Сәрсенбі, 25 Наурыз 2026
Маңызды 161 0 пікір 25 Наурыз, 2026 сағат 13:16

Қазаққа тұтас қазақ жері – Жерұйық!

Коллаж: Abai.kz

Философия ғылымының докторы, Әл‑Фараби атындағы Қазақ ҰУ профессоры Телебаев Ғазиз Тұрысбекұлымен мерекелік сұхбат.

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Ғазиз Тұрысбекұлы, ел тарихының соңғы бес жылында Түркі әлемі интеграциясы мәселесі қарқынды дами бастады. Әрине, оның негізінде ортақ түркілік дүниетаным жатқаны белгілі. Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз.

Ғазиз Телебаев:

– Түркілік дүниетанымдық дәстүрде Ұлы түркілер идеясы негізгі идеялардың бірі болып табылады. Ең алдымен, бұл идеяда түркілердің кемел қоғам құруға мүмкіндік беретін қоғам туралы түсініктері қамтылған. Сан ғасырлар бойы түркілер осындай кемел қоғамға ұмтылды және ол түрлі атауларға ие болып келді: «Мәңгі Ел», «Өтүкен», «Жерұйық», «Ізгі (қайырымды) қала».  Осындай кемел қоғамның негізгі шарттары ретінде келесі сипаттар көзге түседі:

  1. Дана билеуші;
  2. Әділетті заң;
  3. Тұрғындар арасындағы ынтымақтастық қатынастар;
  4. Тиімді географиялық жағдайлар және басқалары.

Осылардың арасында «тұрғындар арасындағы ынтымақтастық қатынастар» деген сипаттаманы іске асыруда өзіміз кеше сән‑салтанатымен тойлап өткен Наурыз мейрамының орны ерекше. Бұл мейрам ‑ жалпы түркі әлеміне ортақ, көнеден келе жатқан дәстүрлі мейрам.

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Негізі «мәңгілік» ұғымы кез келген империяға, ұлы қағанаттарға тән құбылыс екені анық. Мәселен, әлемдік тарихта өзін «мәңгілік» деп жариялаған аса қуатты Рим империясы болды. Бірақ, уақыт өте ол да күйреді. Бір замандарда біздің арғы тегіміз Ғұндар да еуразиялық кеңістікті тұтас жаулады. Бірақ ол да тарих қойнауына кетті. Берісінде Түркі Қағанаты даңқын шығарды – ол да бөлшектеніп кетті.Жасыл туын желбіретіп Араб Халифаты өмірге келді – көп ұзамай ол да ыдырады... Шыңғыс ханнан бастау алған Ұлы Мыңқол мен Алтын Орда қағанаты пайда болды – ол да ыдырап кетті. Араб елдерін ғасырлар бойы ықпалында ұстаған Осман империясы – ол да келмеске кетті...

Ендеше, осы «мәңгілік» дегеніміз де тарихи өтпелі дәуірлерден құралатын сияқты. Сондықтан, қазіргі заманда осы ұғымды қолдану қаншалықты дұрыс?

Ғазиз Телебаев:

– Бірақ, осы сіз айтқан тарихи жағдайларға қарамастан,  алдымен мына жағдайларға мән берген жөн: ол - «Мәңгі ел» ұғымының түркі дүниетанымында пайда болуы. Тарихи деректерге құлақ ассақ, алғаш рет «Мәңгі ел» сөздері ​Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге (685 – 731) бағышталған бітік таста жазылған көрінеді. Күлтегін ескерткішінің III қапталында былай деп жазылған: «Őtuken Yïš olursar beŋgü el olurtačïsïn (Өтүкен Йыш отырса, мәңгі ел тұта отырушы едің)» [1, 8 жол].

