Жексенбі, 17 Мамыр 2026
151 0 пікір 17 Мамыр, 2026 сағат 16:55

Тоқаев кезеңіндегі Қазақстан: тұрақтылық пен жаңғыру арасындағы тепе-теңдік

Сурет: eflakorea.org сайтынан алынды.

Қазақстан үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік кезеңі тек саяси басқару уақыты ғана емес, жаһандық тұрақсыздық жағдайында мемлекеттің өзгеруге қабілеттілігін айқындаған маңызды кезеңге айналды. Пандемия, инфляциялық қысым, логистикалық бағыттардың қайта құрылуы, геосаяси турбуленттілік пен ірі державалар арасындағы бәсекенің күшеюі ел алдына тұрақтылықты сақтап қана қоймай, дамудың жаңа сапалы моделін қалыптастыру міндетін қойды. Осы жағдайда Қазақстан реформаларды тоқтатпай, керісінше оларды мемлекеттік стратегияның негізгі бөлігіне айналдырды.

Соңғы жылдары ел экономикасында байқалған өсім көрсеткіштері бұл саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Өнеркәсіп өндірісінің артуы, өңдеу секторын дамыту, цифрландыру, көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту және шикізаттық емес салаларды күшейтуҚазақстанның институционалдық тұрғыдан жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартады. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде Қазақстанның даму моделі тек экономикалық көрсеткіштермен емес, мемлекеттік басқарудың сапасымен, құқықтық тұрақтылықпен және халықаралық сенімділікпен бағалана бастады.

Осы тақырып төңірегінде біз EFLA – Eurasian Future Leaders Association ұйымының жетекшісі, саяси ғылымдар докторы, Хангукшетел тілдері университетінің (HUFS) Орталық Азия кафедрасының оқытушысы Ким Со Ёнмен сұхбаттастық. Сарапшы әңгіме барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылық стилі, Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, халықаралық құқық мәселесі және елдің инвестициялық тартымдылығы жөніндегі көзқарасымен бөлісті.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстан президентінің саяси бағытының басты ерекшелігі неде?

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылық ұстанымы институционалдық реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға бағытталған. Бұл — тұрақтылықты сақтай отырып, жүйелі өзгерістер енгізуге негізделген саясат. Ол мемлекеттік жүйедегі сабақтастықты жоғалтпай, күрт өзгерістерден аулақ бола отырып, әкімшілік-саяси құрылымды мазмұнды түрде жаңғыртуды көздейді.

Бұл бағыт ішкі және сыртқы саясатта да айқын көрініс табады. Ел ішінде заң үстемдігін нығайтуға, есеп берушілік пен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге басымдық берілсе, сыртқы саясатта Қазақстанның тәуелсіз стратегиялық кеңістігін прагматикалық әрі теңгерімді көпвекторлы дипломатия арқылы сақтау мақсаты көзделеді.

Ішкі және сыртқы тұрақтылықты ұштастыра білген мұндай көшбасшылық стилі Қазақстанды күрделі жаһандық жағдайда сенімді әрі тартымды серіктес ретінде танытып отыр.

- Көпшілік мемлекет басшысының жеке ұстамдылығын, интеллектуалдық мәдениетін және популизмге жат көзқарасын жоғары бағалайды. Сіздің ойыңызша, мұндай басқару стилі қазіргі қоғамда қаншалықты маңызды артықшылық болып саналады?

- Қазіргі әлемдік саясаттағы үрдістер аясында ұстамды әрі байыпты көшбасшылықтың құндылығы бұрынғыдан да арта түсті. Бүгінгі ақпараттық кеңістікте арандатушылық популизм мен саяси қақтығыстар тез таралатын жағдайда, көшбасшының сабыр сақтап, мемлекетті ұтымды басқару қабілеті ұлттық тұрақтылықтың басты негізіне айналып отыр.

Қазақстан секілді ел үшін мұндай ұстанымның маңызы ерекше. Өйткені ішкі деңгейде көпэтносты әрі көпконфессиялы қоғамның бірлігін сақтау қажет болса, сыртқы саясатта күрделі геосаяси тәуекелдерді теңгерімді түрде басқару міндеті тұр. Сондықтан көшбасшының байыпты әрі сарабдал тәсілі өмірлік маңызға ие.

