Бейсенбі, 2 Сәуір 2026
«Соқыр» Фемида 149 0 пікір 2 Сәуір, 2026 сағат 14:46

Иран құрамасы АҚШ-қа бара ма?

Суреттер: википедия және DeFodi Images/DeFodi Images дан алынды

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино футболдан Иран құрамасының Түркия жеріндегі жаттығу базасына келіп, командамен жеке кездесті. Содан соң «Иран футболшылары АҚШ-та өтетін әлемдік доп додасына қатыса алады» деп мәлімдеді. Бірақ мәселе ол ойлағандай толық шешіле қоймаған сияқты.

Үш елде – АҚШ-та, Мексикада және Канадада ұйымдастырылатын 2026 жылғы әлем чемпионатының басталуына екі айдан сәл-ақ астам уақыт қалды. Соған қарамастан доп додасына қатысатын 48 команданың бірінің – Иран құрамасының футбол тойына бару-бармауы әлі неғайбыл. Себеп белгілі – АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғыс қимылдары, оған жауап ретінде Иран жағының көрші елдердегі америка әскери базаларын атқылауы, өзара келіссөздердің тұйыққа тірелуі, жағдайдың тез арада реттелмек түгілі, қайта ушыға түсуі.

Осы тұрғыдан келгенде АҚШ президенті Дональд Трамптың жан досы секілді жанынан үйіріліп шықпай жүрген Дж.Инфантиноның соғыс жағдайына орай қауіпсіздік үшін түрік жерінде жаттығып жатқан Иран футболшыларының базасына арнайы ат басы бұруы – түсінікті жайт. Иран құрамасы кеше сол жерде Коста-Рика командасын 5:0 есебімен ұтты. Бұл ойынды әлем футболының басшысы өз көзімен көріп, тамашалады.

Мұның алдында Иран футбол федерациясының басшысы Мехди Тадж ФИФА президентіне арнайы хат жазып, «Иран Ислам Республикасының қасиетті топырағына басып кірген дұшпанның әрекеті кесірінен бейбіт тұрғындардың, оның ішінде қаншама балалардың қаза тапқанын, басқа да инфрақұрылымдық шығындардың сыртында бірнеше футболшының да опат болғанын, спорт сарайларының, әсіресе Иран ұлттық футбол орталығы ғимаратының быт-шыт боп бүлінгенін» сөз еткен. Сөйтіп, сыртқы жау агрессиясының салдарынан ел футболына тиген зардаптың ауқымын саралауға шақырған.

«Жау шабуылдарының салдарынан Иранның футболдан, футзалдан және жағажайдағы футболдан түрлі жастағы 18 ерлер және әйелдер құрамаларының оқу-жаттығу жиындары өтпей қалды. Жас футболшылардың шеберлігін шыңдау жұмыстары тоқтап тұр. Әрине, өз перзенттерінің өліміне қайғырып, аза тұтып, жоқтау айтып жатқан аналардың көз жасын көре отырып, мұндай жайттарды сөз етуім жөн емес шығар, алайда мен өзім басқаратын саладағы қиындықтарды сізге мәлім етуім қажет екені де анық» делінген М.Тадждың хатында.

Хатты ала сала Иран футбол құрамасының жаттығу базасына ұшқан Инфантино команданы қолдап-қуаттауға тырысқан. «Әлемдік футбол қоғамдастығы сіздермен бірге. Мен жағдайларыңыздан хабардармын, кез келген адам секілді, перзенттерінен айрылу ата-ана үшін сұмдық соққы екенін түсінемін. Мұндай ахуалда футбол әлемдегі барша адамдар үшін жағымды рөл ойнай алады. Біз саясатпен айналыспаймыз, өйткені саясаткер емеспіз. Біздің жұмысымыз – футбол, сол футболдың көмегімен адамдарды біріктіруге, табыстыруға ұмтылу. Мен Иран командасының кешегі жеңісіне керемет сүйсіндім. Сіздердің футболшыларыңыз былтырғы іріктеу кезеңінде де жақсы ойнап, финалдық турнирге жолдаманы әділ жеңіп алды. Енді доп додасының сол шешуші сынына баруы, қатысуы қажет деп білемін» депті ФИФА президенті.

Ең қиыны – чемпионатты үш ел бірігіп өткізгелі жатқанымен, Иран құрамасы жеребе бойынша өз тобындағы үш ойынын да АҚШ аумағында ойнауға тиіс. Мехди Тадж алдыңғы бір сөзінде: «Біз елімізге соғыс ашқан агрессор елдің жерінде доп тебуді жөнсіз деп санаймыз. Иран командасының ойындарын көрші Мексика қалаларына ауыстыруды талап етеміз» деп мәлімдеген болатын. Мексикадағы ұйымдастыру комитетімен келіссөз де жүргізе бастаған-ды. Мексика президенті Клаудия Шейнбаум тіпті Иран командасының ойындарын өз елінде өткізуге қарсы емес екенін білдірген екен.

Алайда бұған ФИФА қарсы боп отыр. Джанни Инфантино: «Бұл мүмкін емес. Билеттері сатылып кеткен ол ойындардың алдын ала жоспарланып қойған орындарын ауыстыруға енді кеш. Иран футболшылары АҚШ қалаларында ойнайды» деп кесіп айтты.

...Күні кеше Иран спорт министрлігі жаңа өкім шығарды. Онда елдің ұлттық және клубтық спорт командаларының «дұшпан мемлекеттердің» аумағында өтетін жарыстарға баруына тыйым салынған.

Сонымен Иран футбол командасы АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына бара ма, бармай ма? Әзірге ештеңе анық болмай тұр.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір