Header Banner
Жұма, 20 Наурыз 2026
Әдебиет 104 0 пікір 20 Наурыз, 2026 сағат 12:18

Батпақтағы бас

Сурет: сайт мұрағатынан алынды

 (әңгіме)

         Өзін өзгелерден ерекшемін деуге аузы бармайды. Ондай құрметті ақы-пұлсыз кім бере қойсын. Ай сайын болмаса да, жыл сайын дүниенің қиыр шетіндегі жұмақ өлкелерге қыдырыстап барса бір жөн ғой. Естуінше ел көрген, жер көргендердің таным-түсініктері ә дегеннен аспан тіремесе де, жан әлемдері бұрын-соңды бастан кешпеген әдемі әсерлерге бөленеді-міс; төңірегіне толайым басқаша көзқараспен қарайды-мыс... Ал бұлардың көргендері күн сайынғы шөре-шөре тіршілік: іргеліктен күн сәулесі баяу көтеріледі де, тас төбеге тырмысып шыққан соң, тартылған көл жағасындағы отыз үйден тұратын шағын ауылдан ала алмай жүрген өші бардай, ал кеп қуырады-ай, ал кеп шыжғырады-ай. Күннің ыстығынан зәрезап болған сиырлар өрістен тездетіп оралады да, ескі тамдардың көлеңкесіне таласады. Уақ малдар қора маңынан ұзамайды. Тұрғындардың ауа-жайы белгілі, балақтарының биті барлардың қалаға қоныс аударғандарына қай заман. Кәрі-құртаң кісілер шай-суларын ішіп, оны-мұны шаруаларын тындырған бойда аулаға тамшылатып су себеді де, есік-терезені ескі газеттермен қымтап, далаға шықпастан, күн қайтқанша тұяқ серіппей, жатып алады. Тыныштық.

Осы тыныштықтың ауық-ауық мазасын алатындарға не дауа. Тал түсте бес-алты жеңіл мәшине мен бүйірі әлдебір қатты соққыдан майысқан ескі автобус көл жағалауына кеп, дік етіп тоқтайды. Бір нәрседен құр қалатындай, бет-ауыздарын жұп-жұқа ақ матамен тұмшалап алғандар дереу қолшатырларын тігеді де, жартылай жалаңаштанып, апыр-топыр көлге қарай жүгіреді. Қамысбайдың бұл жаңалықтан бейхабар болуға қақысы қайсы. Бір жағынан мақтаныш сезімі иектегендігін де жасырмайды. Суы тартылған, аптабы төбеңді тесетіндей алапат ыстық, лүп еткен жел көтерілсе қызыл құмы аш иттей қыңсылап, аяғыңа жармасатын осынау айдалада елеусіз қалған өлкені әлдекімдердің әдейі іздеп келетіндері қандай ғажап! О, айтпаңыз!  Түркияға, не Дубайға қыруар қаржы шығарып, бала-шағасымен сапар шегетіндерге жол болсын! Дегенмен өзін де бір уақ солардың санатына қосып, мейлі уақытша болса да, бір марқайып қалатындығын жасырмайды. Ойпыр-ай, қиял шіркінге ерік берсең осы ғой, көлдің қара батпағының бойынан көтерілген ыстық сағым аптаппен әп-сәтте тіл табысып, ауадағы болар-болмас ылғалды жұта салып, жан-жағын жалмағандай әлдекімдерге соншалық сүренсіз көрінсе де, «о, қайран туған жерге!» саятын тебіреніс аяғыңды жерге тигізбейді-ақ!

Қамысбай ауыл шетіндегі екі бөлмелі қақыра тамның терезесінен жағалаудағылардың жүріс-тұрыстарына тапжылмастан көз тігеді. Көз тігетін себебі, ұмыт қалған ауылдағы бұйығы тірлік өзге әлеммен тілдескендей әсер етеді. Мәшиненің гүрілі мен біреулердің дабырлап сөйлескендері әлдекімдерге сөлекет секілді көрінгенімен, бұлардың құлақтарына сондай жағымды естіледі. Бермесе де, алмаса да айналаңда адамдардың жүргені  көңілге кәдімгідей демеу. Жалғызсырамайтын тәріздісің.

Көл жағасындағы құмдауыттың кез-келген тұсына ашық-шашық жұмыртқасын тастай салатын сірә, шағаладан асқан аңқау құс болмас. Әлде тарғыл-тарғыл жұмыртқаға кімнің көзі түсе қойсын дей ме, міне, бөтен адамдардың оғаштау қимыл-әрекеттерін байқайды да, одан артық не істесін, тұмсықтарымен төбелерін тесетіндей төмен ұшып, тап-тап береді. Е, күннің қызуын пайдаланып, батпаққа түсіп алайық дегендерге шағаланың шаңқылы керек еді. Тұщыкөлдің батпағы анау-мынау жел-құзыңа тапсырмас ем. Ол куәлікті кімдер берген десеңші! Бұл – космодромнан атмосфераға жылдам көтерілетін, көтеріліп қана қоймай, аспанды жерден берілетін тапсырмалар бойынша мұқият зерттеп, жерге аман-есен қайтып оралған ғарышкерлердің аузындағы сөз! Ал ендеше, бұған таңғалмасқа амалың кәне?! Орбитаға әрбір ғарыш кемесі ұшқан сайын бұлар түгілі, төрткіл дүние жұртшылығының демдерін іштеріне жұтып, ұлы жаңалықтардан қалыс қалмайық деп, құлақ тігетіндері белгілі ғой. Ұлы жаңалықтар ашылды ма, ашылмады ма, оған тұщыкөлдіктердің бас ауыртатын не жөні бар. Төретамның жұп-жұмсақ топырағын тепкілеп, ұша берсін, қона берсін... Ой, дәурен-ай, баяғыда, баяғыда дейді-ау, күні кешеге дейін мектепте оқып жүрген Қамысбайлар   түні бойы кірпік ілместен Гагариннен бастап, бүгінгілеріне дейін түгін қалдырмай, есімдерін жаттап шығушы еді-ау! Мұғалім тақтаға шығарса да сарт-сұрт. Қазір шатасты, көп, көптің қадірі болмайды. Және оларды бөле-жара тықақтап сұрап жатқандар да некен-саяқ. Ең өзектісі – ғарышкерлердің бірі Тұщыкөлдің қара батпағының денсаулыққа пайдалы жағын сонау зәу биіктен зерттеген. Ал керек болса!.. Ғарышкерлер солай десе, оған тірі жанның дау айтуға құқы қайда?! Дәрігерлік тексеруден өткеннен кейін олар бірден Мәскеуге тартып отырмайды. Аз-кем аялдайды, көлдің батпағына түсіп, денсаулықтарын шыңдайды.

Қамысбайдікі қазақша түсінік қой кәдімгі. Көл жағасына неғып пансионат орнатпайды екен дейді, келушілерге осы заманғы жақсы жағдайлар жасалар еді дейді. Батпақтан шыққандардың қамыс тасасына тығылып, бірінің үстіне бір су құйып, киімдерін ауыстырып, өздерінше тазалынып жатқандары. Оу, көзге көрініп тұрған кемшілікке сөз шығындап қайтеді. Бұл – бір бизнесменнің-ақ атқаратын шаруасы ғой. Түске таман батпақтан шыққандар мәшинелердің көлеңкелерін паналап, термосқа құйып әкелген шайларын ішіп, ой-хой, ағыл-тегіл терлейді-ай. Әлдекімдер бүгінше осының-ақ берекесін берсін деп, буынып-түйініп, кері қайтады. Ал қалғандары терлері басылған соң, қара батпаққа қайта түседі. Қамысбайға адамдардың сирексігені керек. Жандарына жолап кетсең бітті, ананы-мынаны сұрап, зықыңды шығарады. Қамысбайдың сәл қабағын шытып, немересі Тәуекелді батпақтың молдау жеріне апарып, солардан қашып құтылғысы келетіндігін де ескермейді. Мынадай күннің ыстығында өз басына көк тиын пайдасы жоқ, көди-сөдиді қайтеді, Тәуекелінің тарамыс денесіне жұққан батпақты жуып-шайып,  жылы көрпешемен қымтап, жағадан ылдым-жылдым тайып тұрғаны олжа.

Бәсе-бәсе, ғарышкерлер біледі бірнәрсені. Жергілікті әкім-қараларға көл жағасына құжынатып халықты көп жинай бермеңдер деп ескертіпті деседі. Көлге бұрылатын айдау жолға шлагбаум орнатқаны содан. Рұқсаты барлар ғана бері жақындайды. Тобырдың тұяғы тиген жер отыр-топыр. Жағалауды жаппай жауласа, қоқыр-соқырын кім жинайды. Еріккендері от жағып шашылық пісірер, бір-екі күнгі демалысымызды алаңсыз өткізейік деп, еркінсіп, ойларына келгендерін жасар. Шағаланың шашылып жатқан тарғыл жұмыртқаларына аяушылық білдірмек түгілі, көлді қоршаған ну қамысты өртеп жібермесе сол-ақ. Әне, ондай абыр-сабырды ұнатпайтын көлдің киесі көзге көрінбестен «сендерге керегі осы ма, ал ендеше?!..» деп көкке ұшып кетпесіне кім кепіл. Қамысбай көлдің киесі барлығына бар болмысымен сенеді. Күннен-күнге немересінің бетінің бері қарағандығын да соның әсері ғой деп топшылайды.

ХХХ

̶  Шай-суларыңды дайындап қойдым,  ̶  деді Патшагүл Тәуекелді айналып-толғанып, ұйқысынан оятып жатып.

̶  Қатын, ау, қатын, менің ақылымды тыңдасаңдар түбі қор болмайсыңдар!  ̶  Қамысбай ертеңгі шайын ішіп бола бере, аузы-басын сүрткілеп, әлденеге көңілденгендей арасына ақ араласа бастаған сирек мұртын ширатты:  ̶  Сендердің Тәуекелді анда-мұнда сүйреп, ойға-қырға шапқылағыларың келді. Израйльге барып емдетейік дедің-ау, сен бірде.

̶ Енді не дейін, сасқан үйрек артымен жүзеді. Бір жапырақ бала қиналмасын, жәрдемі тие ме дегенім-дағы.

̶  Оған кететін қаражаттың көлеміне шашыңның түгі жетпес.

̶  Жалғыз отырған жоқсың, ағайын-туған қол ұшын берер.

̶  Иә, жарылқап тастайтын ағайын-туманы тапсаң!..

̶  Түңілме.

̶  Түңіл-түңілме, бастысы, менің ойым пайдаға асты.

̶  Тіфә-тіфә!

̶  Тұщыкөлдің киелі батпағынан артық ем-домды көріп тұрғаным жоқ. Ғарышкерлер жандарына бөтен адамдарды жуытпай, осы жағада бекерден-бекер қостанып жатып алады ғой деймісің? Батпақтың құрамында табиғи иод көп.

̶  Қойшы, мұны талай айттың ғой.

̶  Әлі де айтамын, сендердің көздеріңді бақырайтып қойып, нақты нәтижемен дәлелдемесең, анау-мынауға сенесіңдер ме.

̶  Шүкір ғой бәріне!

̶  Байқадың ба, Тәуекел бойын тіктеп, өз аяғымен тұра бастады. Жұлынға тиген зақым біртіндеп орнына келеді.

̶  Асатпай жатып, құлдық демейік. Күн суытқанша осында болармыз. Азық-түлікті балалар жеткізіп берер.

̶  Қалаға ынтығып тұрған кім бар. Түсінсең, маған осы жер ыңғайлы. Азын-аулық тиын-тебеннің де табылатын түрі бар.

̶  Тым сұғына берме.

̶  Тегін дүниенің қадір-қасиеті болмайды. Адал еңбегім, сұраныс түссе неге  одан әрі шұғылданбасқа. Саған айтайын, өнерге деген құмарлығым артып, шабытым  шыңдала түсетін тәрізді. Қара батпақтан әлі де талай дүние жасамақпын. Түні бойы керемет түстер көріп шығамын.

̶  Әйтеуір, қыза-қыза бұл маңға не үшін келгендігіңді ұмытып кетіп жүрме!

̶  Құдай сақтасын!

Төрт жастағы Тәуекелдің ауылға алғаш келгендегідей емес, топырақтан аумайтын сарғыш реңіне ептеп қан жүгіре бастаған.  Төңірегіндегілерге көзқарасы жылы. Тілі толық шықпаса да, бірнәрселерді былдырлап түсіндіруге тырысады. Ананы-мынаны ежіктеп сұрайды. Әке-шешесін іздеп мазаны алар ма екен деген-ді, жоқ, алданыштың біразын осы жерден тапқандай. Қақыра тамның кіре беріс бұрышына ала бауыр қарлығаш ұя салған екен. Төрт-бес балапанын  асыраумен зыр қағады. Немересі түгіл, қарлығаштың керемет қылықтарына кейде Қамысбайдың өзі таңғалады. Тұмсығына әлдебір құрт-құмырсқа тістеген қарлығаш үйге ұшып келсе бітті, балапандар кішкене ауыздарын ашып, шықылықтап, құдды ұядан құлап кететіндей қуанышты күй кешеді. Айран-асыр қалатыны, қарлығаш жем жеген балапандарын шатыстырмайды. Ұяластар бірін-бірі итерісіп, ентелесе де кезегін күтеді: «Рет-ретімен, ашқарақтықтан ұпай түгелденбейді. Шыдаңдар, аш қалмайсыңдар!» Күнұзаққа қанша «рейс» жасайтындығын кім білсін. «Тағы келді, тағы-тағы!» – Балапандарды өзі жемдейтіндей, Тәуекел мейірленіп, екі алақанын шапаттайды. Жанарында нұрлы шуақ. Беломыртқасына ауырлық түспесін деп, Қамысбай немересін құшағына қысып, үйден кіріп-шығып жүргенде Тәуекел балапандарды ұстағысы кеп, ұмтылған үстіне ұмтылып, атасының иығына шығып алады. Дімкәс денеге мұндай қозғалыстың пайдасы зор. Одан  гөрі Қамысбайдың ойы тереңде. Қаланың сұрқы суық тас үйлерінде күн шуағын көре алмай, қиналып  жатқан немересін көз алдына келтіреді. Қойшы құрысын, айта беретін несі бар, ауылға келгелі шашетек пайдаға кенелді.

Қайтсын байғұс, бала – бауыр ет, келіні күн сайын екі-үш мәрте телефон  соғады. Қамысбай да «жақсы, жақсыны» үсті-үстіне қайталаудан жалыққандай, телефонды Патшагүлде бере салады. Тәуекелдің оңалып келе жатқан жағдайын тәтпіштеп сол түсіндіреді. «Тәуекелдің дауысын өз құлағыммен естиінші!..». Қамысбайға бұл өтініш аса ұнаңқырамайды. «Телефон соқпа, баланы алаңдатпа!» деп те айта алмайды.

Қамысбайдың шеберлігінде шек жоқ. Қорадан қоларбаның ескілеу төрт доңғалағын тауып алған. Жөндеді, қиюластырып жанына екі-үш тақтай шегеледі. Онысы кәдімгідей мүлік болды да шықты. Үстіне көрпеше төсеп, Тәуекелді шалқасынан жатқызады да, арбаны сүйрелеп көл жағасына тартып отырады. Күндегісі осы.

̶  Баланың басына күн өтпесін,  ̶  деп ескертеді Патшагүл,  ̶  ыстықта көп жүрмей, үйге қайтыңдар.

̶  Оны сенсіз-ақ білеміз. ̶  Қамысбай Тәуекелді әдеттегідей арбасына шалқасынан жатқызды.  Арбаның доңғалақтарын кеше майлап қойған, бүгін зыр-зыр. Сарайға кіріп, қалайы шелекті бір қолына іле шықты. Ойына шұғыл әлдене түскендей, әудем жер жүрген соң, кілт кере бұрылды.

̶  Не боп қалды?  ̶  Патшагүл аң-таң.

̶  Әлгі... әлгі Сержан сболш хабарласпады ма?

̶  Ойпыр-ай, қоймадың-ау, хабарласпаса атаммнан әрмен! Баламыздың жаны қалды, сен де бір...

Патшагүлге бір түрлі сенімсіздік білдіргендей, біразға дейін кірпік қақпай қадала қарап тұрды да, ақыры қолын бір сілтеді.

ХХХ

Қамысбайға жағалаудағылардың біразы таныс. Көпшілігі қаладан келгендер. Қала типіндегі поселкеде ұзақ жыл бірге тұрғандықтан, олардың да Қамысбаймен құрақ ұшып, амандасулары заңды. Оның үстіне, Қамысбай қазір батпақты көлдің қожайыны іспетті. Көлдің қай тұсы терең, қай тұсы тайыз – бес саусағындай жатқа біледі. Бала-шағасымен келгендерге сақтық шараларын қатаң ескертеді. Бала неме байқамай ұйыққа түсіп кетсе, жалма-жан құтқарып алатын естияр біреу табылса жақсы. Қате аяқ астынан.  Батпақ беті түк білмегендей безеріп, ертелі-кеш тып-тыныш жатқанымен, астында нендей қауіп барын кім білсін. Құрдымына кезіксең, шаруаң біткені. Ондай қатер бар ма, жоқ па, тірі жан және тап басып айта алмайды. Әлдекімдер батпақты көлдің түбін тексергендей, естігендерінің үстіне өз жандарынан да талай  «кереметті» тықпалап, ауыздыға сөз бермей, бөседі кеп. Қалай дегенде де, Тұщыкөлдің жаманатқа ілінбегені аброй. Балалардан көз айырмау – міндет.

Қамысбай немересін әлгілерден бөлек, оқшаулау жерге апарып түсіреді. Қою батпақтың қызуы біраздан соң білінеді, сұйығының өзі денеге жабысқыш. Баланың басын қиылтитады да, бірқауым аяқ-қолын түгелдей тереңге батырады. Тәуекел атасы барда ешнәрседен қорықпайды, тіпті қорқыныш сезімінен жүрдай. Әріректен балалардың шат-шадыман күлкілері естіледі. Сірә, әке-шешелері қызықты әңгімелер айтатын болар. Тәуекелдің екі көзі сол жақты. Қақыра тамдағы ата-әжеммен өткізген күндерім тым көңілді деп айта алмас. Балалармен бірге жүрсе, бірге ойнаса, тынысы одан әрі ашылар. Бәлкім, көл жағасындағы тақырлықта емін-еркін көсіліп, ары-бері жүгіруді де армандар.

Мұнан кейінгі тірлік белгілі. Батпақтан шыққан бойды атасы күннің күйіп түрғандығына қарамай, денесін көрпешемен қымтап, арбаның үстіне шалқасынан жатқызады да, біреу ұстап алатындай үйге қарай ентіге жүгіреді. Денедегі жылуды суытпай тұрып, әжесі исі танау қытықтайтын әлдебір сықпа майлармен сылап-сипайды. Түс мезгілінде кемі бір сағат ұйықтау парыз. Тәуекелдің ұйқы мәселесіне шағымы жоқ, балапандардың шықылықтағандарын естіп жатады да, қалай қалғып кеткендігін аңғармайды.

Оу, Қамысбай көл жағасында Тәуекелдің әлденені ымдап, мәшинелер тұрған жаққа әлсін-әлі қарағыштап, саусақ шошайтқанын білмесе, көрмесе екен-ау! Көргенде қандай, білгенде қандай! Бұйырса ондай күнге де жетер. Әзір өстіп жүргендері тиімді. Оларға жолап кетсең, арзан әңгіменің тиегі бірден ақтарылады. Сұрақ дегеніңіз жан-жақтан төпелейді. Еріккен жұртқа ермек керек. Соның бәріне толымды жауап беріп, Қамысбай не үшін қиналмақ? Қамысбайдың айтқаны олардың ойларынан шыға ма? Әрі-берідесін, Қамысбай шын жандары ашымайтындарға неге соншалық барымен жауап беріп, неге текке шаршайды, а?! Біреулер болған жайдың түп төркінін біліп тұра, білмегенсіп әдейі сұрайды. Анау алты мұхиттың ар жағындағы Америкада не боп, жаңа президент таққа отырғалы не боп жатқандары Тұщыкөлдің батпағына түскендерге несі қызық? Ал Қамысбайдың есік алдында ойнап жүрген немересін мотоцикл қағып кеткені, байғұс баланың қандай күйге түскені, ата-аналарының бірін-бірі кінәлап, тіпті бірін-бірі көрместей боп, заң орындарына жүгінгені, не жүгінбегені, заң орындарының қандай шешім шығарғаны, не шығармағаны – міне, тамашаның көкесі! Оның бер жағында мотоцикл қаққан баланың әкесі --  Сержан белгісіз жақтан көшіп келген болса жөн ғой, осы өңірдің тумасы. Әрі Қамысбайларға да бөтендігі жоқ, замандас.  Сержанның еркетотай кенже баласы осы күнгілердің тілімен айтқанда, дүниенің бары мен жоғын елемей және көз етінің өскендігін байқамай, маңдайы тасқа тигенше кейін шегінуді білмейтін нағыз ноқайдың өзі! Мектеп оқушысы деуге аузың бармайды, бойы сырықтай. Қуыс-қалтарыста бұқпантайлап шылым шегеді. Сыра ішкендігін де көргендер бар. Мектептегі сабақ үлгеріміне сөз шығындаудың қажеті шамалы. Әкесінің беделі біраз биікті бағындырған, осы өлкедегі белгілі бизнесмен, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, айтқаны жүріп тұрған Сержан, Сержанбай,  Сержан Ақпанбетович мектепке қаражат жағынан көмектесіп тұратын Атымтай жомарт. Қап, өз ырғағымен дөңгеленіп келе жатқан тірліктің жеме-жемге келгенде тұйыққа тіргені. Баланың білімін бағалайтындар құқық қорғаушыларға қайтіп жауап береді. Күмілжігендер көп-ті, іштей уәйім жегендер одан бетер. Титтей білместікке бола, Сержан Ақпанбетович тоқсан градуске бұрылып кетсе, спорт залдағы құрал-жабдықтың құнын кім төлейді.

Үш доңғалақты «Урал» мотоциклі үй маңында алаңсыз ойнап жүрген Тәуекелді қоржын жағымен кеп оңдырмай соққан. Дереу «жедел жәрдем». Балаға аурухананың ем-домы, ең бастысы, төсекке танылып, бірнеше аптаға дейін қиылдамай жатуы қажет. Миға зақым келген, рентген сәулесі жұлынның ақауын анықтайды. Қамысбайдың отбасы уәйімнің уын ішкелі қаш-шан. Десе де, баланың жаны қалғаны олжа. Қамысбайдың ұлы өз бетінше әрекеттенуден бұрын әкесіне жалтақтайды. Әйтпесе, заң орындарына шағымдануды, әділеттікті талап етуді кім білмейді. Тауықтың балапаны емес, бір есерсоқтың жағымсыз әрекетінен құлдыраңдап жүгіріп жүрген бала азап шегіп жатыр, әне! Және бұл оқиғадан қала типіндегі поселке түгел құлағдар.

Қамысбайдың да екі иығы түсіп, әбден жүдеп бітті. Қалың тұманнан сытылып шыға алмайды. Отбасының да берекесі бұлаң-бұлаң. Ұлы мен келіні ертелетіп жұмыстарына кетеді. Әке тарапынан шешімді пікір әне айтылады, міне, айтылады дегенмен,  уақыт өткен сайын жағдай көмескелене түседі-ай. Қамысбай Сержан мың жерден бай-манап болса да, дүниені тіреп тұрса да, көзкөрген, баласының кемшілігін мойындап, кешірім сұрар, алдарынан өтер деген сенімде. Қамысбайды қомсынса, ағайын-тумаларының арасынан бір елші жіберер. Әрі күтеді, бері күтеді, ие бермей күндер зулайды. Патшагүл әйелдерден естігендерін Қамысбайдың құлағына құюдай-ақ құяды. Кейде: «бұл үйде бас көтерер еркек болмаса, белсеніп өзім шығамын» деп те айбат шегеді. Сержан бері қарай аттап баспағанынан бұрын, тиесілі заң орындарын «бомбалап» тастаған тәрізді. Сырттай тіл тартып көрсе: «оған Қамысбайдың немересі өзі кінәлі, ескертуді елемей, мотоциклге өзі барып соғылған...»

Қамысбай Сержаннан «баланың ем-домына қаржы тауып бер» деп алақан жаятын адам емес. Ондай арзан есеппен ұпай түгендейтіндер болса, Қамысбайдан аулақ. Құдай қағып баланың жаны қалды ғой,  денсаулығы да біртіндеп түзелер, ал Сержан сұмырай оқтау жұтқандай сіресіп, түк білмегендей,  сазарып жүре бермес  – келер, Қамысбайдың алдына жығылып, кешірім сұрар деген үмітін қолдан қылғындырып өлтіргісі келмейді.  Патшагүл еститін қатын өсектер өрттен жаман. «Қамысбайдың сотқа арыз беруге сауаты жетпейді деп кім айтар. Кезінде көркем-сурет училищесін тауысқан, ауданға белгілі өнер адамы. Десе де, Сержан бір амалын тапқан ғой, алтын көрсе – періште жолдан таяды. Осы күні ақша алмайтын қамал бар ма?..». Осындайлар қараптан-қарап жүйке кеміреді. Одан да сорақысы мынадай: «Сержанның қолынан бәрі келіп тұр. Көз алдымда көлбеңдеп жүрмесін деп, Қамысбайды қаладан ауылға көшіріп жіберіпті...». Ой-хой, тағы не қалды, айтыңдар, түгін қалдырмай айтыңдар?!

Немересін құшақтаған Қамысбай салқын үйге түс ауа бір-ақ оралады.

ХХХ

Көлге барған сайын Қамысбай бір шелек қара батпақты өзімен бірге ала келеді. Күн көзіне жайғыштасаң батпақ тез кебеді. Кепкен батпақтан әртүрлі «мүсіндер» жасау – Қамысбайдың ерекше ермегіне айналған. Алғашында Тәуекел алдансын деп, әлде қолым үйренсінші деді ме, «қасқыр, қоян, мысықтарды» көзді ашып-жұмғанша-ақ домбаздап «жасай» салған-ды. Ертеректе айналысқан кәсібі, кейін салақсып, мына түбің түскір күрделі заманда жанбағыс  сумаң етіп, бірінші планға шыға келгеннен кейін ұмытты ғой бәрін. Жо-жоқ, өнерге деген құштарлықтан қалған екен «бірдеме». Енді бұл іске жүрдім-бардым кірісуді қиянат деп қабылдады. Шеберлігі жеткенше барын салмақшы. Немересімен бірге түскен батпақтың әсері ме, әйтеуір кеудесіне бұрын-соңды кездеспеген тосын күш пайда болған тәрізді. Түс әлетінде аз-кем көз шырымын алады да, беті-қолын құдықтың мұздай суымен жуып, тоқал тамның арғы бөлмесіне кіреді де кетеді. Ойынан шықпаған «мүсінді» мыжғылап-мыжғылап сол қол жағына тастай салады. Кепкен батпақтың сұрауы жоқ. Қайта жасаудан шаршамайды. Жасағандарын жыңғыл томарының шоғына қақтап, кей тұстарын түрлі бояумен әшекейлейді. Тәуекелі жалықпас үшін қиын «толғаныстарды» да қиналмай қолға алады. «Мүсіндерді» тақтай үстөлдің үстіне тізіп қойып, о жағынан – бір, бұ жағынан – екі шығып, құмардан шыққанд әбден көз майына суарады. Соңғылары – «өркештері қарағайдай, бірін-бірі жетелеген өңшең аруаналар»...

Ойына оқыс шешімнің жылдам оралғаны. Бұрын ондайлар үшін уақыт өлтірмейтін, шама-шарқынша тездетіп бітіретін. Ал бұған келгенде «тормызы» тістесіп, біразға дейін адымын аштырмады. «Мұным қалай болар» дейтін уәйімі де алқымға тіреледі. Тақтай үстөлдегі тізілген «мүсіндер»: «қараңғы үйге қашанғы қамайсың, біз де күннің көзін көрейік» дейді тұншыға күбірлеп. Олардыкі жөн. Тәуекелдің көңілін бірлегені анық, енді мына самсаған «ойыншықтарды» көл жағасына келген кішкентайларға сыйласа, жұрт Қамысбайға алғыстан басқа не айтады?! Алғыстарын да дәметпейді. Десе де, мыналар бүгінгілердің назарына іліге ме? Әке-шешелері Қамысбайдың бұл тірлігін қалай бағалайды? Мұныкі  шөре-шөре, күлдібадам бір нәрсе болса, одан әрі шаршап-шалдығудың қажеті не? Кибенематри!  Бірақ әлдекімдердің пікірлерін естігісі келеді. Шынайылық пен құр мақтаудың ара жігін ажыратарлықтай жасқа келді ғой.

Келесі күні арбаның бір шетіне «шедеврлерін» жинастырып, көлге келушілердің қарасына қарай жүрексіне жақындады. Неге жүрексінетіндігін өзі де түсінбеді.  Немересі басын көтеріп, қайда келе жатқандығын сезгендей, атасына қарап бас бармағын көрсетеді. «Е, бәрі сенің қамың». Топқа жақындады да кәнігі саудагерлерше, «мүсіндерге» жабылған кіршеңдеу орамалды сыпырып тастады. Балалар гүл қауызынан нәр жинаған аралардай опыр-топыр арбаның жанына үймеледі.

̶  Алыңдар, сендер үшін жасалған ойыншықтар. Бәрі тегін, тегін... – Әр баланың қолында бір-бір «ойыншық». Қамысбай «ойыншық» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткендігін аңғармады. Тілін тістеді. Өзін-өзі қорлағандай естілді. Бұл «ойыншықтар» кез келген жерде шашылып жатса, мына немелер ішектерін тартып, осынша таңғала ма? Бала өтірік айтпайды. Мұндай «ойыншықтардың» бірде-бірін дүкен сөрелерінен кезіктірмеген.

̶  Ассалаумаәлейкүм, Қамысбай аға!

̶  Әликүмсалам!

Жартылай жалаңаштар балаларының неге мәз-мәйрам болғандарына таңырқасып, бір-бірлеп Қамысбайдың жанына жақындайды. Қамысбайдың да көптен бері бүйтіп адамдармен емен-жарқын араласпағаны рас. Кісікиіктенбей сұрағандарына жауап беруге пейіл. Көпшілігін жыға танымаса да, екі-үшеуінің аты-жөндері еске түспесе де, көз таныс кісілер екенін шамалайды. Соларға жылы қабақ танытпақшы. Әңгімені алдымен солар бастаса деп құлағын тігеді. Қала тірлігі оларды қызықтырмайтын секілді ме, қалай.

Қара-құра барған сайын көбейе түсті. Әйелдер жағы үлкен кісінің алдында бүйтіп жүргеніміз ұятты деп, иықтарына жеңіл-желпі жемпірлерін іле салған. Сыйлағандарына рақмет. Біразы естерінен танғандай, арбадағы «мүсіндерден» көз айырмайды. Қамысбайдың жүзіне жалтақ-жалтақ қарап, қолдарымен ұстап көреді. Шоққа әбден кептірілген «иттер» анау-мынауға  сына қойсын ба?!.

̶  Осының бәрін өзіңіз жасадыңыз ба?

̶  Өзім, өзім әрине... ̶  Аздап қысылады Қамысбай.

̶  Керемет, керемет!  ̶  Бір ауыз сөз ғой кісіні байытатын, төбесін көкке жеткізетін. Қамысбайдың көзінен от ұшқындайды.

