, қиялына тікелей әсер ететін негізгі құралдарға айналды. Сондықтан бүгінгі қоғам үшін балалар контентін дамыту – тек мәдени немесе әдеби мәселе ғана емес, ұлттық болашаққа қатысты стратегиялық міндет.

Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі сапалы балалар контенті әлі де жеткіліксіз. Балалардың көбі ағылшын, орыс немесе басқа тілдердегі мультфильмдерді қызыға көреді. Бұл бір жағынан тілдік ортаға әсер етсе, екінші жағынан ұлттық дүниетанымның әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі мазмұнды, қызықты, көркем дүниелерді көбейту – аса маңызды.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, драматург Айдана Аламанның айтуынша, балалар контетін балалар драматургиясы тұрғысынан алғанда, біздегі көрсеткіш өте төмен. Себебі балаларға арналған драмалық шығармалардың азайып бара жатқаны алаңдатады. Нәтижесінде «Балалар театрына қандай материал қажет?» деген заңды сауал туындайды. Себебі мына дамыған заманда, балалардың назарын ұстап, оларға тұщымды өнім көрсету де қиындап барады. «Осы орайда балаларға арналған пьесаларым еліміздегі 5-6 театрда сахналанған автор ретінде біраз ізденгенім бар. Түйгенім, ең алдымен, Балаларға арналған спектакль – ең таза, ең шынайы өнер болуы тиіс. Екіншіден, халық ауыз әдебиетіне негізделген дүниелер: аңыздар, қиял-ғажайып ертегілер, мифологиялық кейіпкерлер қатысатын, танымдық әрі заман талабына сай өзектілігі бар пьесалар сахна репертуарына жиі енеді. Әрі, сондай пьесалар балалардың қызығушылығын жақсы оятады. Ең үлкен қиындығы, ертегінің сахналық дамуын құру, кейіпкерді сахнада «тірілту», оның мінезін, болмысын ашу арқылы жас көрерменге әсер ету – бәрі де адами сезімдерді тәрбиелеуге бағытталған драматургиялық жұмысты талап етеді. Мұндай ізденістер балалар театрының кәсіби деңгейін арттырып, жаңа бағыттарға жол ашады.

Егер драматург, режиссер немесе актер баланың табиғатын зерттемесе, оны шын мәнінде жақсы көрмесе, баламен ортақ тіл табуы қиын. Балалар аса сезімтал келеді. Мысалы, 2-3 жастағы бала кереметке сенеді, ал ересектер үшін ол сенім әлдеқашан көмескі тартқан. Нағыз сапалы шығарма тек бойында балалық эмоциясын сақтай алған кезде ғана дүниеге келеді.

Негізгі түйткіл – автор мен театр арасында өзара сенім мен түсіністікке негізделген психологиялық келісімнің жоқтығы. Егер драматург театрмен, режиссермен тығыз байланыста жұмыс істесе, біз саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында нақты нәтижеге қол жеткізер едік. Қазіргі театр мен көрермен арасындағы бастама мүлде басқа деңгейде. Сондықтан авторлар менеджерлік ойлау жүйесіне бейімделуі қажет. Яғни, шығарманы тек жазып қана қоймай, оны сұранысқа сай ұсына білу маңызды», дейді ол.

Балалар әдебиетінің ең басты ерекшелігі – қиялды ояту. Бала ертегі мен әңгіме арқылы әлемді таниды, жақсылық пен жамандықтың айырмасын түсінеді, өмірге деген алғашқы көзқарасын қалыптастырады. Көркем шығарма баланың тілін дамытады,эмоциялық интеллектісін қалыптастырады. Сонымен бірге эстетикалық талғамын өсіреді. Сондықтан балалар әдебиеті тек тәрбиелік құрал ғана емес, рухани мектеп деуге болады. Қазақ әдебиетінде балаларға арналған шығармалардың тамаша дәстүрі бар. Бердібек Соқпақбаевтың, Мұзафар Әлімбаевтың, Қадыр Мырза Әлидің, Төлен Әбдіктің, тағы басқа қаламгерлердің шығармалары бірнеше буынның рухани әлемін қалыптастырды. Бірақ жаңа заман жаңа кейіпкерлерді, жаңа сюжеттерді талап етеді.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