Жалпы түркі дүниетанымында мәңгі ел болу үшін мықты мемлекет құру керек деген ой басым. Мұндай мемлекет төрт жағындағы көрші мемлекеттерді өзіне бағындыруы тиіс немесе олармен достық қарым-қатынас орнатуы керек. Мұндай мемлекетте ел басқаратын Қаған, қол бастайтын Қолбасшы, ержүрек Жауынгерлер болуы тиіс. Мұндай мемлекеттің тұрақты астанасы, билік жүргізетін жері болуы керек. Ең бастысы – мұндай мемлекетті Тәңір қолдау керек!

Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт Ата Сырдария бойындағы оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде X ғасырдың басында дүниеге келген. Тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш – «Қорқыт Ата кітабы» («Китаби дәдәм Корқуд»). Аңыздарда Қорқыт Ата ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші болып танылған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек Отанда ғана болуы мүмкін деген ойға келеді.

Қорқыттың «Мәңгі ел» идеясына қосқан үлесі – оны «мәңгі өмір» тұрғысынан түсінуі, және де «өмір – өлім» диалектикасын ашып көрсетуінде. «Қорқыт Ата кітабында» ол былай дейді: «Өмір дегенің – керуен, бір жерге қонса, ертеңіне көшіп кетеді», «Өмір деген тұрақсыз. Адам бұл дүниеге келеді де, кетеді. Өмірдің ақыры – ажал» [2, 21, 84 бб.].

Қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған «дала философы» Асан қайғы Сәбитұлы (XIV ғасыр). Ол ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкендіктен  Асан атына кейін «қайғы» сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Асан абыздың  ойынша жер үстінде ұжмақ бар, оның аты – «Жерұйық». Бұл елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы, ру таласы жоқ [3, 258 б.].

Осындай мекен барын білген Асанкайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады. Мысалы, Нұра өзенін көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен»; Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен»; «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас») [3, 260-265 бб.]. Аңыздарда Асан ата Жерұйықты таба алмады деген пікір қалыптасқан. Оның мағынасы, менің ойымша, мынада: Қазақстанның тек бір жерін Жерұйық деуге еш негіз жоқ, өйткені ондай жерлер өте көп, сол себептен - бүкіл қазақ жері Жерұйық!

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Қорқыт пен Асанқайғы туралы осы философиялық тұжырымды мен де қолдар едім. Мәселен, Қорқыт «өмірдің өтпелі» екеніне көзі жеткен соң, ол оны өзінің қобызымен «мәңгілік сарын» күйіне салады. Яғни, бұдан «адам өмірі өтпелі болса да, халықтың өнері, рухани дүниесі, мәдениеті мәңгілік» деген тұжырым жасай аламыз.

Ал, Асанқайғы бабамыз жерді бағалай отырып, осы жерді қалай гүлдендірудің жолдарын айтады. Яғни, ол халыққа «отырған жеріңде оңал» деген тәлім айтады. Сондықтан, мен осы екі тұлғаның өсиеттерін жалпы қазақ дүниетанымы мен философиясының екі тармағы дер едім. Осы ойым дұрыс па?

Ғазиз Телебаев:

– Оған үшінші тұлға – Әл Фарабиді қосар едім. Әбу Насыр Әл-Фараби (870 – 950) өзінің еңбектерінде қалалар түрлерін белгілейді. «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» атты еңбегінде «ізгі қала» мен «қажетті қала» деп екіге бөледі: «Ізгі дейтініміз – бұл адамның шын болмысына, оның өмір сүруіне, тамақтануына, өмірін сақтауына байланысты ең үздік табыстарға жету үшін, өз тұрғындары бір-біріне көмектесіп отыратын қала» [4, 165-166 бб.].

Ізгі қаланың, мықты мемлекеттің («мәңгілік ел» бола алатын) екінші негізгі қасиеті – «шын билеуші». Оның «... қалаларды басқарғанда өзі қолданатын өнерде өзі үшін және қаланың басқа тұрғындары үшін басқару өнерінің шегі жеке мақсаты болып табылатын бақыт орнатуды өзінің талабының мақсаты және өмірлік ісі етіп алға қоюшы адам» [4, 167 б.].

Тарихымызда одан өзге де дала философтары бар. Соның бірі ‑ Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн (1020 – 1075).  Ол өзінің әйгілі «Құтты білік» дастанында мықты мемлекеттік тіректері ретінде негізгі төрт принципті атайды:

Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы (Күнтуды патша бейнесі арқылы суреттеледі).

Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек (патшаның уәзірі Айтолды).

Үшіншісі, ақыл-парасат (уәзірдің баласы Өгдүлміш),

Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі (дәруіш Одгұрмыш) [5, 54-55, 60, 80 бб.].

«Құтты біліктің» негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету.  Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан.

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Өте тосын ой екен. Баласағұн бабамыз, қазіргі тілмен айтсақ, қазақтың «адам капиталы» философиясының негізін қалаған екен ғой. Ендеше, келесі «тұлғалық бейне» ретінде айтылатын Алаш ұғымының бастауында осы идеялар жатқаны түсінікті сияқты...

Ғазиз Телебаев:

– «Мәңгілік Ел» идеясының қалыптасуында ерекше орында «Алаш» пен «Қазақ» ұғымдары тұрады. Тарихшылардың пайымдауынша, «қазақ»  этнонимінің бастапқы түрі – «Алаш мыңы». Этнонимнің эволюциясы мынадай бағытта жүрген көрінеді: Алаш мыңы — Алаш — Қазақ. «Қазақтар» термині XV ғасырдың 50-жылдарында Шу мен Талас өзендерінің аралығына Әбілхайырдан бөлініп көшіп барған тайпа топтарына бекітілген. Біртіндеп «қазақ» термині этностық мәнге ие болған. «Алаш» (ежелгі түрік сөзі — бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде  дүниеге келген ұғым. Ақ Орда хандығында бір ұранның астында қазақтардың басы қосылып, ханы Алаша хан, әскері «Алаш мыңдығы», ұлысы «Алаш» атанды.

Кейіннен, XX ғасырдың басында «Алаш» ұғымын біріктіруші күш ретінде Алаш Орда арыстары пайдаланды. Әлихан Бөкейхан «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген «Қазақ» газетіне берген мақаласында былай деп жазады: «Біз Алаш ұранды жұрт жиылып ұлт автономиясын тікпек болдық»; «Партияның ұранына келсек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз» [6].

«Алаштың баласы бұл жолы болмаса да, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болады» [7], - деген Әлихан Бөкейханның болжамы 70 жылдан кейін орындалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Мәңгілік» идеясы қайта жаңғырды.

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Иә, кешегі дүркіреп өткен Наурыз мейрамында ол айрықша көрініс тапты. Дегенмен, әлеуметтік желілерде онымен қатар келген «Ораза айт Наурыздың көлеңкесінде қалып қойды. Қазақтар парсыдан келген Наурызды тойлап кетті» дегендей дінге берілген адамдардың да реніші шығып жатыр. Осыған не дер едіңіз?

Ғазиз Телебаев:

– Наурыз мерекесі қазақ халқының төл мерекесі екендігінде еш күмән жоқ. Сонымен қатар ол басқа елдерде (парсы, үнді, грек) болмаған деу еш қисынсыз. Оның атаулары мынадай болған көрінеді: ежелгі гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардугаш», буряттар «сагаян сара», соғдылықтар «наусарсыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деген.

Қазақ халқына ол түркілік дәстүр арқылы жеткені анық. Сол себептен оны мерекелеуді түркі өркениетінің құндылықтарынан іздеген жөн деп санаймын. Наурыздың үш күнін былай атасақ:

21 наурыз – «Табиғатқа табыну»

Ең бастысы бұл жерде – күн мен түннің теңелуі. Осы уақыттан бастап күннің түнге қарағанда ұзынырақ болуы байқалады. Бұл астрономиялық тұрғыдан жаңа жылдың басталуы.

«Наурыз» сөзін кейбір зерттеушілер (А.Салпагаров) былай түсіндіреді: «нау – жаңа», «рыз (ораза) – уақыт мерзімі, жыл», демек біз қолданып жүрген «наурыз» сөзі түркі сөздерінен тамырын тартқан.

Бұл күні көне түркілік дәстүр бойынша «Отқа табыну», «Тәңірге табыну», «Отпен аластату» сынды ауқымды театрландырылған қойылымдар көрсетуге болады.

Түркілер Тәңірмен қоса Жер-Суға табынған: орхон жазбаларында «Teŋiri, Jer-Sub» бірге аталады. Осыдан «Ақ мол болсын» деген тілек (жерді қымызбен суландыру рәсімі жасауға болады).

Наурыз – бұл жаңарудың, тазарудың мерекесі, сол себептен аулаларды тазарту, көшелерге шығып тазарту жұмыстарына қатысу, «сенбілік» жасау, ағаш егу (аумақтық ауа райын ескере отырып).

Бұл күні сонымен қатар далада ойналатын ұлттық ойындарды өткізуге болады: көкпар, теңге алу, аударыспақ, күрес түрлері, т.б.

22 наурыз – «Отбасыны қадірлеу»

Түркілер, көшпенділер отбасыны қадірлеуді дәстүр ретінде ғасырдан ғасырға жалғастырған. Ұмай анаға табыну сонау орхон-енисей жазбаларынан басталады (жақында Ұмай ананың тасқа қашалған бейнесі Қазақстан жерінен табылды).

Бұл күні отбасымен толық жиналып, бірге болып, әруақтарға тағзым еткен абзал. Ата, әжелер немерелеріне Наурыз туралы айтып беріп, ертегі, жыр, дастан оқып берсе. Отбасыларда Наурызға арналған ерекше тағамдар дайындалса: наурыз көже, сүмәләк, жент, қымыз, шұбат, т.б.

Үйде ойналатын ұлттық ойындарды осы күні ойнаған өте орынды болар еді: тоғыз құмалақ, асық, «хан талапай», т.б.

Жаңару мерекесінде үй-ішінің, ауланың тазалығына көңіл аударған жөн. Жинап тазалаумен қатар үй ішін аластатқан жақсы. Аулаларда, далада отбасылық сайыстар ұйымдастырылса.

23 наурыз – «Ағайынды ардақтау»

Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп бекер атамаған. «Көрісу» мерекесінен бастап ел-жұрт бір-бірінің амандығын сұрасып, көрісіп, қауышып, араласып жатады.

Осы күні сол «Көрісудің» жалғасы іспеттес туған-туыстарды, дос-жарандарды аралап, араласудың жақсы үлгілері көрсетілсе. Міндетті түрде туыстарды аралағанда балаларды, немерелерді алып жүру қажет.

Қазақ қонаққа барғанда құр қол бармайды, сондықтан Наурызға арналған сыйлықтар шығару міндеті тұр. Олар әрине ұлттық нақышта болады. Олар: зергерлік бұйымдар, қолөнер шеберлерінің туындылары, ұлттық ойындар (тоғызқұмалақ, асық), кәде-сыйлар, киім-кешек, т.т.б.

Қорыта айтқанда, Наурыз Қазақстанда ең ұлық ұлттық мерекеге айналуға тиіс. Бұл біздің түркілік дүниетанымымызды көрсететін бірден-бір құбылыс болмақ.  Ендеше сол жолда бізді Тәңірі қолдасын!

Әбдірашит Бәкірұлы:

– Ғазиз Тұрысбекұлы, мәнді‑мағыналы ойларыңыз үшін сізге алғыс! Міне, жерімізге Наурызбен бірге тірішілік атаулының оянуы, бүршік жарып көктеуі бірге келді. Яғни, Ұлы Табиғаттың жаңаруы – Қорқыттың «Мәңгілік өмірі» сипаты, Гүлденуі – Асанқайғының «Жерұйығы» сипаты. Ал, Береке‑бірлік – Әл‑Фараби мен Баласағұн бабаларымыз айтқан Еліктің сипаты десек қателеспейміз ғой деймін.

Әрқашанда еңсеміз биік болсын!

Abai.kz     

0 пікір