Осы тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевқа тән ұстамды көшбасшылық үлкен рөл атқарады. Бұл ішкі қауіп факторларын алдын ала басқаруға мүмкіндік беріп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық аренадағы болжамды әрі сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады.

Түптеп келгенде, қазіргі заманғы көшбасшылықтың мәні қысқа мерзімді эмоциялық мобилизацияға сүйенетін саясатта емес, тұрақты институционалдық негіз бен орнықты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыра білу қабілетінде жатыр.

- Қасым-Жомарт Тоқаев посткеңестік кеңістіктегі ең интеллектуалды көшбасшылардың бірі ретінде жиі аталады. Сіздің ойыңызша, оның жеке дипломатиялық тәжірибесі, БҰҰ-дағы қызметі және диалог жүргізу дағдылары жаһандық белгісіздік жағдайында Қазақстанның мемлекеттік басқару моделіне қалай әсер етті?

- Менің ойымша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық мансабы Қазақстанның сыртқы саясатының теңгерімділігі мен болжамдылығын арттыратын басты факторлардың бірі болып табылады. Кәсіби дипломат ретіндегі тәжірибесі және халықаралық құрылымдарды басқаруы, соның ішінде БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметі көпжақты дипломатия тетіктері мен халықаралық қатынастар динамикасын терең түсінуге берік негіз қалады.

Бүгінде Қазақстан тек Ресей мен Қытайды ғана емес, сондай-ақ Еуропа, Батыс және Таяу Шығыс елдерін қамтитын күрделі көпвекторлы дипломатиялық ортада әрекет етуде. Осындай күрделі геосаяси жағдайда Тоқаевтың терең дипломатиялық көзқарасы барлық серіктестермен прагматикалық ынтымақтастық орнатуға және қандай да бір бір мемлекетке шамадан тыс тәуелділіктен сақтануға мүмкіндік береді.

Жаһандық белгісіздік күшейген сайын, мемлекет көшбасшысынан тек саяси риторика емес, дағдарыс жағдайында ұлттық мүдделердің тепе-теңдігін сақтай білу қабілеті талап етіледі. Осы тұрғыдан алғанда, оның классикалық дипломатиялық тәжірибесі Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы тұрақты әрі сенімді серіктес ретіндегі позициясын нығайтуда аса маңызды рөл атқарып отыр.

- Саяси өзгерістерден бөлек, президент Тоқаев әлеуметтік әділеттілік пен адами капиталды дамытуға бағытталған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын ілгерілетіп келеді. Сіздің ойыңызша, бұл шаралар елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін жаһандық тұрғыдан қандай рөл атқарады?

- «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы — елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті аса өзекті әрі маңызды стратегиялық көзқарас. Қазіргі таңда мемлекеттің тұрақтылығы тек экономикалық өсіммен немесе табиғи ресурстар көлемімен ғана айқындалмайды. Ең бастысы — азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі, тең мүмкіндіктердің қамтамасыз етілуі және болашақ ұрпақтың білім беру жүйесі арқылы дамуына жағдай жасалуы. Осы тұрғыдан алғанда, «Әділетті Қазақстан» — жай ғана саяси ұран емес, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді қалпына келтіруге бағытталған нақты практикалық бағдар. Әлеуметтік әділеттілікке, заң үстемдігіне және адами капиталға салынатын инвестициялар қоғамдық интеграцияны нығайтып, экономиканың негізін кеңейтеді.

Қазақстан үшін әсіресе ресурстық тәуелді құрылымнан білім экономикасына көшу міндеті маңызды. Бұл кәсіби кадрларды жүйелі даярлау арқылы жүзеге асады. Қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің барлығы өнеркәсіпті әртараптандыру, цифрлық трансформация және жастар мүмкіндіктерін кеңейту секілді ортақ сын-қатерлерге тап болып отыр. Білім беру жүйесі мен өнеркәсіптік саясаттың өзара тығыз ықпалдастығы арқылы жас мамандарды даярлау Қазақстанның болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын шешуші факторға айналады. Экономикалық реформалар медицина, инженерия, IT, энергетика және логистика салаларындағы білікті кадрлармен қамтамасыз етілген жағдайда ғана нақты нәтиже береді.

Сондықтан «Әділетті Қазақстан» — қысқа мерзімді реформа емес, қоғамдық сенім мен адами капиталды нығайту арқылы елдің тұрақты даму моделін қалыптастыруға арналған стратегиялық жол картасы.

- Қазақстан халықаралық құқық нормаларын бұлжытпай сақтаудың маңызын үнемі атап көрсетіп келеді. Сіздің ойыңызша, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда осы тепе-теңдікті сақтау және өз ұстанымын қорғау қаншалықты қиын?

- Геосаяси қайшылықтардың тоғысқан тұсында тұрып, халықаралық құқық қағидаттары мен мемлекеттердің егемендігін құрметтеу ұстанымын дәйекті түрде қорғау — өте батыл әрі күрделі таңдау. Қазақстанның стратегиялық жағдайында Ресей және Қытай секілді көрші державалармен қарым-қатынасты тең ұстап, сонымен қатар Батыс және Таяу Шығыс елдерімен көпжақты ынтымақтастықты дамыту қажет. Мұндай жағдайда біржақты дипломатия тиімді бола алмайды.

Қазақстанның аумақтық тұтастық пен халықаралық құқықтық тәртіпке ерекше мән беруінің негізінде өміршең ұлттық мүдделер жатыр. Ірі күш орталықтарының арасында орналасқан орта мемлекет үшін халықаралық құқық нормалары — дербестікті сақтаудың және қауіпсіздікке кепіл болудың басты тетігі.

Түптеп келгенде, қазақстандық дипломатияның мәні — прагматикалық реализм мен қағидаттарға адал ұстанымды шебер үйлестіруде. Ұлы державалармен ынтымақтастықтан нақты пайда көре отырып, өз принциптері мен беделін жоғалтпауға мүмкіндік беретін осы теңгерімді саясат Қазақстанның күрделі халықаралық ортадағы стратегиялық маңызын арттыратын негізгі факторлардың біріне айналып отыр.

- Қазіргі таңда Қазақстан ауқымды ішкі реформалар мен өзгерістер жүргізіп жатыр. Бұл экономикалық реформалар шетелдік инвесторлар үшін елдің инвестициялық тартымдылығына қалай әсер етуде?

- Қазақстандағы ауқымды ішкі реформалар жаһандық бизнес үшін қуатты әрі оң сигнал болып отыр. Бүгінде шетелдік инвесторлар тек табиғи ресурстар көлеміне немесе нарықтың ауқымына ғана назар аудармайды. Олар институционалдық болжамдылықты, заң үстемдігін, мемлекеттік аппараттың тиімділігін және ең бастысы — реформаларды жүзеге асырудағы үкіметтің дәйектілігін кешенді түрде бағалайды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы экономиканы әртараптандыру, цифрландыру және логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру инвесторлар сенімін арттыратын шешуші факторлар болып саналады. Әсіресе, «Алатау Сити» (Alatau City) секілді ірі девелоперлік жобалар Қазақстанның ресурстық тәуелді модельден шығып, инновациялар, ақылды қалалар, қаржы және логистика салаларындағы жаһандық хабқа айналуға ұмтылып отырғанының жарқын көрінісі. «Алатау Ситидегі» алғашқы инвестициялық жоба ретінде іске қосылған «K-Park» мәдени-іскерлік орталығы кореялық инвесторлардың үлкен қызығушылығын тудырып, технология, энергетика және қалалық инновациялар салаларындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін дәлелдеді.

«K-Park» — жай ғана мәдени кеңістік емес, корей диаспорасының тарихи мұрасын, Халлю толқынын және іскерлік желілерді байланыстыратын символдық платформа. Бұл Қазақстанның тек мықты экономикалық инфрақұрылымға ғана емес, сонымен қатар жоғары деңгейдегі мәдени ашықтық пен инклюзивтілікке ие екенін инвесторларға айқын көрсетеді.

Әрине, бұл тартымдылықты сақтау үшін реттеу жүйесінің тұрақтылығын, сот жүйесінің сенімділігін және әкімшілік ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасуы қажет. Дегенмен қазіргі батыл реформалар бағыты мен ауқымды жобалар Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі инвестициялық орталыққа айналуына қуатты серпін беріп отыр.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2828
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1933