Ал зерттеуші Нұрбол Құдайберген бұл туралы былай дейді: «Қазақстан – жас мемлекет. Халықтың үштен бірі – балалар: 18 жасқа толмағандардың саны 7 миллионға жуықтайды. Бұл – үлкен үміт сыйлайтын факт. Бүкіл әлемнің жаңалығын тамыршыдай тап басып біліп отырамыз. Бірақ үміт еткен көзіміздің нұры – балаларымыздың әлемінде не боп жатқанын білеміз бе?!. Бүгінгі балалардың әлемі бұрынғы балалардың әлеміне мүлдем ұқсамайды. 1997-2012 жылдарда туған Z-ұрпақты қазір көбіміз түсіне алмай жүрміз, 2012 жылдан кейін туған альфа-ұрпақты қалай түсінер екенбіз? Жалпы, балалық шақ дейтін құбылыстың мәні өзгеріп бара жатыр. «Бала жеті жасқа дейін жерден таяқ жейді» деген мақал бар еді. Қазір ондай баланы табу қиын. Себебі, қимыл-қозғалысы көп ойынға негізделген балалық шақтың орнын виртуалды, жасанды, симулякрға толы балалық шақ басып үлгерді. Технология жақсысымен бірге жасығын да қоса ұсынып жатыр. Оның ізі әсіресе біздің балаларымыздың психикалық, физиологиялық, танымдық дамуындағы кемістіктерден көрінеді... Балаларға арналған мазмұнды көбейткен жақсы-ақ. Меніңше, әуелі балалық шақ мәдениетін, еліміздегі халықтың үштен бірін құрап отырған балалардың әлемін, олардың түйткілді мәселелерін зерттеумен айналысатын институт ашу керек. Бұл салада мың сан проблема бар. Бірақ күрделі сұрақтарға сауатты да салмақты жауап ұсынып отырған іргелі ұйым жоқ. Педиатр, психолог, логопед, дефектолог, физиолог – жалпы бала дамуына қатысы бар мамандардың басын қосқан институт қажет деп есептеймін».

Осы орайда қазіргі балаларға қандай шығармалар керек деген заңды сұрақ туады. Бүгінгі бала – цифрлық ғасырдың перзенті. Ол жылдам ойлайды, визуалды ақпаратты жақсы қабылдайды, интерактивті дүниелерді жақсы көреді. Мысалы, қазақтың домбырасы сөйлейтін кейіпкер, далада саяхаттайтын робот, немесе көшпенді мәдениетті зерттейтін жас зерттеушілер туралы оқиғалар балалар үшін өте қызықты болуы мүмкін. Мұндай шығармалар ұлттық болмысты сақтай отырып, заманауи әлеммен байланыстырады.

Қай халықтың болашағын көргің келсе, оның балаларға арналған әдебиетіне қара дейді. Өйткені бала бүгін оқыған ертегінің кейіпкерін ертең өмірде қайталауы мүмкін. Батыр туралы оқыған бала – батыл болады, мейірімді кейіпкер туралы оқыған бала – жүрегі жұмсақ адам болып өседі. Сондықтан балалар контентін дамыту – ұлттың рухани қауіпсіздігімен тікелей байланысты мәселе.

Қазақ тіліндегі жаңа ертегілер, заманауи кейіпкерлер, қызықты комикстер мен мультфильмдер көбейген сайын, балалардың қиялы да, тілі де, ұлттық санасы да бірге өседі. Ал сол қиялдан ертеңгі жазушылар, ғалымдар, өнертапқыштар шығары сөзсіз.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір