Header Banner
Сейсенбі, 17 Наурыз 2026
Жаңалықтар 117 0 пікір 17 Наурыз, 2026 сағат 14:45

Астанада заңсыз активтерден 12 білім беру нысанына қаражат бөлінген

Сурет: NTIME.kz сайтынан алынды

Астана қаласының Құрылыс басқармасы заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы заңды іске асыру аясында 2023–2026 жылдары қалада 12 білім беру нысанын салуға Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 27,4 млрд теңге бөлінгенін мәлім етті.

— Бүгінде аталған 12 нысанның 8-і пайдалануға берілді. Атап айтқанда, № 53, № 44, № 59 және № 5 мектептеріне қосымша ғимараттар, Көксеңгір көшесі бойындағы мектеп, Қарасай батыр мен Бұланты көшелері ауданындағы мектеп, Ұлы дала даңғылы мен Сауран көшесі қиылысындағы, сондай-ақ Тұран даңғылы мен № 24 көшесі ауданындағы мектептер іске қосылды, — деп жауап берді ведомство Kazinform агенттігінің сауалына.

Сонымен қатар қалған 4 нысанның құрылысы 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Олар — № 79, № 86, № 17 және № 27 мектептеріне арналған қосымша ғимараттар.

Бұған дейін Бас прокуратура былтыр соттар мемлекетке 165 млрд теңгеге жуық заңсыз активтерді қайтару туралы шешім шығарғанын хабарлаған еді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру — конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес деп атап өтті.

Еске сала кетейік, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллион 130 миллиард теңгеден астам актив қайтарылды.

Abai.kz

0 пікір