̶  Сізді білмей жүр екенбіз баяғыдан?!  ̶  Егделеу отағасы не үшін екені белгісіз, Қамысбайдың қолын қаттырақ қысты:  ̶  Баланың бір қуанышына не жетеді?! Тыңдаңызшы,  тағы да заказ берсек орындайсыз ба?

̶  Мәселе қандай заказ?

̶  Тұщыкөл бір кезде айдын-шалқар теңіз болған деседі, кемелер жүзген, қайықтар жүзген, тонналап балық ауланған деседі...

̶  Оның шет-жағасын көргенбіз,  ̶  деді Қамысбай.

̶  Көрсеңіз тіпті жақсы. Балшықтан қайық соғып берсеңіз, Тұщыкөлдің тарихын түсіндірер ек те кейінгілерге.

̶  Уәде бере алмаймын, бірақ көрейін...

Көзіне көзәйнек киген жас келіншек бір қырындап келіп, Қамысбайдың қолына бірнәрсе қыстырды:  ̶  Бұл не?

̶  Еңбегіңіздің өтеуі. Мұндай өнерлі кісінің еңбегі ақталуға тиіс.

̶  Көкем-ау, мұныңыз не, бұлардың бәрі тегін. Тәуекелден қалған дүниелер ғой.  ̶  Қамысбай қолындағы он мың теңгелікті иесіне қайтып берерін, не қалтасына саларын білмей, әбден мазасызданды.

̶  Заказ орындалса мұнан да көбірек төлейміз.

̶  А...а, мұндай абыройсыздыққа қалармын дегенім жоқ еді... Мынау, мынау, шынымен қызық болды-ау!  ̶  Қамысбайдың шып-шып маңдайы терледі. Тәуекелі бір топ баланың ортасында. Ыржың-ыржың.

̶  Біз бәрінен хабардармыз, немереңіздің тәуір болғанына тілекшіміз.  ̶  Егде кісі Қамысбайдың құлағына әлденелерді сыбырлады:  ̶  Сержан Ақпанбетовичке әлі өкпелеп жүрмісіз? Қайтесіз, ақымаққа үндемеген  –  жауап. Қазір беті қалыңдардың асығы алшысынан түсіп тұр. Беті қалың болмаса.., сөйте ме?! Олар сіз түгілі Құдай алдында да кінәсін мойындамайды, бірақ бір тұстан есебін келтіреді. Ұстайды, ұсталады... Әне, ұялмай-қызармай алпыс жылдығын дүрілдетіп тойлағылы жатыр. Оған сіз бен бізді шақырмайды. Ренжіме. Мен де біраз қызметтің құлағын ұстағам. Ілгеріде ол бұлай емес еді, бүгін бүтіндей өзгерген. Бір жағынан шақырмағаны жақсы.  Ешнәрседен қысылып-қымтырылмайсың...

«Е, сөйдеңіз, алпыс жылдығын тойлағалы жатыр деңіз... Ендеше менің де есте  қаларлықтай оған бір сыйлық дайындауым керек-ау...»   ̶  Қамысбайдың жүзіндегі кекесінді күлкі табы біразға дейін тапжылмастан, сіресіп тұрып алды.

ХХХ

Дарияның теңізге құяр сағасына қоныстанған балықшылар ауылына шұғыл тапсырмамен  кеткен Сержан Ақпанбетовичтің шопыры жұмыс аяғына таман қасқыр қуған танадай танауы делдиіп, кабинетке алау-далау жетіп келді.

̶  Не болды-ей, аманшылық па?!

̶  Сержан Ақпанбетович, масқара болдық, масқара!

̶  Сен былай, түкірігіңе шашалмай, дұрыстап түсіндірші.  ̶  Сержан кресло арқалығына шалқая керілді.

̶  Тұщыкөлдің жанынан зулап өтіп бара жатқам.

̶  Ия, сосын?..

̶  Сізден жасырып қайтем, олай қарай күнде жол түсе бере ме. Ыңғайы келді ғой деп, денемді батпаққа бір батырып алайын деп оқталғам. Ара-тұра шаншу жабысады дегендей. Сүйтсем, масқара, масқара! Анадай жерде, батпақтың дәл ортасында, домаланып сіздің басыңыз жатыр!

̶  Ей, не соғып тұрсың сандалап, басым орнында?!

̶  Дұрыс қой, тура сіздің басыңыз, жақындап барып та қарадым. Кім болса да, асқан шеберлікпен сомдаған. Аумайды-ау, аумайды! Тек мұрныңыз бен аузыңызды сәл қисайтып... Басты қатырып батпақтан құйған. Айтары жоқ, алпыс жылдық мерейтойыңыз тойланғалы жатқанда...

̶  Жә-жә, түсінікті барлығы... Маған жаның ашыса, батпақтағы басты өзіңмен бірге ала келмедің бе?!

̶  Қалай, қайтіп? О да ойымда болған. Жағадан есептегенде алпыс қадамдай жерде... Білесіз ғой, бала-шаға бар. Байқамай батпаққа батып кетсем...

̶  Жанының тәтісін!  ̶  Сержан алдындағы графиннің суын біраз қылғытты. Шынымен басым орнында ма дегендей, басын қысып, бірқауым үн-түнсіз отырды. Қайдағы-жайдағы еске түсті. Қамысбайдың батпақтан әртүрлі ойыншықтар жасап, оларды келушілердің қас пен көздің арасында таласып сатып алатындарын да естіген. Бастың авторы – Қамысбай, басқа кім болушы еді?!

