Сәрсенбі, 25 Наурыз 2026
Аласапыран 103 0 пікір 25 Наурыз, 2026 сағат 13:38

Араб елдері неліктен Иранға тойтарыс бермеді?

Сурет: vesti.az сайтынан алынды.

Америка Құрама Штаттары мен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы бірлескен әскери операция бастаған кезде, Тегеран бірден кек қайтарып, тек Израильге ғана емес, сонымен қатар Америка Құрама Штаттарымен тығыз байланысы бар Парсы шығанағы мемлекеттеріне де шабуыл жасады.

Бахрейн, Кувейт, Сауд Арабиясы, Катар, Оман, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) нысанаға айналды.

Иран аймақтағы АҚШ әскери базаларына шабуыл жасаумен қатар, азаматтық инфрақұрылымға, соның ішінде әуежай, қонақ үй, тұрғын үйлерге, әсіресе энергетикалық нысандарға шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Дегенмен, бүгінгі күнге дейін Парсы шығанағы мемлекеттері соғысқа тікелей қатысудан қашқақтап, Иранға қарымта шабуыл жасамауды жөн көрді.

«Араб елдерінің көзқарасы бойынша, бұл олардың соғысы емес, кек алу оларды тек «әліптің артын бағушыдан» басты нысанаға айналдырады, мұның артында жеңіліс күтіп тұрғанын біледі», - дейді АҚШ-тың Халықаралық саясат орталығының ғылыми қызметкері Сина Тусси.

Тусси мұндай салқынқанды шешімге «әлсіздік, стратегиялық пайым және аз олжа» себеп болған деп санайды.

Ол Парсы шығанағы мемлекеттерінің экономикасы энергетикалық инфрақұрылымға, кеме қатынасына және инвесторлардың сеніміне қатты тәуелді екенін, әрі «Иранның оларды бұза алатынын дәлелдегенін» атап өтті.

Иранның әлемдік экономика үшін маңызды кеме қатынасы жолдары болып табылатын Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазын үнемі негізгі тетік ретінде кәдеге жарататынын баса айту керек.

Лондондағы Корольдік колледждің қорғаныс зерттеулері кафедрасының оқытушысы доктор Роб Гейст Пинфолд Парсы шығанағы елдерінің аймақтағы діні бөлек Израильмен бірге алғы шепке аттануы мүмкін емес екенін, «осы жолы Израиль Америка Құрама Штаттарын соғысқа сүйреп апарды» деген пікірдің терең орныққанын айтады.

Пинфордтың пікірінше, Парсы шығанағы елдерінің көптеген көшбасшыларының шешіміне АҚШ бастаған Ирақ соғысының салдары әліде терең әсер етуде.

2003 жылы АҚШ Иракқа басып кіріп, Саддам Хусейннің режимін жылдам құлатты. Алайда, одан кейін билік вакуумы, көтеріліс, секталық зорлық-зомбылық және Ирак пен одан тыс аймақта жылдар бойы тұрақсыздық орнады.

«2003 жылдың елес әлі кезіп жүр», - дейді Пинфорд.

Оның пікірінше, АҚШ әскери базалары мен әскерлерін орналастырудан басқа, кейбір Парсы шығанағы мемлекеттері барлау мәліметтерімен бөліседі және АҚШ-тың әуе қорғаныс жүйелеріне сүйенеді. Парсы шығанағы шенеуніктері бұл жүйелер Иранның зымыран шабуылдарының көпшілігін тоқтатқанын айтады.

Дегенмен, Пинфорд Парсы шығанағы көшбасшылары әлі де дипломатия шабуылдарды тоқтатудың жалғыз жолы деп санайтынын мәлімдеді.

Пинфорд Иранның Парсы шығанағының барлық мемлекеттеріне «бірдей дәрежеде» шабуыл жасамағанын, бұл оның әр елмен қарым-қатынасының әртүрлі екенін көрсетеді деп атап өтті.

БАӘ бұл қақтығыста ең жиі шабуылға ұшыраған елдердің бірі болды. 2020 жылы БАӘ де, Бахрейн де Израильмен қарым-қатынастарын қалыпқа келтірді.

Керісінше, Иран мен Батыс арасында ұзақ уақыт бойы делдалдық рөл атқарған Оманға Иран әлдеқайда аз шабуыл жасады.

Пинфорд: «Оман Иранның жаңа Жоғарғы Көшбасшысын (Моджтаба Хаменеиді) құттықтаған жалғыз Парсы шығанағы мемлекеті болды, басқалары құптамады», - деп атап өтті.

Дегенмен, Дубай қоғамдық саясатты зерттеу орталығының бас директоры Мохаммед Бахарун: «Иран Парсы шығанағы мемлекеттерін Иранға қарсы кеңейіп келе жатқан одаққа итермелейді», - дейді.

Ол: «Парсы шығанағы мемлекеттеріне шабуыл жасау арқылы Иран оларды дұшпанға айналдырып, ешкім қаламайтын үлкен соғысты тұтандыру қаупінде тұр», - дейді.

Парсы шығанағы елдерінің көзқарасын өзгерте алатын тағы бір сценарий - Иранның аймақтық өкілдерінің оларға тікелей шабуылы.

«Егер оларға хуситтер шабуыл жасаса... бұл жаңа майдан ашады», - деді Пинфорд.

Бұл сценарийде Парсы шығанағы елдері қақтығысты тек АҚШ пен Израиль арасындағы мәселе ретінде ғана емес, сонымен қатар өздеріне қатысты мәселе ретінде қабылдауы мүмкін. Қалай болғанда да, Парсы шығанағы елдері қазір кек алмаса да, Пинфорд Иранның стратегиясы «өте қауіпті» деп мәлімдеді.

«Иран Парсы шығанағы елдерімен барлық байланыстарын бұзып жатыр, бұл Иранның бұл қақтығысты өмір мен өлім мәселесі ретінде қарастыратынын көрсетеді», - деді Хия. Ол Парсы шығанағы елдері Иранның шабуылдарын, әсіресе азаматтық нысандарға қатысты шабуылдарына үнсіз қарап отыра бермейтінін де атап өтті.

Сайып келгенде, ол Иранның Парсы шығанағы елдері арқылы Вашингтонға қысым жасату стратегиясы кері әсер етуі мүмкін деп санайды.

«Олар (Парсы шығанағы елдері) бастапқыда Иранға қарсы АҚШ-Израиль соғысына қарсы болғанымен, енді өз қауіпсіздігіне Ираннан келетін қауіп күшейгендіктен АҚШ-тың әскери әрекеттерін қолдау – Иранды тоқтатудың жылдам жолы болады деп санауы мүмкін».

Дереккөз: BBC

Abai.kz

0 пікір