Header Banner
Бейсенбі, 12 Наурыз 2026
Арылу 116 0 пікір 12 Наурыз, 2026 сағат 14:44

Қоңыр дәптерге қонған ойлар (жалғасы)

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

Ей, жол үстіндегі жолаушы! Байқайсыз ба?! Тіршілікті жаратуда Жаратушы сұлулық заңын мұқият сақтаған. Яғни, симметрияны сақтаған. Мысалы, айнадағы өз бейнеңізге қараңыз! Екі көз бір-бірінен аумайды ма? Аумайды.Екі құлақ бір-бірінен аумайды ма? Аумайды. Екі бет бір-бірінен аумайды ма? Аумайды. Сол тәрізді екі қол, екі аяқ та бір-бірінен аумайды! Егер, олар, осынау мүшелеріміз екі түрлі болса ше? Онда не болар еді?! Онда сұлулық заңы күрт бұзылып, біз бір құбыжыққа айналар едік.Өзімізден – өзіміз шошыр едік. Сондықтан да, тіршілік сұлулық симметриясымен жаратылған. Жаратушының жануарлар ішіндегі бір көркем жаратқан тірлігі – ат. Аттың әдемілігіне таң қалмайтын көз жоқ. Түлік төресі ат дизайнын сызуда Жаратушы тағы бір таң қаларлық тәсіл қолданған. Ат ажарын аша түсу үшін ат маңдайына аппақ төбел салыпты. Осы төбелді ортасынан қақ бөлcеңіз, ол екі құлақ, екі көздің арасында тұрғандықтан симметрия сақталады. Егер, дизайнер саналы Суреткер емес, санасыз табиғат болса не болар еді?!

Аттың қасқасы қақ маңдайына емес, қарынына да, сауырына да барып түсе берер еді. Өлі табиғат сіздің эстетикаңызды неғылсын. Сөйтіп, біз тіршілікке тән көз қуантар әдеміліктен айрылар едік. Ендеше, сұлулық атаулының атасы Сана деген сөз. Материя атаулының қожасы Сана деген сөз. Жаратушының өзі тұнған махаббат пен сұлулық дейді. Сондықтан да, Ол, өз рухынан жаратылған Адамды да, Адамды қоршаған ортаны да көрікті етіп жаратқан. Сондықтан да, Әл-Фараби бабамыз айтпақшы: «Сана дененің сымбатты болуының және оның сұлулығының кепілі». Өйткені, «Бірінші Тұлға - абсолютті сұлу».

ххх

Жас шағымызда біздің бір қателігіміз болды. Қателігіміз сол – өмірде қасиет қонған адамдар бар деп білдік. Әсіресе, сондай қасиетті атағы шыққан адамдардан іздедік. Қасиет қонбаса оларды жұрт неге төбесіне көтереді дедік. Осы аңғалдықпен алып тұлғаларды сағаладық. Алып тұлғалармен аға-іні болдық. Бірге жүріп талай тұрмыс-тіршілік илеуін кештік. Пенде ретінде одан зиян көрмедік. Пайда көрдік. Бірақ, обаста біз іздеген жоғымыз ол емес еді. Біз іздеген жоғымыз қасиет еді. Бүгінде ойлап отырсақ осынымыз қате болған екен. Өзімізде жоқты өзгеден іздеппіз. Соның салдарынан жүрек түкпірінде бір сыз қалыпты. Алыптармен алыстан сыйласу керек екен деген. Өзіңде жоқ судай тазалықты өзгеден іздеу қателік екен. Әсіресе, кәзіргі заманда. Бірақ, соған қарамастан біздегі балаң жүрек сол қасиетті өзгелерден неге іздеген?! Осы түсінініксіз. Әлде, әулиелер туралы көп айтылып, көп жалылғандықтан ба екен?! Соның әсерінен әулие жандар өмірде болуға тиіс деп түсінгендіктен бе екен?! Қалай десек те ол қасиетті жұрт бойынан іздеуіміз қате болыпты.Тоқтаңыз! Сонда қасиет қонған жандар өмірде болмағаны ма!? Онда , неге, ондай қарасуды теріс ағызған әулиелер байырғы нақлият, тәмсіл, аңыздарда бықып жүр!? Демек, олар бүгінгі өмірде болмаса да, бұрынғы өмірде болғаны ғой. Алланың сондай сүйікті құлдарын көрген жандар қандай бақытты! Біз, сол бақыттан мақрұм қалсақ керек!! Жүрек содан құлазыса керек. Апыр-ай, Алла елшісі Пайғамбарды көрген сахабалар неткен бақытты! Расында, неткен бақытты! Біздің пешенемізге жазылмапты сол бақыт! Біз Пайғамбар тұрмақ, күні кеше өз жерімізде өткен әулиелердің өзін көре алмаған ұрпақ болдық. Бейбақыт. Ей, жол үстіндегі жолаушы! Көңіл байғұс содан құлазыса керек.

ххх

Ұнжырғасы түскен ұлт өзінің ұлттық құндылықтарынан безе бастайды. Өзінің ұлттық құндылықтарын өгейсіп өзгенікін өзінікі сезе бастайды. Өз тіл, өз дінінен жерініп, өзге тіл, өзге дінге өте бастайды. Тіптен, өзге елге көше бастайды.

ххх

Ей, Жол үстіндегі жолаушы!

Даналықтың белгісі. Өзін жұрттан кем көрер. Өз бойынан мін көрер. Біреу емес, мың көрер. Сондықтан ол, жақсы көрсе адамды мінімен де меңгерер. Алайда ол, Алладан безгеннен безер. Өзіндегі Әзәзілмен алысып, өмір бойы ұлық Иеге ұмтылар. Бірақ, қанша ұмтылса да Ұлыққа, арыла алмас дене деген былықтан. Жаны боздап ұмтылады биікке. Тәні бірақ, топырақ толы қапшықтай, тарта берер ұйыққа. Бір-біріне кереғар, осы екі болмыс арасында жарылып, өтеді өмір, өтеді өмір бейбақыт. Туылғаннан пешенеге басылыпты осы мөр. Сонда, сонда бәрі адамның бақытсыз ба, бұ қалай? Дей алмаймын, жоқ олай!! Шындығында адамдардың дені деймін бақытты. Бала мінез, ішкенге – мәз, жегенге – тоқ жандар бақытты. Баладай мәз бола білген бақытты! Тәтті ұйқыда жүргендер ғой, оятпа!! Тәтті ұйқыдан оятпа!. Оянса ол тек жылана бастайды. Басыменен болып кетер бас қайғы. Оянған жан тынышталмас, тоқтамас. Бұрынғыдай мал тәрізді мамыражай оттамас. Бір басында ой дауылы бұрқырар. Ақиқатқа ұмтылар. Шындық іздеп шарқ ұрар. Осы жолда сүрінсе де жүз мейлі. Ол үмітін үзбейді. Осы жолда олар келе жатады, Тіршіліктің уын-зәрін татады. Алайда. Осы соқпақ Хақ жолына қосылады, қалайда. Хақ жолына түскендердің соңына ер! Хақ жолына түскендердің тобына ер! Адастырмас әулиелер соңына ер! Тіршілікте татқан удан тартын ба! Тіршілікте татқан уың бал болып, Қияметте күтіп тұрар алдында!

ххх

Ей, жол үстіндегі жолаушы!

Әулиелер дегенде селт етпес сана, елең етпес құлақ жоқ. Неге? Әулиелік адам баласына қолжетпес арман болғандықтан шығар, мүмкін. Мына қым-қуыт дүниеде әулиедей ақ болу, періштедей пәк болу қолдан келмегендіктен шығар, мүмкін. Бала періште шағымыз көзден бұлбұл ұшқандықтан шығар, мүмкін. Сол жоғалтқан жоғымыздың орны ойсырап көңіл төрі қоңылтақсып тұрғандықтан шығар, мүмкін. Сонда біз қолда барды жоғалтқан болдық қой. Солай. Адам пенде балауса кезде болмысындағы ғажайып илаһи тазалықты сезбейді. Қолда бардың қадірі жоқ. Сол тазалықтың басына қонған бақ екенін білмейді. Бейкүнә балдәурен шақ өтіп кеткенде бір-ақ біледі. Пенде, сөйтіп, өмірін періште болып бастап, пері болып аяқтайды. Ей, өрім жас! Басыңа қонған бақты бағала! Періште тазалығыңды сақта! Екі дүниеде одан артық байлық жоқ! Кісіге қылдай қиянат жасаудан сақтан! Өзіңнің де, өзгенің де періште тазалағын сақта! Жақсылық та, жамандық та алдыңнан шығады. Бұ дүниеде болмаса, О дүниеде.

ххх

Ей, жол үстіндегі жолаушы!

Төрт айлық мерзімде ана құрсағындағы шақалаққа рух бітеді. Қайдан бітті? Неге бітті? Кім бітірді? Білмейміз. Біздің білетініміз, тек, соңғылықта рух дегеннің тынышталмай әлденені іздейтіні. Мазасыз болатыны. Сол мазасыз рухты жұбатамыз деп біз есейе келе әртүрлі әрекеттерге барамыз. Жан рухының тыншымауы оның Иесін іздеп аласұруы екенін білмейміз. Солай. Жүрекке ұялаған рух өмір бойы өз Иесін іздейді. Сол Иесімен қауышқысы келеді. Шарқ ұрады. Жаныңды «жейді». Адам жаман жолға түссе алдымен жаны қиналады. Тыпырлайды. Тынышы кетеді. Еңбекпен емес, қылмыспен келген байлық та жанның жауы. Ол рухты жұбата алмайды. Сонда жан қашан тынышталады? Қашан сен күндердің күнінде тәубеңе келіп игі іс, ізгі амалдар жасай бастағанда тынышталады. Өйткені сен жақсылықтар жасау арқылы Жаратушыңа бет бұрдың, Жаратушың да саған бет бұрды. Хақтың нұры жүрекке түсті. Шырылдаған жүрек Иесін тапты. Анасын тапқан сәбидей тынышталды. Өйткені, рух, жан Алланың бөлшегі. Көкіректе жан барда сен де Алланың бөлшегісің! Осы ақиқатты ұмытпасақ жүзіміз екі дүниеде жарық болмақ.

ххх

Ей, жол үстіндегі жолаушы! Бейкүнә бала сәбиді көрсең жан-жүрегің елжірейді. Өйткені ол - періште. Сол тәрізді он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланы көрсең де жан-жүрегің елжірейді. Өйткені, ол да - періште. Айналып-толғанасың. Бұл - өмірдің жазылмаған заңы. Алланың адам жүрегіне құйған низамы. Періште тазалыққа деген құрмет. Қыз бала періштелігімен қымбат. Сүйкімді. Сұлу. Бұл балалар ертең бақытты отбасын құруға лайықты аналар. Осыны қыз бала құлағына құймақ парыз. Қым-қиғаш өмір жолында осы заңды бұзбау, әсіресе, қыз бала үшін болашақ бақытты отбасын құру үшін маңызды. Бұл - періште жолы. Періштені сол жолдан тайдырмақ болған кез -келген әрекет - әзәзілдік. Ұл балалар! Әзәзілге ермеңдер! Қарындасты қорғаңдар!

ххх

Ей, жол үстіндегі жолаушы! Бүгінде байлық пен билік иелеріне халық неге шүйлігеді? Өйткені, халқымыздың басым көпшілігі шайлыққа жетпейтін айлықпен өмір сүріп жатыр. Онда да жұмысы болса. Әртүрлі жолдармен, /оның ішінде билік те бар/ байлыққа қолы жеткендер үшін енді олардың алдында екі жол ғана қалды.

Бірінші жол: Кедей халық арасында қауіпсіз өмір сүру үшін Атымтай Жомарт болудың жолы. Яғни, қайырымдылықпен айналысу керек. Оған кісілігің жетпесе алдыңда екінші жол тұр.

Бұл шетелге апаратын жол. Бұл екінші жолға түссең өмір бойы жиған байлығыңды құтқару үшін оны өл-тіріл шетелге асыруың керек. Және, шетелден үй сатып алып қоюың керек. Шетелден үй сатып алып қою не үшін керек? Күндердің күнінде аш халқың, жалаңаш халқың шулап келіп сенің байлығыңа бас салғанда басыңды аман алып қашу үшін керек. Сөйтіп қашып байлығыңды да, өзіңді де аман алып қалуың мүмкін. Бұл идеяны, яғни шетелден үй алып қою идеясын 3 мыңдай Қазақстан азаматы кәзірдің өзінде іске асырып қойды деген дерек бар. Бірақ... бұ жерде бір «бірақ» бар. Онда сен өмір бойы Отан үшін емес, өмір бойы өзің үшін, байлық үшін өмір сүрген болып шығасын. Демек, бұл тарих алында абыройлы іс емес. Бұның ары жағында Отанға деген опасыздық дегеннің құлағы қылтияды. Бұл жол абыройсыз жол. Сондықтан, аса бай азаматтарды бұ жолға түспеуге шақырамыз! Бұ жолға аяқ баспауға шақырамыз! Халықтың бүгінде күн құрғатпай әлеуметтік желіде шіріген байларға шүйлігіп жатуы бекер емес. Осындай сұмдықты сезгендіктен, әсіре билік, әсіре байлық астарынан. Бұдан шығатын тобықтай түйін; бейбақыт халық арасында бақытты бай болу қиын. Тіптен қатерлі. Сондықтан, ондай байларға айтар ақыл, ұсынар жолымыз жалғыз.Ол жол - бай ата-бабаларымыз ұстанған қасиетті жол, Атымтай Жомарт жолы! Атымтайдай сақи бол! Не көрсең де халқыңмен бірге бол, бірге көр! Жылап жүрген жұрт көзінше жырғап жүр ме дейміз! Байлығыңмен мастан ба дейміз! Байлығыңмен мастану бұндай заманда, бүгінгідей әлеуметтік теңсіздік дегеннің шектен шыққан заманында, тек сіздерге деген өшпенділікті өршітеді дейміз. Байлық пен билік иелері! Халқыңнан алыста ма! Халық - ана! Ананың қарғысына ұшыраудан сақ бол! Жетім көрсең жебей жүр! Көз жасын сүрт! Халқыңнан қарғыс алма, алғыс ал! Сонда ғана, Абай арман еткен ұйытқысы берік ұлт; кедейі мен байы тең, қарасы мен ханы тең ұлт қалыптасады.

Ей, байлық, билік иелері! Демек, сіздермен біздерге халық анамызға адал қызмет етуден басқа жол жоқ!

Смағұл Елубай,

Қазақстанның халық жазушысы

Abai.kz

0 пікір