̶  Сен былай істе. Өзімізге қарасты бір-екі жігітті жаныңа еріт те, батпақтағы басты осында алып кел. Музейге қояйық, одан асқан экспонат болмас?!..

̶  Құп!  ̶  Шопыр командирге «шест» берген солдаттай қолын шекесіне қойып, кілт кері бұрыла берген.

̶  Тоқ-та! ̶  Сержанның дауысы шыңыраудан шыққандай, бір түрлі аянышты естілді:  ̶  Жә, бекерге әуре болмаңдар. Сен бірақ аузыңа ие бол, көрінгеннен жалпақтап сүйінші сұрама.

Ойпыр-ай, осындайда күнді біреу қазықтап, байлап қойғандай, батып болсайшы. Сержан арнаулы дүкеннен батпаққа батпайтын брезент бешпет пен резина етік алдырды. Гаражға кіріп, су жаңа мәшинесін есік алдына шығарды. Әйеліне де сыр ашпады. Тұщыкөлге түннің бір уағында жетіп барармын деп шамалады.

Тұщыкөлдің маңайы жылан жалағандай. Ай сәулесі сүттей жарық. Шегіртке шырылдайды. Ауыл үйлерінің кіршеңдеу терезелерінен болар-болмас оттар жылтырайды. Мәшинесін жағаның тасалау тұсына доғарды. Суға сүңгитін кісідей желеттің жылтырақ түймелерін асықпай түймеледі. Тұла бойын аздап қорқыныш билейтін секілді ме, қалай?! Жазатайым ұйыққа түсіп кетсе, мына батпақты жағадан Сержан Ақпанбетовичті кім іздейді? Іздейтіндер табыла ма, жоқтайтындардың қарасы сирек-ау сирек! Күллі өмірбаяны көз алдынан дөңгеленіп өтті. Қуанышты сәттерден өкініштері көп пе жарағыр?! Төңірегіне неге қарағыштағандығын түсінбеді. Тысқа дәрет сындыруға шыққан Қамысбай мұның қалт еткен әрбір қимылын сыртынан қадағалап тұрғандай елестеді.

Бір-екі қадам ілгері басты да, кілт тоқтады. Басты көріп-ақ тұр. Тайыз тұспен жетіп барғаны жөн еді. Бірақ жол сілтейтін тірі жан қай-да?! Жағадан негізгі нысанаға  жеткенше қанша қадам екендігін санайды. Шопыры шамасы алпыс қадамдай болар-ау деген. Алпыс қадам. Қамысбайдың Сержанның алпыс жылдығына сыйлаған тарту-таралғысы. Жағаға қайта шығып, етігіне жұққан батпақты қолының сыртымен сылып тастады. Оу, ертең осы жерден мына басты көргендер әулие болса өздеріне, Сержанды мысқылдап, мазақтамай ма?! Айтпайды, бетіне тура қарамайды, бірақ Сержанды ұнатпайтындар шашетек. Мұның кімнің алдына бөгесін боп, кімнің жолын кескестегендігін қайдам? Бір, екі, үш... Басты батпақтан шығарып алу керек таң атпай тұрып. Жиырма, отыз, қырық қадам... Табанынан әлдене тартқылағандай болды ма, суық тер моншақтап көзіне құйылды. Жан екпінмен қою батпақты құлаштап, тағы да ілгері жылжыды. Аялдаса бір албасты жетіп келіп, екі иықты төмен басып, ұйыққа батырып жіберетіндей. Өлгісі келмейді, алдына қойған арман-мақсаттары ұшан-теңіз. Соның бәріне біртіндеп үлгерсем дейді. Қайдағы бір әумесердің батпақтан соққан басына бола  ажал құшса – жетіскені. Бұл қайдан тап болған құдірет  ̶  әумесер дегені үшін  Қамысбайдан кешірім сұрауға әзір. Толысқан дене артық қимылды қайдан көтерсін. Шөлдеді. Дегенмен тілінің таңдайға жабысып қалғандығына қарамай, әлгі лепесті қиналып айтты. Онысын жағалаудағы қамыс біткен түгел естіді, ертең қауылдырықтары жерден жеті қоян тапқандай, армансыз шуласады.

Бәрін айт та бірін айт, Аллатағала көлдің киесінен сақтағай! Көлдің киесі Сержан түгілі талай атпал азаматтарды да жұтып тынған. Шыбын жан алқымға тірелгенде, Құдайға жақындаудың көкесі өз-өзінен көмейге қонақтай кетеді білем. Сержан тап бүгін, осы қазір мүлде бөтен, иманы бар, көзінен шуақ төгілген, адамдарға жақсылық жасаудан тартынбайтын мейірман пендеге айналып кеткендей сезінді. Оған бар бітім-болмысымен күмән келтірмеуге тырысты.

Уһ! Бастың төменгі жағындағы ағаш тұғырға да қолы  ілікті-ау. Ұртын толтырып ауа жұтты, алқынған демін басты. Батпақтағы айнымаған өзінің басы! Қандай шеберлікпен жасалған?! Баспен бетпе-бет келіп, әлденелерді айтқысы келді. Шөлден қаталап тілі күрмеле берген соң, дереу оңай тәсілге көшті. Жағаны жаңғыртқандай жақ тістерін бір-біріне ұрғылап, сақ-сақ күлді. Жылағысы да келген шығар. Онысын кім көріпті...

Қуаныш Жиенбай

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір