Header Banner
Сәрсенбі, 18 Наурыз 2026
Жаңалықтар 125 0 пікір 18 Наурыз, 2026 сағат 13:03

Мемқызметшілердің жалақысы 2029 жылда өсуі мүмкін 

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Индексациялау – мемлекеттік қызметшілер үшін 2029 жылдан бастап көзделіп отыр.

Мәжіліс депутаты Қарақат Абден Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайға мемлекеттік қызметшілердің жалақысын индекстеу кезінде қандай нақты көрсеткіштер негізге алынатыны туралы сұрақ қойды.

Депутат атап өткендей, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және мықты білікті мамандардың мемлекеттік қызметтен кетуін азайту мәселесі өзекті болып отыр.

– Бүгінгі таңда ең үлкен мәселелердің бірі – жалақы. Өкінішке орай, қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы инфляция деңгейінен артта қалып отыр. Соның салдарынан білікті мамандар жеке секторға кетіп жатыр, – деді Қарақат Абден.

Ол сондай-ақ заң жобасына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақысы кемінде үш жылда бір рет индексациялануы тиіс екенін атап өтті.

– Бұл өте дұрыс қадам, мен оны қолдаймын. Кезең-кезеңімен индексациялау жергілікті жерлерде жаңа білікті және мақсатшыл қызметкерлерді сақтап қалуға көмектеседі және үлкен мотивация береді, – деді депутат.

Сондай-ақ, Қарақат Абден индексация кезінде қандай көрсеткіштер негізге алынатынын сұрады.

– Индексациялау – мемлекеттік қызметшілер үшін 2029 жылдан бастап көзделіп отыр. Заң жобасында көрсетілгендей, қазіргі таңда бұл индексация мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган арқылы жүзеге асады. Мақсат – мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жеке сектормен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету. Осыған байланысты заңға өзгерістер енгізіліп жатыр, - деп жауап берді Дархан Жазықбай.

Abai.kz

0 пікір